Патриоттық әндер бағаланатын уақыт келеді…

Дәл осы сөз жас сазгердің налыған үні арқылы жетті. Жанатқазы Дәмелқазы деген жігіт патриоттық әндерді жанындай жақсы көреді. Сондықтан осындай шығармалар жазады. Отаныңды сүймей, елге қызмет етуің құр далбаса деп есептейді. Жанатқазы «Қазақстан», «Отаным – әнім», «Отаным», «Алға, қазақ!» сияқты бірнеше патриоттық әндер шығарып, Көкше сахнасына «Көкше» квинтеті арқылы алып шығып жүр. Бірақ неге екені белгісіз, жаңа әндер ұсынса, мәдениеттегілер де, мәдени ошақтағылар да мойын бұрмайды. Біріне-бірі сілтейді. Тауы шағылған сәттерде алыстағы кіндігін кескен «Ағажан Алтайын» сағынады. Тұмса табиғат аясында, тас бұлақтың бастауында қазақы ортада халық әндеріне салып, салт-дәстүрге қылау түсірмей, жазира жайлауда өтетін жайлы түндер мен думанды күндерді еске алады. Беу, шіркін, қазақ қазақпен тек өз тілінде тілдесіп, өз тілінде сырласатын заман ата-баба мекенінде қашан болар екен деп те армандайды. Болады, иншалла! Оған имандай сенемін дейді өзі.

Жанатқазы жас та болса, тереңнен ойлайтын есті азамат екен. Сөзі салмақты, нық. Отбасы мүшелері ән мен күйге әуес жандар болғандықтан шығар, сапаға мән береді. Алтайда алған музыкалық білімін Көкшетаудағы музыка колледжінде Асылтас Балапаева деген ұстазынан дирижерлік дәріс алып жалғастырыпты.  Інісі Айтқазы болса, дәстүрлі әндерді Эльмира Дулатқызының жетекшілігімен меңгеріпті. Екеуі де эстрада жанрын қатар игерген. Түрлі аспаптың құлағында ойнайды. Жанатқазының жеңіл әндерге жаны қас. Дайын шығармаларды жаттап алып, фонограммаға қосып айтуды сән көретіндерді өз басы түсінбейді. Ән әрлеумен айналысып келіп, кейін оны тастап кетіпті. Өйткені, аранжировка жасаудың қиындығы мен күрделілігін көпшілік түсіне бермейді. Оған апталап, айлап уақыт кететіні белгілі. Еңбегін бағаламайды. Шындығына келгенде, ән әрлеу дегеніміз өте күрделі процесс дейді ол. Алдымен идеясы мықты болуы керек. Оған қандай аспаптар қосылатынын ойластырасың. Гармониялық үндестігі бар. Әннің кіріспесінің өзі екі-үш күнді алады. Бәрі бірыңғай болып кетсе, тыңдаушысын таппайды. Сондықтан жоқ нәрседен бар жасауға тырысасың. Ал, ән жазу одан да күрделі процесс. Тақырып табу, шабыттану, әуен іздеу бәрі-бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана барып жаңа шығарма дүниеге келеді. Әннің құрылымы деген болады. Оны бас-тан-аяқ соңғы нүктесіне дейін дайындап шыққанша жаның тынышталмайды. Енді бұған сөз керек. Әннің бағын ашатын мәтін болуы тиіс. Дауысты дыбыстарды жоғары нотаға, дауыссыз дыбыстарды төменгі нотаға салып, қалай дыбысталатынынан бастап, әуеніне қарай не нотаны, не сөз таптарын ауыстыруға дейін барасың. Әннің құлаққа жағымды болуы дауысты және дауыссыз дыбыстардың үйлесім табуына байланысты. Осындай қыруар жұмыстың нәтижесінде ғана сапалы шығарма дайын болады.
– Қазір аузы бардың бәрі әнші, ыңырсығанның бәрі композитор. Ән көп. Кәдімгідей басың қатады, – дейді Жанатқазы. Шетелдің әндерін аударып алып айту модаға айналды. Оны бір тыңдайсың, екі тыңдайсың, сосын жалықтырады. Біріне-бірі ұқсайтын әндер көп. Кезінде Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайлар тудырған дүниелер ғасырдан ғасырға өлмей келе жатыр ғой. Неге? Өйткені, сапасы жоғары, әуезділігі ерекше, иірімдері өзгеше. Ондай әдемі шығармалар қазақпен бірге жасай береді.
Халық қашан туған жерін шын сүйіп, нағыз елжанды азамат деңгейіне көтерілген кезде біздің патриоттық әндер керек болады. Ол күн де алыс емес, – дейді Жанатқазы.  Атақ үшін, ақша үшін жүрмегені, елге пайдасы тиетін дүниелер жасағысы келетіні де құлаққа жақты. Қазір інісі Айтқазымен бірге өз студиясын «Көкше» мәдениет үйіне көшіріп әкеліп, жұмыс істеп отырған еңбекқор жастың бағындырар белестері биік екеніне еш күмәнданбадым. Мәдени ошақтың соңғы жылдары биік деңгейге көтеріліп, облыстық байқауларда жеңіске жетуі осы жігіттердің табандылығының арқасында екенін де айта кету керек. Інісі Айтқазы табыстан құр алақан емес. Шәкірті Жандос Жанаттың «Бала дауысы» халықаралық байқауынан жүлделі оралуының өзі көп еңбектің нәтижесі. «Алау» триосын құрып, көпшілік алдына шығарып келеді. Дәстүрлі әнге баулып жүрген шәкірттері де бар.
Мағжанша айтқанда, «көзінде от, жүрегінде жалын» бар Жанатқазының отансүйгіштік тақырыбына қайта айналып соға беретінін байқадым. Патриот болмаса, оның туған жеріне жаны ашымайды дейді ол. Өйткені, мұндай тәрбиені әкесі Дәмелқазы бала жасынан бойларына дарытқан. Ер-тұрман, аттың жабдықтарын жасайтын, жылқы малының жалында өскен жанның ұрпағы да соған лайық болуы заңды да.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий