Перзент парызы

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында жиырма жыл еңбек етіп, өрелі өнер көрсеткен актер Жарас Қалдаровтың қайталанбас қабілетіне Көкше жұрты тәнті. Көрермені оның шынайы ойынына ынтызар, айтар әніне құмар, әңгімесін тыңдап, сұхбаттасуға құштар. Ел ішінде сағынар досы, сыйласар замандасы, арқа тұтар ағасы көп. Демек, оның еңбегі жанды. Өнерпаз ретінде де, азамат ретінде де өзін таныта алған сайыпқыран ол!

Шыны сол, оның қай жылы «Ең үздік ер адам рөлі», қай жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінің жеңімпазы, қай жылы республикалық көркемсөз оқу шебері, қай жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанғанын, қай жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын екінің бірі біле бермейді. Бірақ, оның қай рөлді болмасын, жеріне жеткізе сомдайтынын, осы театрдың маңдай алды, ең үздік актерлерінің бірі екенін анық біледі. Халықтың құрметіне бөленіп, сүйкімді перзентіне айналған өнерпаз енді өзі еңбек жолын бастаған, сахнасына талай терін төккен театрымен қоштасып, кинода бағын сынауға бет бұрыпты. Сөйтіп, өңір ғана емес, республика жұртшылығы тәжірибесі мол, ойын өрнегі ерекше актерді көгілдір экраннан көре бастады. Ылдидан салса төске озар әртістің өзін өнердің тағы бір қырына салып, құлшына кіріссе онысын кім теріс дер.

…Көп уақыт өткен жоқ, Жарас әкесі Шотбектің қайтыс болғанына қырық күн толуына орай дастархан жайып, дұғасын берді. Сонда ол іштей егіліп тұрып, үлкен бір сырын ортаға салған. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Абай ауылында тірлік кешкен әкесінің жақсы ат ұстап, домбыра тартып, ән салған сері адам болғандығын айтқан. Шаруасын дөңгелеткен еңбекқор, епті адамның тұрмысы да тәуір болған. Содан ба, басшылар ауылға келген әртіс, әншілерді осы үйге түсіргенді жөн көреді екен. Бір жолы Алматыдан келген атақ-дәрежелері дардай сахнагерлер алдында Шотбек ән салады. Арқасы қозып, шешіле түсіп, сұлу әнді бірінен-соң бірін төгеді. Сол кезде оның өнеріне қайран қалған қонақтар: «Ойбой, мына жігіт ауылда отыратын емес, бізбен бірге халыққа өнерін көрсетіп, гастрольде жүретін жігіт екен», – деп, оның үлкен өнерге бет бұрғанын қалайды. Абайсыз, ойын-күлкі арасында қонақтардың бірі өзінің тіпті, он жылдап жарытып үй көрмей кететіні болатынын айтады. Осыны құлағы шалып қалған әжесі: «Қой, қарақтарым, ата-бабасының қара шаңырағын ұстап отырған жалғызды көзден таса қыла алмаймын», – деп баласын райынан қайырады. Әйтпесе, оның да өнер айдынында із қалдырғандардың бірі боларына дау жоқ-ты.
Сөйткен әке қайтарынан бірер күн бұрын, төсек тартып жатқан күйі Жарасқа екі күн қатарынан түн ортасына дейін ән салғызып, тыңдапты. Ұлының асқақ үні, қоңыр дауысы қандай ойларға жетеледі екен, шіркін?! Өзінің орындалмай қалған арманын ойлады ма, өнер жолында жүрсе қандай ғұмыр кешерін көз алдына елестетті ме, әлде? Қалай болғанда да, өзінің өнерді қатты қадір тұтып, ұнатарын білдірген екен, осылай. Демек, Жарас сол әке өнерін жалғастырушы, арманын жүзеге асырушы, аманатын орындаушы болып шықпай ма?! Бәсе?! Мына дүниеде еш нәрсе тегін болмайды ғой. Сондай, үлкен іңкәр сезім, асыл арманның ақ сәулесін алға апарушы екен ғой, бұл ұлан! Өнерінің өзгеден көш ілгері болып, жарқырай көрінуінің себебі де содан шығар-ау, бәлкім! Ойында әр кез әке арманы, әке ниеті, әке тілегі де тұратын да болар. Өзі туабітті дарынды, сезімтал да сергек  жігіт сол перзенттік парызды қалтқысыз орындауға серт берген де шығар іштей! Ендеше, адал ұл, асқақ өнерпаз Жарас Қалдаровтың сол сертін орындағанының біз куәсіміз, ағайын!
«Баталы ұл арымас» демекші, өнер жолының басталуының өзі таңдай қақтырарлық емес пе?!. Асқақ өнерді ардақ тұтқан Көкше төрінде ашылған жаңа театрдың алғашқы қойылымында  бұйырған бірінші рөлі «Ақан сері-Ақтоқтыдағы» Ақан!.. Қазақтың еркесі, Көкшенің құрметтісі, әндерін жұрт жүректерінде тұмардай түйген Ақанды сәні мен мәнін келістіріп алып шықпап па еді алғыр ұл! Осылай, көрерменін «ә» дегеннен тебірентіп, алғыс-рахметке кенеліп, қошамет көрген актер сол биігінен бір де түскен емес. Қозыны, Әбілмансұр мен Абылайды, Махамбет пен Кенесарыны, Біржан салды, тағы басқа тұлғаларды табыс-ты сомдады. Өнер қағидасын қалтқысыз түсінетінін көрсетіп, әр түрлі қойылымдардағы бір сәттік, қысқа рөлдердің өзін ізденіспен шығарды. Жасынан әдебиетке жақын болып, сөз мәйегін түйсініп, көркем туындылардағы образдардың сан қилы мінез-құлқын бойлап өскен актер өзі сомдаған әр кейіпкерінің ерекшеліктерін таба алады. Көрерменін бей-жай қалдырмаудың, сезіміне әсер етіп, жүрегіне жол табудың жөнін біледі.
Отыздан аса басты рөльдерді сомдаса, оның әрқайсысын сахнаға шығару үшін шырғалаң ізденіс үстінде болды. Үкілі бөркін киіп, шапанын желбегей жамылып, домбырасын шертіп жаймашуақ кейіпте сал-сері болса да; сом білекті, кең кеуделі, сауыт-сайманы саудырап, суық жүзі жауын жасқантып батыр-бағлан болса да; ақ көйлегі ажарландыра түсіп, жанары жарқырап бүгінгінің еркін ойлы, өмірге құштар жас жігітін алып шықса да ол сахнада жарық жұлдыздай «жарқ» етіп көрінеді. Өзіндік ойын өрнегімен көзге түседі. Шалт қимыл, шарт-шұрт әрекетке білек сыбана кірісе алар спортқа бейімділігі де, қара домбырасын бебеулетіп, көтере шырқар кең дауысы да, келісті келбеті, сыр-сымбаты да оны ерекшелендіре түседі, кез-келген образды дөңгелетіп, игеріп әкетуге жол ашады. Осы, жаратқан ие түрді де, кескін-келбетті де, өнерді де  келістіріп берген Жарас арнайы білім алып, кәсіби актер атанып, оны үлкен еңбекпен жетілдіре білген маман. Талай биікті бағындырды да. Көрерменінің ыстық ықыласына бөленді.  Онысына асқан да, тасқан да жоқ. Бір Алласына сыйынып, аянбай тер төгіп, абыройлы болуға тырысты. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әке аманатына, алған мамандығына адалдық танытып келеді. Демек, алда да оның жаңа жеңістерін көре берерімізге бек сенімдіміз!

Серік Жетпісқалиев,
жазушы.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс