Оқушылар шешендік танытты

Қазақстан Республика-сының Тұңғыш Президенті күні аясында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы облыстық «Бала би» шешендік өнер сайысын ұйымдастырды. Оған
Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Бурабай, Зеренді, Еңбекшілдер, Есіл, Егіндікөл, Жақсы, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласынан 16 топ, 32 оқушы қатысты.

Төрт айналымнан тұратын ақтық кезеңге жолдама алған дарынды балаларға арналған мамандандырылған №3 мектеп-интернатының «Қара қылды қақ жарғандар» тобы мен Бурабай ауданындағы Абай атындағы орта мектептің «Жауһар» тобы өзара сайысты. Нәтижесінде шешендік өнердің нағыз үлгісін танытқан бурабайлық оқушылар бас жүлдені жеңіп алды. Оларға «Жас ұланның» арнайы кубогы табыс етілді.
Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №3 мектеп-интернатының 11-ші сынып оқушысы Үсен Серікбай «Бала би» сайысына өткен жылдан бері қатысып келеді. Қазыбек би, Әйтеке би, Төле бидің шешендік сөздерін зейін қоя оқуда. Нағашы әжесі кішкентайынан қазақтың тыйым сөздерін түсіндіріп, мақал-мәтелдің мәйегінен сусындатып, жұмбақтар жасырып, жаңылтпаштар жаттатқан. Ал, бурабайлық оқушылар болса бірден суырылып алға шықты. Ақтық кезеңге әр командадан екі оқушыдан қатысты. Олар уәзір және жырау болып сайысты. Байқау «Қоржын», «Ұлылар сөзі», «Жыраулар жырлайды», «Таразы» деген төрт кезеңнен тұрды. Оқушылар Алаш-орда мен Тәуелсіздіктің жетістіктерін саралап, Әнет баба, Қазыбек би, Әз-Жәнібектің өсиет сөздерін айна-қатесіз, тура айтып шығуға тырысты. Бір-біріне өлеңмен сауалдар жолдап, жауап алды. Қорытындысында қарсыластарының кемшіліктерін ашық айтып, көңілінен шықпаған жауаптарын өздері толықтырып, таразылады.
«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейрамбек Закировтың айтуынша, «Бала би» шешендік өнер сайысы осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Республика көлемінде тек біздің облыста ғана өтетін сайыстың басты мақсаты – ұлттық рухты оятып, төл тарихты білуге балаларды ұйыту. Оқушылардың қызығушылығы да жылдан-жылға артып келеді. Бір өзгешелігі, бұл пікірсайыс пен айтыстың қосындысынан шыққан жаңа үлгідегі байқау. Алдағы уақытта республикалық деңгейге алып шығу жоспарлануда. «Бала би» шешендік өнер сайысының үшінші орнына аршалылық «Болашақ» тобы ие болды. Байқауға қатысқан барлық оқушыларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий