Отызында орда бұзған ойшыл

Омбы кадет корпусында оқып жүрген кезде Шоқан қазақ халқының тарихи аңыздарын жинауды ойлаған еді. Потаниннің естеліктерінде оның қазақ халқының аңыздары мен ертегілерін зерделеу арқылы Шығыстың көне тарихына жаңалық енгізуді үнемі армандап жүретіні айтылады. Шоқан қазақтың ертегілерін, өлең-жырларын жинап қана қоймай, бірінші болып зерттеген ғалым.

Ал, «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыз-əңгімелер» деген шығармасында (тарихи очеркінде) бабасы Абылай ханға байланысты көптеген аңыздар мен жырларды топтастырған. Ол онда ханның жəне оның кейбір жортуылшы батырларының басынан кешкен оқиғалар туралы аңыздарды мысалға келтіреді. Бұл аңыздарда ол Абылайды да, оның батырларын да мадақтап, дəріптеуді мақсат тұтпайды. Қайта халықпен байланыстағы қайсыбір тұстарына сыншыл көзқараспен қарайды. Зерттеуші сол материалдарды 14 тарауға бөліп, Абылай туралы аңыз-жырлардың мазмұнын орысша баяндаған:
1. Шығармада отыздан астам тарихи адамның аты аталады. Олардың екеуі жырау (Бұқар, Тəттіқара) – ел басына күн туған қысылтаяңда халықты рухтандырушы, батырларға күш-қайрат қосушы ақылгөй кемеңгерлер. Екеуі би (Қазыбек, Ерден); қазақ ханы Абылай мен жоңғар (ойрат) ханы Галдан-Церен; өзгелері кілең ел қорғаушы асқан батырлар, бұған қоса жауынгерлер, бұқара халық.
2. Оқиға жоңғар шапқыншылығына қарсы алдын ала аттандырған 1000 адамдық барлаушылардың кешігуінен, олардың тағдырына алаңдаған Абылайдың жанындағы Бұқар жырауға тіл қатуынан басталады. Барлаушылар екі топқа бөлінген: оның бірін – Қанжығалы қарабұжыр Жантай батыр, екіншісін – Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр бастап кеткен. Олардан ұзақ уақыт хабар болмаған соң, Абылай Бұқар жыраудан батырлардың тағдыры жайында сұрайды. Сонда жырау: «Жантай барады, барып ұлысты шабады, күлін көкке ұшырып, Жантай əкелген ақша бет қызды хан Абылай алады», – деген екен.
3. Бірде Абылайдың жасағы қытайларға қарсы ұрыста қорқып қаша бастапты. Сонда Тəттіқара жырау қазақтарды жырмен жігерлендіре келіп: «Жау қытайлардың аттары болдырды, жоқ хан Абылай қашпады, «қашты» деген дұрыс емес, ол тек қиғаш тартты», – депті. Осы сөзді естіген бəсентиін Сырымбет батыр жəне уақ Баян батыр кескілескен ұрыс салып, жеңіске жетіпті.
4. Абылай үйсін биі Ерденді бір қателігіне бола жазалау үшін оның ауылын шабуға қол жинайды. Бұл жолы ханның қатулы болғаны соншалық, қасына жақындауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Сонда халықтың өтінішімен хан алдына Бұқар жырау барып, былайша толғайды: «О, Абылай, Абылай! Сенің сөздерің арсы мен гүрсі сияқты тау-мен таласып гүрілдейді; сенің босатқан құлдарыңның бес қақпасына да сыймайды. Алатауға барыңыз, ашуыңызды басыңыз, ашуыңызды бассаңыз, боз шекпенді құлыңыз Ерден сіздің алдыңызға 80 түрлі ат-шапан айыбымен келмей ме?» – деген екен.Сонымен, жыраулар бейнесі, олардың тапқырлығы Шоқанның бұл туындысында келісімді шешім тапқан.
5. «Аңыз бойынша, Түркістаннан шыққан Абылай бірде ең жақын туысқаны Əбілмəмбет ханның ордасына туысы Оразбен бір атқа мінгесіп келеді жəне біраз уақыт бойы қарауыл руынан шыққан дəулетті қырғыз жақсылық Дəулетбайдың қызметінде болып, жылқысын бағады. Дəулетбайдың əйелі жат жерліктің өздері ұсынбайынша, ешқашан да тамақ сұрамайтынын байқайды, ұсынған та-мақты да ықылассыз алатынына жəне ешқашан кір ыдыстан ас ішпейтініне қатты таңданады. Бұл қырғыздарға мүлдем тəн қылық емес. Бұған қожайын да назар аударады, сонда ол Оразды тергеп, оның шыққан тегін білген соң, ең жақсы атын мінгізіп, Əбілмəмбет ханға алып барады. Бұл ат əйгілі Шалқұйрық болатын… Абылайға батыр атағын əперген осы Шалқұйрық болатын».
6. Абылай үлкен айқастарда, шешуші сəттерде жекпе-жекке өзі де шығып отырғаны белгілі. Жоңғарлармен соғыста Галдан-Цереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтірген Абылай тұтқынға түседі. Онымен бірге бірнеше би, атығай руының атақты батыры Жапақ сүйікті баласының қазасына қайғырып отырған Галданның алдына əкелінеді. «Менің ұлымды қай жерде өлтірдің?» – деген сұраққа Абылай былай жауап береді: «Сен мені айыптап отырсың, бірақ оны өлтірген халық, мен тек сол халықтың қалауын орындап Шаршының (Шарыштың) басын алдым», – депті. Галдан бұл жауапқа разы болыпты.
7. Үш ордадағы барлық батырлардың ішінен ең құрметтейтінің кім? – дегенде, Абылай: «Өзімнен бұрынғылардан Қалданның (Галдан-Цереннің) тұтқынынан 90 адам алып шыққан қаракесек Қазыбек пен өз адамдарын тұтқыннан босатып алған уақ Дербісəліге қатты таң қаламын. Біріншісі, Қалданның алдына өзі барса, екіншісі, ауылында отырып, жауын ықтырған. Менің батырларымның ішінде бəсентиін Малайсары байлығы мен батырлығы жағынан, ал уақ Баян ақылы мен ержүректігі жағынан барлығынан артық», – деп жауап қайтарыпты.
8. Абылай хан тұтқынға түскенде, Галдан-Церен одан: «Қай патшаны жоғары санайсың?» – деп сұрапты. Ол сонда: «Қондакерді, орыстың ақ патшасын, Ежен ханды, содан кейін өзімді», – депті. «Мен ше, мен?» – деп кеудесін ұрыпты Галдан. «Аз халықты басқарсаң да, көп халыққа бергісізсің», – деген екен Абылай.
9. Қашқан торғауыттардың соңғы жортуылына қарсы күрес халық аңызында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Оған сансыз көп адам қатысқан. Хан өзінің орнында қозғалмай тұр; ол басқа батырлардың көңіліне келетініне қарамастан, ержүрек Баян батырды тағатсыз күтуде. Ақырында 540 адамымен оралған ол ханның алдына келіп: «Қайда, не бұйырасың, мен орындаймын», – дейді. Хан халыққа арнап: «Міне, менің Баянды неге ұзақ күткенім», – деп түсіндіреді. 500 əскерімен 10 мың қалмаққа қарсы тұрған Жантай батырдың қаһармандығын, өлер алдында атынан түсіп баласы Тоқышқа бергенін, тірі қалған 8 адамға: «Үйге қайтыңдар, мен жауымды тосып қалайын», – деп барып құлап түскенін естігенде, Абылай: «Қайран қайыспас қара болатым-ай!», – деп көзінің жасын тия алмайды. Бұл басшы мен батырдың, батыр мен халықтың арасындағы мүдде бірлігін танытар көркем шешім.
Қорыта айтқанда, ғалым бұл еңбегінде тарихи жырларда, аңыздарда есімдері зор сүйіспеншілікпен айтылатын тарихи тұлғаларға, олардың қаһармандығына ғылыми дəлдікпен көркем барлау жасаған. Он төрт тармақтан тұратын ғылыми, тарихи очерктің көтеретін жүгі, берер мағлұматы қайсыбір «роман», «повесть», деп айдар тағылып жүрген қалың кітаптардан əлдеқайда салмақты. Қорғасыннан құйылғандай шып-шымыр, көлемі шап-шағын осы бір алтын қазыналы туынды əзірге өз бағасын ала қойған жоқ.
Шоқан Шыңғысұлының
қазақ тарихына қосқан үлесі

Ш.Уəлихановтың шығыс, батыс халықтарының тілдерін білуі əртүрлі қайнар көздерге сүйеніп, көне жазбаларды, жылнамаларды салыстыра зерттеуге, тарихи шындықты ашуға мүмкіндік туғызды. Ғалым өз ойын нақты дəлелдеу үшін Орта Азия халықтарының тарихын көп зерттеген Жолбарыс əулетінен шыққан Əбілғазының «Түрік шежіресін» толықтыра түсу мақсатында «Қырғыз (қазақ) шежіресі» еңбегін жазған. Ғалым: «Қазақтар қазақ даласында пайда болған тайпалар одағына қосылды деуге болады. Көшпелі далалық тайпалардың жалпы қасиеті мен мұрасы – көшпелі дала тұрмысы мен жаугершілікке бейімділіктен жаңа одақ – олардың жаңа ұрпақтары қазақ қалыптасты. Бұл ұғым «Шайбанинаме» деректеріне қарап сол кезде құрметті деген мəн-мағынаға ие жəне Еуропадағы рыцарьлыққа сəйкес келетін – көтеріңкі рухты, парасаттылықты білдіреді деуге болады. Далалық көшпелінің өзінің қалалық көрші туыстары, өзбек, ноғайлардан айырмашылығы – көшпелі, даланың еркін адамы қазақ деген атты мақтаныш тұтқан, – деп баяндап, сол кездегі көптеген автордың еңбектеріне шолу жасады. Олардың деректерін шежірелермен салыстырды.
Шоқан Шыңғысұлы қазақтың төл шежірелерінен бастап, əлемдік жəне орыс шығыстанушыларының еңбектерінен қазақтың шығу тегі мен «қазақ» атауының түп-тамырын көп іздеген. Зерттеу барысында ол өз мақаласында «Алаш» ұғымын қазақтың жалпы есімі деп тапқан: «Ерте ертеде, Тұранда Абдулла есімді хан болыпты, басқа бір аңыздарда оны Абдул-Əзиз хан деседі, осы ханның алапес ауруына шалдыққан Алаша есімді ұлы болыпты. Осы жұқпалы аурумен ауырғандардың барлығын елден аластатын көнеден келе жатқан салтты орындай отырып, əкесі алапес баласын елден аластатады. Сол заманда Абдулла ханның асқан қаталдығына төзбеген ашыққан адамдар Сыр өзенінің солтүстігіндегі далаға, Қарақұм мен Борсық құмдарына кетіп, қазақылық жасай бастады. Олардан шыққан батыл да ержүрек батырлардың саны үш жүзге жетіп, тез арада қуатымен жəне байлығымен танымал болды. Бірнеше жылдар өтіп, күйзеліс басталады: қазақтардың қонысы көршілермен ұдайы болған соғыстарда жеңіліс табады. Даланың еркін елі аштықты сезініп, ағайын арасындағы бассыздық пен алауыздық оларды ыдыратып, өзара соғысқа алып келеді. Ыңғайлы уақытты пайдаланып Абдулланың өзі бейбақтықты соңына жеткізудің жолын қарастырды, оларды біржола құрып кетуден көрегендіктің күші ғана құтқарды. Осындай қиын-қыстау жағдайда екі жүздіктің ішінен Алаш (жатжұрттық) деген дана қарт шығып, соншалық көңілге қонарлық сенімді ақылды сөз айтқаны сондай, қазақтар оны өздерінің рубасы, қазысы етіп сайлайды жəне оның ақыл-кеңесімен Абдулла ханның елден аласталған алапес ұлы Алашты шақырып хан сайлайды. Осылайша, даланың кезбе қазақтары енді салауатты қоғам мен ұлтқа (егер көшпелілерді осы сөзбен атауға лайық болса) айналады, өздерінің жеке тəуелсіздігі құрметіне өздерінің ханы Алаш пен рубасы əрі қазысы Алаштың есімдеріне естелік үшін Алаш немесе жүздіктің санына (үш жүз) қарай Үш Алаш атанады. Бірақ олардың сырттай қайта құрылуына қарамастан, көршілері мен Абдулланың өзі де əлі де болса оларға кезбе қарақшылар сияқты қарады, Алаш, Алаштың ұлы, тұтастай үш жүз барлығы Абдулла еліндегі аштық пен ауруды пайдаланып, өздерінің тəуелсіздігін жазбаша мойындатқан уақыттан қазақ деген олардың атауы қалған. Осылайша, Алаш ел болды. Алаша сол елдің ханы болды», – деп жазады ғалым. Ол осы еңбегінде қазақты сұлтан, қожалардан айырып көрсеткен: «Қазақтарда Шыңғыстың ұрпақтарын сұлтандар мен хандарды – ақсүйектер, ал Мұхаммедтің ұрпақтарын қожалар деп атаған. Ақсүйектерден айыру үшін жай халық өздерін қара халық деп атаған. Сұлтандар ешқашанда Алаш қауымының адамы қатарына жатпаған. Сол замандарда болып тұрған халықтық жиындарда «Алаш» деп айқайлаған ұранға тек таза қанды қара қазақтардың барлығы көтерілген, ал сұлтандар мен олардың əрдайым қалмақтар мен қазақтардан құралған құлдары бір шеңберге жиылып, «арқар» деп ұрандаған. Дегенмен, қазақтардың: «Сұлтансыз ел болмас, уықсыз үй болмас» деген мақалы жеке халыққа, елге жеке билеуші қажет деген халықтың пікірін байқатады, бірақ көпшілікке сұлтандардың ешбір əсері болмаған. Қазақтар: қожалар – сарттар, ал сұлтандарда мал бағуға, қорқытуға тиісті… жəне көзделген мақсаттың орындалуы үшін қойылғанын тұспалдап түсіндіре отырып, осылай құлға ұқсатып сұлтандар біздің құлымыз, – дейді. Шынында, халықты рубасылары басқарды, хандар халықтың қалауын орындайтын болған. Қара халық наразы болған жағдайда оларды орнынан алып тастайтын», – деп ойын түйіндейді.
Шоқан XIV ғасыр тарихшысы Рашид ад-Диннің парсы тілінде жазылған атақты шежіресін XVI ғасырда түрлі түсініктемелермен толықтырған. Халқымыздың дəстүрлі шешендік өнерін жақсы меңгерген қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыридың «Жəми-ат-тауарихын» тарихи құнды мұра ретінде бағалап, оны жан-жақты зерттеген Шоқан Уəлиханов кітаптың негізгі тілі қазақша екенін нақты деректер келтіре отырып, бұлтартпастай дəлелдеген. Еуразия халықтарының ішіндегі ең көне, ең батыл, ең дархан халықтардың бірі – қазақтар көптеген тарихи-этникалық даму сатыларынан өтіп, бірігудің нəтижесінде пайда болды. Іріктеліп, сұрыпталған жа-уынгер қазақ ру-тайпалары біртіндеп тарих сахнасына шығуға бағыт алды. Шу бойында Қазақ хандығының құрылуы қазақ атымен аталатын мəдениетті, өнерді, əдебиетті туғызуға негіз қалады. Бұл туралы Ш.Уəлиханов өз еңбегінде былай жазады: «Аласапыран замандарда, Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары құрылар алдында, талап-тонау, бүліктер нəтижесінде жан-жаққа жəне əр түрлі елдерге бөлшектелген Алтын Орда мен Шағатай ұлыстарының алғашқы тайпалары өздерінің қоныстанған жерлерінде өздерінің құқықтарын қамтамасыз ету үшін одақтар құрған жəне Шыңғыс тұқымдарынан əйтеуір бір ханзаданы шақырып, хан көтерген. Осылайша, тəуелсіз əртүрлі тайпалардан тұратын рулардан өз алдына бөлек саяси қауым құрылады. Сарайшықта – Ноғайлы, Моғол ұлысы – Ташкентте, Сейхун даласында – Қырғыз [Қазақ] хандығы ордаларының негіздері қаланып құрылды. Осы болжам, шындығында, қазақ руларының тамаша құрамын құрайды, олардың арасынан сіз Алтын Орда қыпшақтарын да, Шағатай ұлысының арғындарын да, ұйғырлар мен жоңғарлардың көршілестері үйсіндерді де кездестіресіз… Қырғыз [қазақ] халқы (өздерін осылай атайды, көршілес қырғыздар да оларды солай атайды) үш жүзге бөлінеді; орыстар оларды Үлкен Орда, Орта Орда, Кіші Орда (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз) жəне жол үлкендігіне қарай Ұлы, Орта жəне Кіші жүздік деп атаған. Ұлы жүзді немесе Орданы, төрт негізгі рулар құрайды: дулат, жалайыр, абден (албан), суан; барлығы біртұтас ортақ атаумен өздерін үйсін деп атайды; кейіннен жоңғарлар мен ұйғырларға қосылған, осы орданың жоғарыда аттары аталған рулар одағына кірген қуатты тайпа үйсіндердің атымен аталуынан шыққан; олардың қалдықтары қазір де бар, сонымен қатар бір бөлімі ретінде дулат руының құрамына енген, сары үйсіндер деп аталады. Орта Орда қайсақтарын құрайтын рулардың негізгілері – арғын, қыпшақ, қоңырат, найман; осы жүзге кейін қосылған екінші дəрежелі рулар жетіру қазақтарда уақ пен керей деп аталады. Кіші Орданы: əлімұлы, байұлы атты екі үлкен бірлестік пен жетірудың бірі құрайды; Ұлы жүздегі үйсіндер сияқты алшын – бүкіл Кіші жүздің ортақ атауы», – дейді ғалым.
Ш.Уəлиханов зерттеулерінің үлкен бір саласы қазақ халқының шежіре, аңыз-əңгімелерімен сабақтасады. Шоқанның бір ерекшелігі – ол үнемі өзі жүрген, аралаған жерлердің тарихын, этнографиясын, жаратылысын, салт-дəстүр, əдет-ғұрпын түгел қамтып жазады да, сол еңбектерді үнемі қызықты шежіре, тартымды аңыз-əңгімелермен толықтырып, безендіріп отырған. Мұның өзі ұлы ғалымның еңбектерінің тереңдігіне де, көркемдігіне де үлкен əсерін тигізген.

Мұрат ҚАЗЖАНОВ,
Ақан негізгі мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий