Премьер лигадан үмітті

Жергілікті «Оқжетпес» футбол командасы қазір бірінші лигада ойнап жүр. Клубты биыл жерлесіміз Ерлан Бөтембаев өз қолына алды. Жанкүйерлерімен өткен кездесу барысында аяқ доп шеберлерінің мақсаты премьер лигаға өту екені баса айтылды. Облыстық филармонияның концерт залында өткен жүздесуге футбол ойынын жақсы көретін жандар жиналды. Бұл күні ардагер футболшылар, жастар мен қыздардың футбол командасы, футзал ойыншылары және қарапайым жанкүйерлер келіпті. Сахнаға сүйікті «Оқжетпес» командасы шыққан кезде, олар ду қол шапалақпен қарсы алды. Биылғы құрамның қатарындағы 8 ойыншы көкшетаулық екен. Жалпы, мұндай талапты ардагер футболшылар үнемі қойып келеді. Өйткені, өңірдің намысын өз ұландары ғана намыспен қорғай алады. Сондықтан құрамның қатарын жергілікті, көкшетаулық спортшылармен толықтыру керек. Резервтегі балалар мен жасөспірімдер қатары өсіп келеді. Қазір «Оқжетпес» футбол орталығында 400 бала жаттығып жүр. Балалар мен жастардың тоғыз командасы өз қатарластарымен Қазақстан чемпионаттарында және турнирлерде ойнап, жақсы нәтижелер көрсетуде.  Кездесу барысында жанкүйерлер алдағы уақыттағы жоспарлары, ойыншылардың жалақысы, алаңның дайындығы жайлы сұрады. «Оқжетпестің» бас жаттықтырушысы Сергей Попков биылғы ел чемпионатының 2 ойынында жеңіске жеткендерін ортаға салды. 1-ші тур ойындарында «Жетісу Б» және «Мақтааралмен» ойнаған жергілікті команда екі ойынды да 1:0 есебімен аяқтады. «Оқжетпес» футбол клубының директоры Ерлан Дүйсенұлы бюджеттен бөлінетін қаржы 40 пайызға қысқарғанын айтты. Бірақ бұл ойыншылардың жақсы ойын өрнегін көрсетуге еш кедергі емес. Биыл барлық ойындарды өз алаңымызда өткізуге де уәдесін берді. Кездесу барысында жанкүйерлер өздерінің сүйікті ойыншыларымен суретке түсіп, қолтаңба алды. Олар өз стадионында өтетін кезекті ойынды күтті. Міне, сол сәт те келіп жетті.

Аяқ доп шеберлерін маусымның басталуымен қала әкімі Ермек Маржықпаев құттықтап, өткен жылы жақсы ойын өрнегін көрсеткен жартылай қорғаушы Артем Касьяновқа 1-ші лиганың үздік ойыншысы атануына орай сый-сыяпат жасады. Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол командасы 14 сәуірде өткізген бірінші үйдегі матчта Қызылорданың «Байқоңыр» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ойынның бірінші таймында есеп ашылмады. Матчтың екінші кезеңінде «Оқжетпес» жиі шабуылдап, 60-шы минутта команда капитаны Әлібек Бөлешев есеп ашса, 78-ші минутта Санат Жұмақанов «Байқоңыр» командасының қақпасына екінші гол соғып, басымдылықты күшейтті. Бұл Көкшетау футбол командасының Қазақстанның Бірінші Лига Чемпионатының аясында өткізген үшінші кездесуі. Барлық үш кездесуде «Оқжетпес» командасы жеңіске жетті. Бұл арқаны кеңге салып, босаңсуға болады деген сөз емес. Біздің ойыншыларға премьер лигаға шығу үшін барын салу керек.

«Оқжетпес» футбол командасы кеше 18 сәуірде өз алаңында алматылық «Қайратты» қабылдап, 5:3 есебімен жеңіліс тапты. Ойынды тамашалауға 4500-ден астам жанкүйер жиналды. Бұл ойын жергілікті аяқ доп шеберлерін алдағы кедесулерде ширақ ойнауға жетелемек.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий