Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Ақмола облысына жұмыс сапары

Қазақстанның Премьер-министрі Кәрім Мәсімов 5 тамызда жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді. Үкімет басшысы алдымен өңірдің индустриалдық аймағы – Степногорск қаласында өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, кейіннен Бурабай ауданында 2 жиын өткізді. Оның бірі Астана қаласының аумағында азық-түлік белдігін қалыптастыруды дамыту жайында болса, екіншісі Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту мәселесіне қатысты болды. Үкімет басшысымен облыс әкімі Сергей Кулагин бірге жүрді.

Бурабай ауданында Үкімет басшысы Щучинск қаласының «Мирас» көпсалалы мектеп-гимназиясында өңірдің педагогикалық ұжымымен кездесті. Дөңгелек үстел форматында өткен бұл кездесу барысында К.Мәсімов облыстың білім беру ұжымдарының басшыларымен шағын жинақты мектептерде білім берудің заманауи үлгісін енгізу мәселесі және оларды білікті кадрлармен қамту мәселесін талқылады. Жалпы, Ақмола облысындағы 578 мектептің 401-і (69%) шағын жинақты мектеп болып есептеледі және олардың 397-сі ауылдық жерлерде орналасқан. 401 шағын жинақты мектептердің 75-і бастауыш, 144-і – негізгі, 182-і орта мектептер. Оларда оқитын 26 582 оқушыға 6220 мұғалім сабақ береді. Атап өту керек, білім беру жүйесі дамуының жаңа кезеңіне көшкен Қазақстан Республикасы шағын жинақты мектептердің мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Олар үшін ресурстық орталықтар құрылып, интернаттық ұжымдар желісі дамытылуда, жақын маңдағы ауылдардан мектеп-интернат оқушылары үшін сапалы ауыз су мен тамақ жеткізу ұйымдастырылуда. Одан соң Премьер-министр егін жайларды аралап, «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүтті-тауарлы фермасына бас сұқты. Бұл шаруашылықта ағымдағы жылы 30 мың 961 га ауылшаруашылығы дақылдары егілген екен, оның ішінде: бидай – 16084 га, арпа – 5963 га, сұлы 671, дәнді-дақылдар – 3 414 га, бұршақ дәнділер – 208 га, жем-шөптік – 4621 га. Астықтың орташа өнімі гектарынан 14 центнерді құрайды. Сондай-ақ, үкімет басшысы осы күні өңір басшыларымен және облыстың ірі ауылшаруашылығы өкілдерімен бірлесіп Астана қаласының аумағында азық-түлік белдігін қалыптастыруды дамыту және ауылшаруашылығы өнімдерін сату мәселелерін талқылады. Еске сала кетейік, бүгінгі күні Ақмола облысының 128 кәсіпорны Астана қаласының 25 сауда базарларында, 28 сауда үйлеріне, 10
сауда нүктелеріне өнім жеткізіп отырады. 2015 жылы облыс елордаға 20,9 мың тонна ет және ет өнімдерін, 779,3 миллион дана жұмыртқа, 248,3 мың тонна картоп жеткізіп жалпы қажеттіліктің 50 пайызын қамтыған. Астана қаласының аумағында азық-түлік белдігін қалыптастыруды дамыту аясында 2009-2015 жылдары ортақ соммасы 83,7 миллиард теңгенің 104 жобасы жүзеге асырылған. 2016 жылы 9 миллиард теңгенің тағы 10 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 5 айында Астанаға 18,1 мың тонна көлемінде сүт өнімдері, ет және ет өнімдері – 5,6 мың тонна, тағамдық жұмыртқа – 74,9 миллион дана жеткізілген. Жиналысқа бірқатар орталық, мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының басшылары мен Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және туристік қауымдастық өкілдері қатысты.

Ақмола облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс