Оңтайлы шешімін табуы тиіс

Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» үйінде мемлекеттік органдар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық-саяси бірлестік өкілдерінің қатысуымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасында айтылған міндеттердің орындалуын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Шараны облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Кәрімова жүргізіп отырды.

Кеңейтілген отырыста сөз алған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универ-ситетінің ректоры Әбдімүтәліп Әлжаппаров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінің өзектілігін, стратегиялық сипатын және мұқият талданғанын атап өтті. – Мемлекеттік грантты 54 мыңға қосымша 20 мың грант қосу жастарға жасалып отырған зор мүмкіндік дер едім. Студенттерге 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды жүзеге асыру, әрбір студент жастың алаңсыз жан-жақты білім алуына жағдай жасайды, – деді ректор. Осыдан соң университет тарапынан атқарылатын маңызды міндеттерге тоқталып, студенттердің тұратын жеріне жағдай жасау және барынша жатақханамен қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің бес бірдей жатақханасы болғанмен, әлі 1 мың студент пәтер жалдап жүр. Сондықтан оларға жаңа жатақханалар керек. Ректордың айтуынша, Білім және ғылым министрлігіне 500 орындық 2 жатақхана салу бойынша ұсыныс жолданған. Ректор салынатын жатақханалар заман талабына сай, студенттер үшін барынша қолайлы болуына баса назар аудару қажеттігін алға тартты.
Үшінші бастама «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» – дер уақытында көтерілген әлеу-меттік мәселе екендігін атап өтті «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов. Оның айтуынша, оқу орындары студенттердің барлығын жатақханамен қамти алмайды. Сол үшін әр оқу орны өзінің ішкі ережесіне қарай әрекет етеді. Мысалы, жатақхана бірінші кезекте алыс ауылдан келгендер, жетім балалар, көпбалалы отбасынан шыққан балалар және мүгедектер, грантқа түскен бірінші курс студенттеріне беріледі. Әрине, жетсе бәріне беріледі. Жетпесе, студент баспана мәселесін өзі шешуіне тура келеді. Көкшетауда үш мыңға жуық студент жатақханаға мұқтаж. Олардың басым бөлігі – ауыл жастары. Қазір қаладағы оқу орындарында бас-аяғы жеті жатақхана ғана бар. Ал, барлық студенттерді жатын орынмен қамту үшін тағы сегіз ғимарат керек екен. Мамандардың сөзінше, облыста студенттерді жатақханамен қамту мәселесі алдағы екі-үш жылдың ішінде толық шешілуі тиіс. Себебі оқу орындары Елбасы көтерген бес бастаманың аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бойынша жаңа жатақханалар тұрғызбақ. Қазір соның жобасы әзірленіп жатыр. Қазір аймақтағы студенттердің 80 пайызы жатақханамен қамтылған. Облыс бойынша 38 колледжде 24 жатақхана бар. Онда 5 жарым мыңнан астам студент тұрады. Жоғары оқу орындарына жеті жатақхана қажет.
Шараға қатысушылар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуінде жүктелген міндеттерді сапалы жүзеге асыру бойынша пікірлерін ортаға салып, әлеуметтік маңыздылығы бар және қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, халыққа салық жүктемесін азайту, білім беру сапасын және қолжетімділігін арттыру, микрокредит беру мүмкіндіктерін кеңейту және газдандыру сияқты мәселелерді шешу жолдары ұсыныл-ған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» маңызды стратегиялық құжатын бірауыздан қолдады.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий