Президентке жаңа кешендер таныстырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келді.

Мемлекет басшысы John Deer маркалы ауыл шаруашылығы техникаларының барлық түріне қызмет көрсететін ТМД-дағы ең ірі сервис орталығының жұмысымен танысты.
Президент оқу бөлмелері мен агрегаттық шеберханасы бар ауыл шаруашылығы техникаларын күрделі жөндеуден өткізетін орталықты, цифрландыру және автоматтандыру үдерістері, заманауи технологиялар, ирригация және көкөніс шаруашылығы жөніндегі оқу орталығын, өнім сақтайтын қоймаларды, сондай-ақ, көрме алаңдарын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының еліміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, алдымызда еңбек өнімділігін арттыру міндеті тұр. Бірақ заманауи технологияларды енгізбей және менеджментті жақсартпай оған қол жеткізу мүмкін емес. Мемлекет басшысы фермерлер мен заманауи технологияларды меңгерген жас мамандарды оқыту жөніндегі жүйелі жұмыстарды жолға қоюдың маңызды екенін айтты. Бұл, өз кезегінде, аграрлық саладағы білікті кадрлардың тапшылығына қатысты мәселені шешуге септігін тигізеді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлі ісік ауруының белгілері бар және осы дерт бойынша есепте тұрған науқас адамдарға консультативті-диагностикалық көмек көрсетуге мамандандырылған онкологиялық емхананы аралап көрді. Мемлекет басшысы облыста медицина инфрақұрылымы жақсы қарқынмен дамып, жаңа нысандар бой көтеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоспарлы түрде ем алатын азаматтарға, жүрек-қан тамырлары дертімен және қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет түрлері ковид кезеңіне дейінгі деңгейде болуы тиіс. Президент денсаулық сақтау саласының мамандарына қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 1172 орындық сарайды аралап көрді. Президентке көрме залы, 3D жобалау лабораториясы, киберқауіпсіздік, Lego Mindstorms, өнеркәсіптік интернет заттары, электроника және жаңартылған энергия көздері кабинеттері таныстырылды. Президент сарайдағы шәкірттермен онлайн режимінде сөйлесіп, олардың оқуына табыс тіледі. Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақ әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен Көкшетау қаласының даму перспективалары туралы есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетау қаласының тұрғындарына берген уәдесінің орындалуы және жылу электр орталығының құрылысына кірісу қажет екенін айтты. – Көкшетау қаласы өз жылу электр орталығы жоқ, тек жылу қазандықтары ғана бар жалғыз облыс орталығы болып отыр. Бұл жобаның құны бірнеше есе өсіп, 240 миллиард теңге болды. Біз бұдан аздау қаржыға жоспарладық, бірақ жуырда тиісті шешім қабылданады. Бұл облыс орталығында тұратын халықтың тұрмысын жеңілдетеді. Сондықтан мұны жүзеге асыру керек. Үкімет аталған шешімді аяғына дейін жеткізеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы. Президент ауыл шаруашылығы машиналарын жасау ісін дамыту мәселесіне назар аударып, Көкшетау қаласы осы саладағы басты тірек орталықтардың бірі екенін атап өтті. – Бұл – ел экономикасының аса маңызды әрі перспективті бағыты. Бүгін мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы державасына айналуы тиіс деп айттым. Бұл – өршіл, бірақ қол жеткізуге болатын мақсат. Осы ретте облыстың рөлін асыра бағалау қиын. Бұл бағытта біз мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін күшейтуге бағытталған Ақмола облысының күш-жігерін қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы әкімдіктің тұрғын үй құрылысы жөніндегі жоспарын қолдады. Оның пікірінше, әлеуметтік тұрғын үй бөлу мәселесін реттеу қажет. – Тұрғын үй құрылысына байланысты мәселелерді неғұрлым көп шешсек, соғұрлым мұндай пәтер алғысы келетін адамдар көбейе түседі. Аталған мәселені реттеу қажет. Ешқандай негізсіз әлеуметтік тұрғын үй кезегіне тұрған адамдар тиісінше електен өткізілуі керек. Бірақ, мемлекеттің негізгі қызметі азаматтардың алдындағы өз міндеттемелерін орындау емес пе? Оларды әуре-сарсаңға салуға мүлде болмайды, – деді Президент.

Akorda.kz.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий