Отбасының ұйытқысы, қоғамның қуатты күші

Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысын облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова жүргізіп отырды. Аталмыш шараға әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссияның өкілдері мен бірқатар қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру туралы Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысы жайлы айтып берді. Қалалық комиссияның төрайымы әр саладағы көшбасшы нәзік жандыларды атай келіп, қуантарлық деректерді мысалға келтірді. Бүгінде қаладағы мемлекеттік органдарда қыз-келіншектердің үлесі 53 пайызды құрап отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау мен білім беру саласында, биліктің үш тармағында, бизнесте олардың үлесі жыл санап көбеюде. Қандай қызметте болса да өз міндеттеріне жауапты қарайтын нәзік жандылар өзгелерге үлгі көрсетуде. Шағын және орта бизнес саласында олардың 30 пайызы жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері әйелдердің 28 пайызы микрокредит алуға қол жеткізген. Қала бойынша 285 әйел әлеуметтік жұмыспен қамтылған, 87-і кәсіби дайындықтан өткен. Бүгінде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 132 мүгедек балаға қызмет көрсетілуде. Мұндағы білікті мамандар ата-аналармен психологиялық тренингтер, кеңестер өткізеді. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 132 отбасының 23 пайызы – толық емес отбасылар. Қала әкімінің бастамасымен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Мейірім» орталығы ашылды.
Биыл 1306 жас отау құрса, оның 599-ы жыл өтпей жатып ажырасуға өтініш берген. Гендерлік саясатты насихаттау, зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы жастар тәрбиесі туралы басқосуға жиналғандар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Биылғы жылдың 8 айы ішінде әйелдерге күш көрсетуге қатысты 22 факт орын алған. Зардап шеккен әйелдерге құқықтық, психологиялық көмек көрсетіліп, олардың мүддесін қорғайтын бөлімшеге жәрдем сұрап хабарласатындар көбіне-көп өздерінің күйеулерінен немесе азаматтық некеде тұрып жатқандардан көбірек соққы көруде. Өкінішке орай, жәбірленуші арыз жазған жағдайда тергеу амалдары, медициналық сараптаманың қорытындысы шығып, сот іс қарағанша бірнеше айдың жүзі өтеді. Ал, осы уақыттарда жапа шеккен адам өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен адаммен бірге тұруға мәжбүр болады. Оның үстіне сотта көп адамдар куә болудан бас тартады, ал, кәмелетке толмаған балалар куә бола алмайды. Осы орайда 2018 жылы біздің өңірде жәбірленушіге психологиялық көмек көрсететін дағдарыс орталығын ашу мәселесі қаралу үстінде.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова әлеуметтік саясаттың маңызды бір бөлігі әйел мен бала денсаулығын сақтау, медициналық көмек көрсету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Өңірде сәбилердің дүниеге келу көрсеткішінің өсіп келе жатқанын айта келіп, ана болу жасындағы әйелдердің денсаулығын жақсарту, ана мен сәби өліміне алып келетін аурулар мен әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі кеңестерін ортаға салды. Оның айтуынша, облыста бала тууға қабілетті жастағы 169237 әйел тіркелген. Олардың 11 пайызының денсаулығында кінәрат бар. Әйелдер денсаулығын жақсарту мақсатында емханаларда жатыр мойыны және сүт безі қатерлі ісігіне қарсы скрининг жүргізілуде. Жүкті әйелдерді тіркеуге алып, оларға медициналық көмек көрсетіледі. Алайда, емханаларда жоғары санаттағы білікті мамандар тапшы. Биыл бедеулік диагнозымен есепте тұрған 37 ерлі-зайыптылар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолданды. Осы уақыт ішінде ЭКҰ арқылы 52 нәресте өмір есігін ашқан. Облыс бойынша соңғы 9 ай ішінде 70 сәби сәтсіз жағдайлар себебінен көз жұмған.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыстық комиссияның назарын алдымен тұрғындардың, соның ішінде әйелдердің жұмыспен қамтылуы, саламатты отбасы, отбасы құндылықтарын сақтау мәселелеріне, әйел мен бала денсаулығын нығайту, отбасылық және адамгершілік құндылықтарына тәрбиелеу мәселелеріне аудартып, осы бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды. Сонымен қатар отбасылық және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Мәжіліске қатысушылардың назарын әйелдердің жұмыспен қамтылуы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мәселелеріне де аударды. Отбасын нығайту жұмысы негізгі міндеттердің біріне айналуға тиіс. Бұл жерде неке және отбасы институтын нығайтудың, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен сақтаудың айқын дәлелі болып табылатын «Мерейлі Отбасы» ұлттық конкурсы маңызды рөл атқарады. Аталған байқауға Көкшетау қаласынан 19 отбасы қатысқан.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс