Паркеттегі би. Қаржыгерлер сахнада

   Қаржы мекемесінің қызметкерлері кеңсе-дегі жұмысын 1 күнге сахнаға ауыстырды. 

Олар ұлттық валюта Теңге мен ҚР қаржыгерлерінің кәсіби мейрамына орай «Биле, биле» байқауына қатысты. Жылдағы дәстүрге айналған паркеттегі би биыл да қызу өтті. Кеңсе жұмысына дағдыланып қалған қаржыгерлер бұл күні өздерін сахнада еркін сезініп, талантын танытуға мүмкіндік алды. Олар кәсіби бишілер, хореографтармен жұптасып, өнер көрсетті. Байқаудан үйренеріміз көп дейді қатысушылар. «Бұл байқау ең алдымен дамуға көмектеседі. Қарапайым кеңсе қызметкерлері болсақ та, әрқайсымыздың өз талантымыз бар. Сол бойымыздағы өнерімізді көрсетуге осы байқау таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын» – дейді «Home Credit Bank» қызметкері Әлішер Мусин. Биыл жалпы саны 8 қатысушы болды. Әрқайсысы өз жұптарымен түрлі қойылым жасап, би өнерінің биігін көрсетуге тырысты. Би өнерін жетік меңгерген кәсіби мамандар оларға білгендерін үйретіп, бағыт-бағдар берді. «Жыл сайын байқаудың көрермендері де, қатысушылары да көбейіп келеді. Барлығы қатысуға ынталы. Шын мәнісінде біз қаржы мекемесі қызметкерлерінің көңілсіз, шаршаңқы өтетін күндеріне әр беріп, мерекелік көңіл-күй сыйлаймыз»,– дейді «Асыл мұра» халықтық ансамблінің жетекшісі Дина Орманшина. Сахнаға алғаш шыққан әріптестерін қолдай келгендер көп. Тартысты өткен бәсекенің үздік жұбы «Жусан» банктің облыстағы филиалының қызметкері Дана Жанболат пен оның жұбы «Реверанс» би тобының мүшесі Нұрбек Сұлтанов атанды. Ал, инстаграм желісі арқылы көп дауысқа ие болған бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының маманы Дамир Сәлімов пен «Асыл мұра» халықтық ансамблінің жетекшісі Дина Орманшина көрермен көзайымына айналды. Осылай қаржыгерлердің кәсіби мерекесі көңілді думанмен есте қалды.

 

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий