Оюлы Қуаныштың өнердегі самғау биігі

Жас ақын Қуаныш Оспанның Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және «Ауылдың баласымын» жыр жинағының тұсаукесеріне арналған тағылымдық тұстары көп жыр кешінен үлкен әсерге бөлендік. Орнықты өлеңдерімен ой салып, оюлы шапанын жамылып, тақиясын басынан тастамайтын ауылдың баласы бізді балалық шаққа жетеледі. Кешті жүргізген жас ақынның ұстазы, әрі қамқор ағасы Құдайберлі Мырзабектің қолдауы, поэзия әлеміне бірге қанат қағып, үзеңгілесе қатар келе жатқан достарының қолпаштауы сондай жарасымды еді. Қарт Тараздан қара домбырасын құшақтай жеткен әнші-композитор Әбиірбек Тінәлі, Астананың ыстық сәлемін жеткізген ақындар Қалқаман Сарин мен Серікзат Дүйсенғазы, көпшілікке танымал тележүргізуші Мәди Манатбек мәнді де мағыналы ой айтты.

Әдетте жыр кеші болады дегенде, залға жиналатын көпшілік қара сөздің қадірін ұғып, жете зерделеп, зейін қоя ма екен деген ой мазалайтыны рас. «Достар» мәдениет сарайына ағылған жастарды көріп, аздап көңіліміз секем алғандай болып еді. Алайда, ән мен жыр кештерінде қолынан ұялы телефонын тастамай, әлеуметтік желіге телміріп, көпшіліктің қатарын көбейтіп отыратындардың көзге шалынбағанына қуандық. Кешті айтыскер ақын, Қуанышқа «Оюлы» деген қосымша есім тіркеп, еркелеткен жанашыр ағасы Құдайберлінің өзі жүргізді. Ал, «Ауылдың баласымын» жыр жинағының шығуына мұрындық болған Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледждің директоры Нұртас Ахат жас ақынның өлеңдерін талдай келе, көркемдік ерекшелігін жоғары бағалап, ақ селеу жамылған сайын далаға теңеді. «Тіпті, сағындым сол мұғалімді, жыртып тастай беретін дәптерімді» деп толғануының өзі ауылға кіндігімен байланған қарапайым қазақ баласының жанайқайындай. Жас ақынның жыр жинағының тұсауын кесіп, байланған орамын шешу құрметі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева мен ел ағасы Нұртас Ахатқа берілуінің өзі жарасымды еді. «Алты жасар баласы атқа шапса, ауылдағы атасы тақымын қысатынындай», ұлының жыр кешіне Қызылтудан құстай ұшып жеткен Қуаныштың ата-анасына да құрмет көрсетілді. Алқызыл гүлдермен анасының құшағын толтырған ақын бала арсалаңдай жетіп, әкесімен амандасты. Айтыскер ақын Арман Бердалиннің үлкенге деген сый-құрметтің белгісіндей Қуаныштың әкесінің иығына шапан жабуы да жөн-жоралғының жөнін білуі еді. Кеште оқылған өлеңдер бір-бірінен асады. Тақырыбы сан түрлі, мазмұны да әрқилы.
Көпшілікке ой салып, кейінгі уақытта әлеуметтік желіде талқыға түсіп жатқан Қуаныштың «Жанайқай» өлеңі. Бұл қазақтың қанына жат, бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген тағылыққа барып, көлік терезесінен жаңа дүние есігін ашқан немересін лақтырып жіберген тасбауыр әжеге айтылған наз. Жантүршігерлік оқиғаға Оюлы Қуаныш та үн қосты. Жас ақынның жүрегінен шыққан ащы дауысын тараздық әнші-композитор Әбиірбек те естіп, ән шығарған екен. Кеште осы ән орындалды. Тумай жатып, тас жолда тамыры үзілген шарананың шырылын шырқырата жеткізген Әбиірбек Тінәлі талайдың тұла бойын тітіркентті. Ортаға шығып өлеңнен өрнек түзген Қалқаман Сарин мен Серікзат Дүйсенғазы дүбірлі кешті дүркіретті. Тележүргізуші Мәди Манатбек мәнді ой айтып, Қуанышты нағыз қазаққа балай бағалады. Ал, жас ақынмен үзеңгілесе қатар келе жатқан, жыр әлемін бірге аралап, жалындаған жастық шақтың отына бірге өртенген өршіл рухты жолдастары Алмас Темірбай, Мерген Тоқсанбай, Бақытбек Бекмұратұлы, Құрмет Құралхан, Саян Есжанның есті өлеңдері мен қағытпаға толы құрдастық қалжыңдары көңілдерге нұр септі. Жаны да, тәні де туған топырақпен тамырлас Қуаныштың «Ауылға сәлем» өлеңіне ән жазған Құмарбек Қалқатаев жаңа туындының сол кеште тұсауын кесті. Ақынның «Ауылдың баласымын» атты әуезді әні жыр кешінің түйіні болды. Екі қайтара орындалған сазды әуенге тік тұрып, қол соққан көпшілік қосыла шырқап кеткенін де сезбей қалды. Өйткені, қазақтың оюын бойтұмары етіп, тақиясын тастамай өтемін деп уәде еткен Қуаныштың тойы еді бұл.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс