Партиялық қадағалау күшейтіледі

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл- Мұхаммедтің Ақмола облысына жұмыс сапары

Ақмола облысына жұмыс бабындағы іс-сапармен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл- Мұхаммед келді. Ол өңірдегі «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен, астықты аймақтың күзгі орақ науқанына дайындығымен танысып, Көкшетау қаласындағы құрылысы жүріп жатқан балабақшаға барды. Одан кейін облыс активімен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуді қадап тапсырды. Іс-сапарда Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бірге болды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасы-ның бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед алдымен Щучье қаласындағы жалпытиптегі мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына мән беріп, «Омаров» шаруа қожалығының егістік алқабында диқандармен жүздесті. Биылғы орақ науқанының шығымдылығына ауа райы сеп болмақ. Бүгінде республика бо-йынша біздің облыс төрт көрсеткіш бойынша өзге өңірлерден озық тұр. Егер астық шығымдылығы осыдан 4 жылғыдағыдай болса, онда бітік егін жинауға мүмкіндік бар екен. Көкшетау қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Көктем» мөлтек ауданында 280 орындық балабақша салынуда. Оны аралап көрген мәртебелі мейман құрылыс жұмыстарының сапасына оң бағасын берді. Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының Ақмола облысында ойдағыдай орындалып жатқандығына сүйініш білдірді. Көкшетау қаласының көркеюі соның айқын мысалы. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша біздің өңірде мектептер көп салынбаса да, олардың күрделі жөндеуден өтуі де игілікті іс. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының активімен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс бюджеті осыдан он жыл бұрын 50 миллиард теңгені құраған болса, биыл өңірді дамытуға 54 миллиард теңге бөлініп отырғанын алға тартты. Яғни, мемлекеттен аймақты өркендетуге қомақты қаржы бөлінуінің өзі үлкен жетістік. Тек оны мақсатты пайдалану қажет. Сарапшылардың соңғы деректері бойынша, Ақмола облысы өндіріс, бөлшек сауда, тұтыну бағасы мен тұрғын үй құрылысынан алда келеді. Дегенмен өңірде елді-мекендерді сапалы ауыз сумен қамту және жаңа білім ошақтарын салу жұмыстары кенжелеп тұр. Партия Төрағасының бірінші орынбасары «Нұрлы жол» бағдарламасы бо-йынша республикалық бюджеттен бөлінген қаржының толық көлемде игерілмей жатқанына мән берді. Оған бақылауды облыстық партия филиалы жүргізуі тиіс. Күнделікті мониторинг жасап, игерілмей қалған қаржының облыстық бюджетке
ауыстырылуына тырысу қажет. Оған партияның толық құқығы бар. Биыл Көкшетау қаласындағы тұрғын үй шаруашылығын қалыпқа келтіруге 3,9 миллиард теңге бөлінген. Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен одан көбірек қаржы бөлінсе, қыруар шаруаны тындыруға болады.
Мұхтар Абрарұлы өз сөзінде партияның кадрлық резервіне тоқталды. Бүгінде 1 миллион 170 мың адам – «Нұр Отанның» мүшесі. Дегенмен саннан гөрі сапаға ауысу қажет. Әсіресе, мансап қуған жастарды партия қатарына көптеп тартқан дұрыс. Күні ертеңдері олардың қатарынан білікті мамандар өсіп шығады. «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы Жанар Жүнісова Ұлттық Бірыңғай тестілеуден өте алмай қалған жастарды жұмыспен қамту мәселесін алға тартты. Бұл ұсынысты қолдаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары жергілікті филиалдардың басшыларына өзекті бұл мәселеге жіті назар аударып, көмек қолын созуды тапсырды. Сонда ғана жастар бос жүрмейді, түрлі діни ағымдардың жетегінде кетпейді. Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына биыл
1 мыңнан астам өтініш түсіп, тек оның 40-ы ғана шешім тапқан. Мұның төзгісіз жай екендігін айта келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед халықтың өтініш-тілегіне сергектік танытуды тапсырды. Халық партияға сеніп келгеннен кейін, оны ақтауға тиіспіз. Актив жиынында облыстық мәслихаттың депутаттары Серік Аяғанов, Анель Ерденова да сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз көзқарастарын білдірді. Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі, облыстық филиалдың төрағасы Сергей Кулагин барлық сын-ескертпелер назарға алынып, Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары орындалатынын алға тартты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс