«Оңай болған жоқ»: Министр блокбекеттерде жұмыс істеген полицейлерге алғыс айтты

Ішкі істер министрі 1 маусымнан бастап блокбекеттер алынса да, санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс деді. Ерлан Тұрғымбаев блокбекеттерде жұмыс істеген полицейлерге ризашылығын білдірді. «Бүкіл әлем коронавирус пандемиясымен күресуде. Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Дер кезінде қабылданған шаралардың, дәрігерлер, полицейлер, әскерилер мен еріктілердің жанкештілігінің, сондай-ақ, халықтың жауапкершілігі мен тәртіптілігінің арқасында еліміз осы кезеңнен аз шығынмен өтуде», – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызмет және бөлімше басшыларымен өткен селекторлық кеңесте. Министр Президенттің тапсырмасымен ішкі істер органдарының барлық күші қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға, карантин шараларын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
52 мыңнан астам қыз-меткер блокбекеттерде үздіксіз қызмет атқарды. Олардың арасында полицейлер, құтқарушылар, әскери қызметшілер және ішкі істер органдарының медицина қызметкерлері бар. Ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, өзін-өзі оқшаулау және шектеу режимі кезеңінде қабылданған шаралардың арқасында елдегі қылмыс 26%-ға төмендеді. Полиция мен министрліктің басқа да күштері мұндай ерекше режимде алғаш рет жұмыс істеді.
«Оңай болған жоқ. Тәулік бойы жұмыс істеу, казармалық жағдай, үй мен отбасынан жырақта болу, кейбір азаматтардың түсінбеушілігі мен қарсылығы үлкен психологиялық және физикалық жүктемелер тудырды. Бірақ біздің қызметкерлеріміз 78 күн бойы ел басшылығы қойған міндеттерді нақты орындай отырып, қызмет өткеруді жалғастырды», – деді Тұрғымбаев.
Қызметтік міндеттерін адал орындағаны, блокбекеттерде коронавирустық инфекциямен күрес жөніндегі шараларға тікелей қатысқаны үшін министрдің бұйрығымен ерекше көзге түскен қызметкерлер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Еске салсақ, карантин режимі кезінде елде 400-ге жуық блокбекет жұмыс істеді, оған 6 мыңға жуық қызметкер тартылды. Осы кезең ішінде блокбекеттерде 3,2 миллионнан астам көлік және 5 миллион жолаушы тексерілді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий