Отырар тарихы – халық қазынасы

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Фараб-Отырар өркениеті» тақырыбындағы көрмеде ІХ ғасырға тән археологиялық жәдігерлер мен ХІХ-ХХ ғасырлардағы этнографиялық зергерлік бұйымдар жиынтығынан жәдігерлер экспозицияланып, көрермендерге өңір тарихынан мәлімет беретін деректер қамтылған.

Бірнеше жүздеген жылдар бойы өз атауын сақтап келген Отырардың көпжылдық тарихы бар екендігі 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының зерттеуі барысында анықталды. Отырар – XVIII ғасырға дейін өмір сүрген көне қала. ХІІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығына ұшырап, XIV ғасырда еңсесін қайта тіктеп алды. Мұнда зәулім сарайлар мен мешіттер бой көтерді. Түркістанның басқа қалалары сияқты Ақ Орда хандары да Отырарда жаңа құрылыстар салды. Осы кезде бұл қала сауда мен кәсібі дамыған үлкен орталыққа айналды. Қазақ хандықтары тұсында, Отырар шайбанидтермен Түркістанды иелену үшін болған үздіксіз қақтығыстар тұсында, яғни XV ғасырдың аяғында, осы уәлаятта өзінің әкімшілік орнын жоғалтқан жоқ. Себебі, Отырар, Түркістан қалаларының ішінде өзінің шаруашылық, әрі саяси орнын, қазақ хандықтарының қалыптасу, өркендеу барысында тарихи рөлін сақтап қалды. XVI ғасырдың соңында Отырар толық қазақтарға, қазақ хандығының құрамына өтті. Киелі шаһар XVII-XVIII ғасырлардың өзінде тарихтан ажыраған жоқ. Қазіргі таңда да археологтардың астанасы болып, тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып келеді. Отырар қаласының тарихымен көкшетаулықтар Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде 17 мамырда ашылған көрме мұрағаттары арқылы жақынырақ таныса алады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс