Парасат пен даналық мейрамы

«Ұлы тұлғаны ұлықтауға індет кедергі емес», – дейді Абай мұрасын насихаттаушылар. Қаңтардан бастап облыста Абайға арналған 1 мыңнан астам іс-шара өткізілген. Әрине, көбі онлайн. Дәл бүгінгі күні облыс кітапханалары 300-ден астам іс-шара жоспарлаған. Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ашық аспан астында Абай шығармашылығын насихаттап, букроссинг ұйымдастырды. Ал, Бурабай ауданының мәдениет қызметкерлері Оқжетпестің етегіне қазақтың біртуар тұлғасының есімін жазды. Карантин талаптарын сақтай отырып, Бурабайдың баурайында ақын кітаптарының көрмесін ұйымдастырып, жырынан сусындады. Өңір театрлары да өз кезегінде ақын шығармашылығын насихаттауда. Орыс драма театры қара сөздер марафонын бастаса, қазақ драма театрының әртістері апта бойы Абай шығармаларынан үзінді оқиды. Аймақтың 11 музейі 20-дан астам экскурсия, көрме жоспарлаған. Облыс мектептерінің жоғары сыныптарында «Абайтану» элективті курсы енгізілген, аймақтың 23 мектебінде «Абай еліне саяхат» клубы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында «Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі, ұлт ретіндегі жаңару идеясы оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық» деген еді. Көкшетаудағы тұрғын үйдің бірінің қабырғасына ақынның бейнесі салынды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий