Пәтер дауы, жер заңы…

Қала әкімі аптаның әр жұмасы сайын қала тұрғындарын өтініштері бойынша қабылдап жүр. Өткен жұмада 7 адам келді. Осы жолғы да, бұдан бұрынғы шағымданушылардың да дені пәтер алуға тұрған кезегінің тезірек жылжуы, тізімнен басқа бағдарламаға ауысуы, арендалық тұрғын үй алу үшін алғашқы салымына көмек сұрау, көзін іздеу. Пәтер алғандардың тізімге кейбір отбасы мүшелерінің енбей қалуы, мегедектер арбасы жүруіне қолайсыздық. Жердегі үйлері, саяжай тұрған жер телімдері құжаттарының дұрыс толтырылмауы. Бір тұрғынның нөмірі ауысқан саяжайы дауымен есік тоздырғанына бес жыл… Әйтеуір, пәтер дауы, жер зары толас табар емес. Қаламызда жүріп жатқан қарқынды құрылыс қана бұл күрделі мәселелердің түйінін түпкілікті шешеріне кәміл сенеміз.
Гагарин көшесі 11 үйде тұратын Әсем Нұғыманованың шағымы елең еткізерлік. Үйі Қопа көлінің жағасында, «Ақ желкен» қонақүйінің маңайында екен. Жағалай көп қабатты үйлер бой көтеруде. Олардың құлаш-құлаш қазықтары дүрсілдеп қағылғанда жер солқылдап, көне үйлер зардап шегуде. «Көршіміздің үйі түгел құлап қалды. Біздің үйіміздің жартысы құлады», – дейді Әсем. Ол қашан ескі үйі сүріліп, әкімшіліктің жаңа пәтер беретінін білуге келіпті. Арыз жазып, кезекте тұрғанына он жыл.
Шынында, көлді жағалай салынар жол үстінде тұрған үйлерді ғана әкімшілік сатып алмақ. Ал, Гагарин 11 үй оған кірмейді. Оларды сол маңнан үй салатын жеке компаниялар саудаламақ. Қала басшысы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Ю.Шидловскийге сол компаниялар басшыларымен сөйлесіп, сатып алу мәселесін мерзімінен бұрын шешіп, арызданушының қолына қаражат тиюіне ықпал етуін тапсырды.
Сүлейменов көшесі 6-шы үйдің тұрғыны Жансерік Жүсіпбеков үй жертөлесіне су толатынын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысшыларының сол сәтте ғана судан тазартып, оның себебін тауып, жөндемейтінін, олар кеткен соң қайта су толатынын айтып, шағынды. Сондай-ақ, былтыр үй ауласына балалар ойын алаңы салынғаны үшін алғысын жеткізді. Енді, өзі сияқты зейнеткерлерге құрыс-тұрыстарын жазып, денсаулықтарын жөндеуге жаттығу қондырғылары орнатылса деген өтінішін айтты. Әкім бұл мәселені де Ю.Шидловскийге жүктеді.
Қ.Әміроваға өткен жылы «Сарыарқа» шағын ауданынан жаңа пәтер берілген. Бірақ, жұмысы орталықта болған соң жаңа пәтерін жалға беріп, өзі орталықтан пәтер жалдап тұр. Жаңа пәтері мүгедек баласының қозғалысына қолайсыз көрінеді. Пәтер бөлмелерінің есіктері мүгедектер арбасының кіріп-шығуына есептелмеген. Арызы – жаңа пәтерін жалдап тұрушыларға ресми, жазбаша рұқсат беруді сұрайды. Оған арендалық пәтер болғандықтан ондай құжат берудің заңсыз болатыны түсіндірілді.
Айнагүл Шамратова 2006 жылы кезекке тұрған. 117-ші болып тұр. Кейін шыққан «Бақытты отбасы» бағдарламасының мән-жайын білгісі келеді. Өзіне сол бағдарлама кезегіне ауысқан қолайлы ма, жоқ па? Әкім нұсқауымен қабылдауға қатысып отырған мамандар оның сұрақтарына толық жауап берді.
Б.Бабаева тамыз айында ғана «Сарыарқадан» екі бөлмелі пәтер алған. Қазір онда өзі, екі баласы, екі келіні, төрт немересімен тұрып жатыр. Кезекке тұрғанда жолдасы дін аман, қызы да үйде болған. (Қазір жолдасы қайтыс болған, қызы тұрмыста). Ол қайта-қайта ұсынса да отбасы мүшелерінің кейбіреуі құжатқа енбей қалған. Енді сұрайтыны алдында әкімшілік уақытша деп берген 13 шаршы метрді құрайтын жатақхана бөлмесі өзінде қалдырылса, дейді. Басшы оның өтініші бойынша пәтер алғанын, сол себепті жатақхананы оның иелігіне қалдырудың заңсыз болатынын айтты.
Сексен жастағы М.Алшынбаев ақсақалдың дауы бес жылға созылып, әлі шешілмей шаршатқан. Оның иелігіндегі «Приборостроитель» бау-бақша бірлестігіне қарасты Вишневая 239-шы саяжай қолдан-қолға өтіп, ақыры сыртынан сатылып кеткен. Оның айтуынша жалған құжат берушілер із жасыру үшін ол нөмірде орналасқан саяжай нөмірін жоқ қып жіберген. М.Алшынбаев орын алған заңсыздықтарды көрсетіп Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға, ұйымдасқан қылмыспен күресуші мекемелерге дейін арызданған. Олар жергілікті органдарға жолдаса керек. Ақыры дау сотта қаралған. Сот жер да-уын, саяжайды кім кімге сатты, заңды иесі кім, кім кімге қолхат берді деген сияқты мәселелерді саралай келе саяжайдың арызданушының иелігі емес екендігі туралы шешім шығарған. Қала басшысы сот үкіміне тоқтауға тиіс екендігін айтты. Дегенмен, тиісті бөлімдерге алға қарай мұндай даулар туындамас үшін, саяжайлар тізімін қайта қарап, реттік нөмірлерін нақты анықтап, жүйелеу жөнінде тапсырма берді.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий