Пәтер ұрлығы

Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы басшысының жедел жұмыс бойынша орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Ағзамұлы Битақов пәтер ұрлығының алдын алу шаралары жайлы әңгімелейді.

– Бүгінде Көкшетау қаласында пәтер ұрлықтары өзге қылмыстармен салыстырғанда қандай орын алады?
– Облыс орталығында жасалатын барлық қылмыстардың 70 пайызын ұрлықтар құрайды. Соның ішінде, пәтер ұрлықтарының жалпы саны 12 пайызға жуық. Соңғы жылдарғы жағдай көрсеткеніндей, бұл көрсеткіш бір деңгейде тұр.
Қазіргі пәтер ұрлықтарының ерекшеліктеріне келер болсақ, тіпті күрделі құлыптар да, терезелердегі тор да қылмыскерлерге бөгет болмайды. Жергілікті кәнігі ұрылар өрескел қылмыстар жасаудан сескенеді. Себебі, кез келген уақытта айғақталуы мүмкін. Статистика көрсеткеніндей, облыс орталығында көбінесе өзге аймақтардан келген ұры-гастролерлер әрекет етеді.
– Осы ойыңызды нақтылай түссеңіз?
– Ұрлық кәсіби деңгейде жасалған кезде, түрлі құрылғыларды, яғни жезбезекті кілтті пайдаланады. Ал, бұрын сотталған тәжірибелі ұрылар белсенді әрекеттерден алшақтап, тек басшылық жасаумен айналысады. Олар көбінесе 20-25 жастағы жас адамдарды пайдаланғанды жөн санайды. 3-4 адамнан құралатын топтың әрбіреуінің өз міндеті бар. Бөлініс мынадай: жүргізуші, екі «жаяу жүргінші», құлыптарды ашушы. Кәсіпқойлар, әдеттегідей, құлыптардың белгілі бір түріне маманданады: кейбіреулері қытайлық құлыптарды тез ашады, басқалары терезелерді бұзады.
– Әдеттегі ұрлық қалай жүзеге асырылады?
– Сценарий барлық жерде бірдей: N санды адамнан тұратын топ қалаға машинамен келеді, жалдамалы пәтерде тоқтайды. Кез келген үйдің ауласына келген соң, жүргізуші мен кәсіпқой машинада қалады. Екі «жаяу жүргінші» барлау-тексеру жүргізеді: подъезге кіреді, сәйкес келетін құлыптарды қарайды, көршілермен сөйлеседі. Егер баспалдақ алаңшасында ешкім болмаса кәсіпқойға қоңырау шалып, пәтер нөмірін атайды. Ол көтерілген сәтте бір барлаушы бір қабат жоғары, екіншісі төмен орналасады. Жүргізуші машинадан жағдайды бақылап отырады. Кәсіпқой есікті ашып, содан кейін үшеуі пәтерге кіреді немесе біреуі бақылауда қалады. Әрбіреуі өзіне бір бөлмеден алып, тінтуді
бастайды. Пәтерді қарауға және құнды заттарды жинауға 10-15 минут жұмсалады. Ұрыларды әдеттегідей, ақша мен алтын қызықтырады. Алайда, соңғы кездері ноутбуктерді ұрлау жиілеп кетті Себебі, оған сұраныс үлкен. Сонымен қатар, қаракүзен тондарды да алады. Әлбетте ұрлық күннің бірінші жартысында, балалар мектепте, үлкендер жұмыста болған кезде жасалады.
– Тұрғындарға қандай кеңес бересіз?
– Егер сіздер еріксіз пәтер ұрлықтарының құрбаны болсаңыздар, онда ұрланған заттарды толығырақ сипаттауға тырысыңыздар. Бұл – жедел қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді және ұрланған затты заңды иесіне қайтаруға мүмкіндік береді. Осылайша, қарапайым ережені сақтай отырып, пәтер ұрлығының алдын алу біздің қолымыздан келеді. Күдік тудырарлықтай жағдайларға душар болсаңыз «102», 25-78-05 телефондары бойынша Көкшетау қаласының ішкі істер басқармасына хабарласыңыздар.
Сұхбатты жүргізген Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің маманы

Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс