Отың өшпесін, «Мәңгілік алау»!

…Ұлы Отан соғысына қатысқандар саны жыл санап азайып барады. Қаламызда ондай батырлардың алтауы ғана қалыпты. Тоқсанның үстіне шыққан олардың балалар, жастармен кездесуге келер денсаулықтары жоқ. Ардагерлер бұрындары соғыс кезінде бастарынан кешкен қиындықтарды, өздері, майдандас достары істеген ерліктерді баян ететін. Бейбіт күннің, тыныш өмірдің қадір-қасиеті туралы әңгімелейтін.

Енді, міне, кейінгі ұрпақ соғыс куәгерлерінің өз ауыздарынан ондай әсерлі естеліктерді ести алмайтын, оларға сұрақ қойып, жауап ала алмайтын болды.
Бізге мектепте, университетте Ұлы Отан соғысының ардагерлері сабақ беретін, қызметте, қоғамда қамқорлап, ақыл-кеңестерін айтатын. Қоғам үшін әлдебір ортақ іске білек сыбанып атсалыспауға, көпшілік жұмысқа үлес қоспауға, сенбіліктерде санаспай серпінді қимылдамауға олардан ұялатынбыз. Әр қадамымызға ақы сұрауды ар санайтынбыз. Өйткені, алдымызда, жанымызда Отан үшін от кешкен, мұз жастанып, қар жамылған ардагерлер жүрді ғой!.. Иә, олардың қай жақсылығын, қай ірілігі мен мәрттігін айтып жеткізерсің?! Мемлекеттің жұмысын өз жеке жұмысындай жанашырлықпен атқарып, қоғам мүлкін көздің қарашығындай сақтаушы еді. Қаншалық қиын, ауыр тисе де өзіне жүктелген тапсырманы тап-тұйнақтай орындап тастайтын. «Қажыдым, шаршадым» демейтін. Кезінде қадалған оқтың орны ауырып, кесілген аяқ-қолдың орны сырқырап түн баласы көз ілдірмесе де олар мейірбан, кеңпейілді болатын. Бала біткеннің бәрін өз баласындай көріп, жөн сілтеп, жолға салып, айналып-толғанып отыратын. Әр ауылдан топ-топ болып майданға аттанған он сегіз-жиырма жастағы бала-жігіттердің тең жартысы оралған жоқ. Сол қыршын кеткен құрдастары үшін де туған жер төсінде бел шешпей еңбек етті ме? Солардың қамқорсыз қалған жетім көңіл ата-ана, бауырларына көмек қолын созуды парыз санады ма? Сөйтіп, олар бейбіт өмірде де нағыз батырларша өмір сүріп, мәрттік пен мейірбандықтың үлгісін көрсетіп еді-ау!
Оқыған әдеби кітаптарымыз да Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Сырбай Мәуленов, Қасым Аманжолов, Әзілхан Нұршайықов сияқты ардагер батырлар кітаптары, көретін киноларымыз да Ұлы Отан соғысының оқиғалары, партизандар әрекеттері жөніндегі шындықтан алыс кетпеген кинолар болатын. Мектептегі әскери-патриоттық жиындарымызға соғыс ардагерлері қатысып, кеңес беретін. Не керек, әскери-патриоттық тәрбие тегеурінді жүргізілетін.
Міне, сол асыл жандарға, Ұлы Отан соғысында қаза тап-қан, қыршын кеткен есіл ерлердің есімдерін есте сақтауға, ерліктеріне тағзым, құрмет ретінде орнатылған Мәңгілік алау жанында тұрмын. Ауыл-ауыл, елді мекендерден еңіреген аналарының құшағынан сытылып шығып, майданға аттанып бара жатқан боздақтар келеді, көз алдыма. Одан кейінгі, күні кеше маңдайлары шып-шып терлеп, туған жерінде жалықпай еңбек еткен әкелер, әкем… Жігіт біткеннің бәрі жауға қарсы аттанып, елде күрек ұстар жан қалмаған соң ауырып-сырқағанына қарамай еңбекке араласқан ата-әжелер, өгіз жетелеп, соқа сүйреген, буындары бекімеген соғыс жылдарының балалары… Бәріңе, тағзым, бәріңе құрмет! Біз сіздердің сіңірген еңбек, жасаған ерліктеріңізді жан-тәнімізбен сезінеміз.
Тек, осы сезіміміз бен түсінігімізді кейінгі ұрпаққа түсіндіріп, жеткізу енді бізге парыз. Мынау, желмен жалаудай желбіреп тұрған алаудың кімдердің құрметіне, неге жағылғанын ұмытылмастай етіп, ұғындыру міндет. Қашан болмасын алау өшпесін, оның жаны бос қалмасын. Қашанда жанында тағзым еткен жандар болсын.
Отың өшпесін, «Мәңгілік алау»!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий