Партия филиалының жаңа төрағасы сайланды

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының XXVII кезектен тыс конференция-сында облыс әкімі Мәлік Мырзалин аймақтық филиал төрағасы болып сайланды. Аталған шараға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов қатысып, сөз сөйледі.

Ф.Қуанғанов өз сөзінде партияны нығайту жолындағы жұмысы үшін филиалға басшылық еткен С.Кулагинге барша нұротандықтардың атынан алғыс айтты. Ал, филиалдың жаңа төрағасы Мәлік Мырзалинге түрлі басқару салаларында жинақтаған мол тәжірибесі облысты әлеуметтік-экономикалық дамытуда, сонымен қатар, партия Лидері алға қойған міндеттерді орындауда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге көмек болатынына сенімді екенін айтып өтті.
– Басшылықтың түрлі сатыларынан өткен Мәлік Мырзалин Елбасымыздың өзі төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының жұмысын жандандыруға тікелей септігін тигізуі керек. Саяси ұйымның міндетіне алған бағдарламалар мен барлық тапсырмаларын сапалы түрде орындап, партияның беделін көтеру мақсатында еңбек ететіндігіне сенеміз. Қазіргі таңда Ақмолада «Нұр Отанның» 45 мыңнан астам мүшесі бар. 20 аумақтық филиал мен 354 бастауыш партия ұйымы белсенді түрде әрекет етуде. Енді осыншама күшті тиімді мақсатқа жұмылдыра білуі қажет,– деді Ф.Қуанғанов.
Өңір басшысы М.Мырзалин өзіне жүктелген міндетке зор жауапкершілікпен қарайтынын айта келе, бар күш-жігерін аймақтағы күрделі мәселелерді шешуге жұмсайтынын жеткізді. «Партия филиалының төрағасы болу тынымсыз еңбек, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алдағы барлық бас-тамаларымыз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталатын болады», – деді ол.
Өңір басшысы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шыққанын, оның жақсы әсер қалдырғанын айтты. Онда ұлтымыздың мәдениетін жаңғыртудың жаңа белестерін көріп отырғанын жеткізді. – Бұл материалда Елбасы қазақ халқы әрі қарай қалай дамиды, қоғам қалай ілгерілеу керек деген мәселелердің концепциясын жасады. Егер алдымызға жүктелген міндеттерді жүзеге асыра алсақ, онда шын мәнінде бізде жаңғыруға, прогрессивтік, өзіне сенімді қоғам қалыптастыруға мүмкіндіктер туатыны хақ. Еліміздің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарына модернизация жасамаса ұлтымыздың болашағы бұлыңғыр. Осы мақалада қазақ халқының рухани модернизациясының бағдары көрініп тұрғаны анық. 2018 жылдан бастап латын әрпіне көшу процесі басталады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында оқулықтарды латын әрпіне көшіру процесі лезде басталайын деп отыр. Бұл қуантарлық мәселе. Бұл жаңа технологиялар мен жаңашылдықтың жаңа бір бет-пердесі ашылады деген сөз, – деді М.Мырзалин. Конференцияда партия фракциялары проблемалық мәселелерді тұрақты талқылау механизмдерін жетілдіру шараларын қабылдау керектігі айтылды. Партияға жүктелген тағы бір міндет – елімізде бейбітшілік пен келісімді, қоғамның бірлігін бекемдеуге барынша ықпал ету. Бұл үшін партияның барлық мүмкіндіктері мен механизмдерін пайдаланып, барлық фракциялар мен бастауыш партия ұйымдарын жұмылдырады. Оған қоса, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның фракция-
лары халықтың мәселелерін анықтау және шешу мәселесіне айрықша назар аударып, тұрғындармен жүйелі түрде кездесу және қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылдаулар ұйымдастыру арқылы мақсатты әлеуметтік топтармен тұрақты байланыс жолға қойылуы тиіс.

Ә.ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс