Парламент іске кірісті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының 25 наурызда өткен бірлескен отырысына қатысып, алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеп, еліміздің заң шығарушы жоғарғы органы алдында тұрған өрелі міндеттерді айқындап берді.

25-03-01-

Мемлекет басшысы жаңадан сайланған депутаттар алдында сөйлеген сөзінде өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи мәні бар екенін айтты. Өйткені, Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейлі белесін еліміз жаңа құрамдағы Парламентпен қарсы алуда. Сайлаудың қорытындысы бойынша Парламентке үш партия және Қазақстан халқы Ассамблеясынан 9 депутат өтті. Елбасы экономика мен әлеуметтік саладағы басты міндеттерді айқындай келе, 100 қадам – Ұлт жоспарында тұжырымдалған мақсаттарға қол жеткізу қазақстандықтардың басты борышы екендігін тағы да қадап айтты. Бұл орайда «Нұрлы жол» бағдарламасы елімізді жаңа асуларға бастауда. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан жаңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүруде. Ол 59 заңның және 400-ден астам заң аясындағы актілердің қабылдануы арқылы қалыптасты. Мемлекеттік аппаратты меритократия жағдайында қандай да бір көлеңкелі жағдайларсыз және жеке бас қалауынсыз жұмысқа ынталандыратын шаралар қабылданды. Мемлекеттік аппаратта бұдан былай еңбекке ақы төлеуде теңгермешілік орын алмайды. Кім жақсы жұмыс істесе, сол көп табыс табады. «Б» әкімшілік корпусы үшін еңбекақы мөлшері өсірілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жаңа министрлік жұмыс істеуде. Судьялар корпусының кәсіптік деңгейін арттыру үшін жыл сайын судьялыққа 100 кандидат тәжірибелі тағылымдамадан өтетін болады. Ұлттық экономикаға жаңа инвестициялық ырғақ берілді. «Бизнесті жеңіл жүргізу» рейтингі бойынша біздің еліміз 189 елдің ішінде 41 орын алады. Еңбек рыногының тиімділігі бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 18 орында тұр. Шетелдік инвесторлар үшін «жасыл дәліз» ашылды. Қазақстанда жаһандық логистиканың бір бөлігі ретінде мультимодальдық Еуразиялық трансқұрылықтық дәліз қалыптастырылуда. Денсаулық сақтаудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Алты қазақстандық колледж өздерін жаңғырту үшін Дүниежүзілік банктен жалпы сомасы 425 миллион теңге болатын гранттар алды. Бұл «барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру үшін маңызды қадам. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап елімізде кезең-кезеңімен үш тілді білім беруді енгізу басталатынын атап көрсетті. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беруге толықтай көшу қамтамасыз етілетін болады. Әр мектеп бітіруші алғашқы жұмыс мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік алады. Барлық дамыған елдердің мектептерінде бескүндік оқыту аптасы қалыптасқан. Балаға қалпына келуге, педагогқа дем алып, сабаққа дайындалуға мүмкіндік беріледі. Кейбір елдерде тіпті, төрт күндік оқыту аптасы да бар. Қазақстанда Елбасы жариялаған 20 зияткерлік мектеп толығымен салынып бітті. Елбасы сөзін аяқтаған соң Мәжілістің сайланған және Сенаттың тағайындалған депутаттары Қазақстан халқына ант беріп, оны халық атынан Президент қабылдады.

Депутаттардың бірауызды қолдауымен Мәжіліс төрағасы болып депутат Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов, оның орынбасарлары болып депутаттар Владимир Божко мен Гүлмира Исімбаева сайланды.
       Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша депутаттар Үкіметке тағы да сенім білдірді. Сонымен Премьер-министр Кәрім Мәсімов басқаратын Үкімет өз қызметін жалғастыра беретін болды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс