«Рахман қайнарының» қызықтары

Жылда бір келетін демалысты қалай, қайда өткізудің де пайдасы көп. Кейбіреулер шетелге барғанды ұнатады. Ондағы – жер көру, басқалардың салт-дәстүрімен танысу. Ал, өз басым бостан-босқа шығынға батпай, өз еліміздің көрікті де, шипалы санаторийлерінде демалғанды ұнатамын. Төменде журналист Мұхамедрахым Ногаевтың «Рахман қайнары» шипажайынан жазған жолжазбасын жариялап отырмыз.

«Рахман қайнары» шипажайына бару үшін алдымен Астанадан ұшақпен Өскемен қаласына 1 сағат 15 минутта ұшып бардық. Әуежайдан түсіп, «Турист» мейманханасына орналастық. Таң атқанша әжептәуір уақыт болғандықтан қаланы аралауға шықтық. Сәулетті Астанадан кейін аймақтағы қалалар кішкентай болып көрінеді екен. Осындайда Елорданың ерекше қарқынмен, күн санап өсіп келе жатқанына тағы бір көзің жеткендей болады. Бірақ, еліміздің әр қаласы өзінің ерекшеліктерімен жақсы әсер қалдырады. Шығыстың бас қаласы Ертіс пен Ульба өзендері қосылатын жерде орналасқандықтан кешкі мезгілде жастардың серуендейтін сүйікті орнына айналады екен. Барлық жердегідей көше бойы орналасқан дүкендер, сұлулық салондары және тағы басқа шағын немесе орта бизнес нүктелері елдегі молшылық пен тоқшылықты көрсетіп тұр. Бұл өңірде алғаш рет болғандықтан мен үшін бәрі қызықты, бәрі ерекше көрінді. Таңертең сағат 8-00-де шипажайдың автокөлігі «Торпедо» спорт сарайының алдында демалушыларды күтіп алып, сапарға аттандық. Таулы аймақтың табиғаты өзгеше және әдемі, даладағы сияқты алыстан көрініп тұрған ауылдар жоқ. Биік нысаналар көзге ілінбейді, алдыңда үлкенді-кішілі тау өркештері ғана. Жолымызда бірінші атбасын тірегеніміз Серебряковск қаласы болды. Осында орналасқан комбинатта мыңдаған жұмысшылар Таулы Алтайдың байлықтарын қазып алып, балқытып, өнім шығарып жатыр. Біздің жүргізушіміз Петр деген жігіт осы өңірдің тумасы болғандықтан жолды да, өңірдің жағдайын да егжей-тегжейлі суреттеп айтып отырды. Алға жылжыған сайын тау өркешіне көтеріле бердік, төменге қарасаң ағып жатқан өзен бұлақтай болып көрінеді. Тау жолы тар болғандықтан автокөліктің жылдамдығы баяу, оның үстіне күрт бұрылыстар аяқ астынан кездеседі. Зырян ауданының төңірегіне кіргесін жолдың жиегінде дәмхана бар екен, осында ат шалдырып, біраз дем алып, ауқаттандық. Әрі қарай жол сапары Үлкен Нарым ауданында жалғасты, бұл төңіректің белгілі табиғат нысаны – Бұқтырма су қоймасы таудың етегіндегі терең және таза суымен көзді қызықтырып жайылып жатыр. Катон-Қарағайға жақындай бере жүргізушіміз осы төңіректің тағы бір сырын мәлімдеді. Ұлы Отан соғысынан кейін тұтқындалған Австрия солдаттары Тарбағатай тауларынан тікелей өтіп, Қытайдың шекарасына шығатын жол салған, сол жолдың әлі күнге дейін іздері сақталған. Кезінде үлкен ауданның орталығы болып, осы күнде Үлкен Нарым ауданының құрамына кірген Катон-Қарағай елді мекені өзінің маңыздылығын жоғалтпаған секілді, көшелері таза, үйлердің қоршаулары сырланған, жанашыр адамы бар сияқты. Жүргізушінің айтуы бойынша осы жерде сауда-саттық және басқа қызмет орындары таусылады, әрі қарай барыңды базарлап жылжисың. Өрелі деген елді мекенге жеткенде асфальтымыз да бітті, енді «УАЗ» автокөлігіміз баяулап тауға көтеріле тартты. Жоғары көтерілген сайын қардың қалыңдығы өсе бастады, «бұл қар енді қашан еріп болады» дегенде жүргізуші «маусымда» деп қысқа жауап қайырды. Тау өркешінің шыңына жеткенде жүргізуші Петр көлікті тоқтатып, жымия бізге қарап былай деді: «Жоғары қараңыздар, 4500 метр биіктікте атақты Белуха шыңы жатыр. Егер сіздер ақ жүректі, жақсы адам болсаңыздар, ойларыңыз таза болса тау жарқырап ашылып, табиғаттың ғажайып кереметін көресіздер. Егер қара ойлы, өзгелерге жақсылық тілемейтін нашар адам болсаңыздар Белуханы тұман басып, ештеңе көре алмайсыздар». Әлемнің біраз жерлерінде осындай наным-сенімдер, аңыздар қалыптасқанын білеміз. Мұнда да солай болғаны. Петрдың нұсқаған бағытына қарасақ, биіктікте аппақ болып итбалық тәрізді дәу жануар жатқандай. Екі көзі, тұмсығы қап-қара, денесі ұзын. Енді, міне, сенбей көр аспандағы құдіреттің күшіне! Жалма-жан Белуха шыңын суретке түсіріп алып, өзімізді бақытты адам сезіндік. 6 шақырымнан кейін шипажайдың бақылау-өткізу орнына жеттік. Бізді жақсы қарсы алып жаңадан салынған коттеджге орналастырды, алыс жолдан келдіңдер деп асханада тағам дайын тұр екен, жолда көрген кызықтарды әңгімелеп мәре-сәре болдық. Таңертең далаға шықсам қарағайдың жұпар иісінен бас айналғандай екен! Ауа сондай таза, оттегін қасықтап жұтқандайсың, кеудең кеңіп, денең жеп-жеңіл болып жүре берді! Келісімен дәрігер 3 мәрте тамақтың алдында қайнардың суын ішуге нұсқау берген, сондықтан жердің астынан су атқылап тұрған жерге бардық. Ол орынды бювет деп атайды, маңайы қоршалған, шыққан судың ағып кететін орны бар, радон суының тұрақты жылылығы 39. Сағат тоғызда дәрігер қабылдап, салмағыңды өлшейді, қан қысымыңды тексереді, содан кейін процедураларға рұқсат береді. Жолдамаға тиісті радон ваннасы, массаж, үш түрлі душ, панты ваннасы тағы да басқа қызметтер ұсынылады. Мысалы, менің қан қысымым күнделікте 160 болатын, төрт күннен кейін 130-ға түсті, өзімді жақсы сезіндім. Тамағы өте жақсы, кешінде бардың ішінде бильярд ойнайсың, кино көресің, түнгі сағат 2.00-ге дейін сайрандауға уақытың бар.
Қайнардың ашылуы жөнінде екі түрлі аңыз бар. Біріншісі былай тараған: 1763 жылы Рахманов деген аңшы қазақ жараланған маралдың ізіне түсіп, қудалап келсе жануар буы бұрқыраған ыстық судың ішінде тұр екен. Далада қыстың аязы тұрғанда мынандай табиғаттың құбылысы ақсақалды таң қалдырады. Жақындай келе қараса маралдың жарасы тартылып, көлдің арғы жағына аман-есен өтіп, өз жайына жүре берген. Ревматизм ауруымен сырқаттанып жүрген аңшы табиғаттың емді суына шомыла бастап екі жұмадан кейін сауығып кетіпті. Екінші аңыз былай тараған: Абдрахман деген аңшы қазақ қыста аң аулауға барғанда адасып кетіп, таудың ойпатында жерден шығып жатқан ыстық суды көреді. Жаурап қалған аңшы ыстық суға шомылып, есін жинап алып денесінде жеңілдік сезініп, үйіне оралады. Келісімен ағайын-туыстарына жағдайды айтып, көлді көрсеткен. Сондықтан көл Абдрахман қайнары деп, кейінірек қысқартылып Рахман қайнары аталған. Екінші аңыз шындыққа жақын, өйткені жергілікті қазақтар қайнардың суын ертеден-ақ пайдаланған. Ал, Алтайға келген орыстың жер аударылғандары бұл қайнарды бертін білген. 1893 жылы Сібір батальондарының штаб-емшісі Попов Рахман қайнарының емді суларының құрамын зерттеп: «Бұл жердің суы тері ауруларына және жарақат алған солдаттарға пайдалы», – деген пікір айтқан. 1932 жылы Рахман қайнарын Мәскеудің Орталық мемлекеттік курорттарды бақылайтын инспекциясының экспедициясы зерттеп, жақсы бағалап, пайдалануға ұсыныс берген. «Рахман қайнары» курорты 1934 жылға дейін жұмыс істеп, автокөлік қатынасының қиындығынан, қаладан шалғай болғандықтан жабылып қалған. Бірақта жергілікті халық өздері пайдалана берген. 1960 жылы Зырян мырыш-цинк комбинаты осы жерден 144 орындық шипажай-профилакторий ашып, жол салады. Бүгінде «БИПЕК» автохолдингі мен «Азия» автозауыты шипажайдың жаңа тарихын жазуда. Осы барғанымызда оншақты жаңа коттедждер салынғанын көрдік. Заманауи мейрамхананың құрылысы бітіп қапты. Мұсылман қауымына тамаша мешіт жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, дем алып, денсаулық жақсартуға барлық жағдай жасалған. Түркияның курорттарында, Кавказдың шипажайларында болдым, бірақта Шығыс Қазақстандағы «Рахман қайнарының» табиғатының әсемдігі, ауасының тазалығы, радон суының пайдалылығы олардан асып түспесе кем емес. Барыңыздар, көріңіздер отандық брендті. Шіркін, кең-байтақ қазақ жерінде көрсе көз сүйсінер көркем, әрі шипалы жерлер көп қой. Өз еліміздің, жеріміздің қадірін ұмытпайық, ағайын!

Мұхамедрахым НОГАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана – Өскемен – Рахман қайнары – Астана.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс