«Регион Стройдың» алғашқы панель үйлері

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске қосылған «Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темір-бетон бұйымдарына сұраныс артып келеді. Аталған кәсіпорын шығаратын панельдерден салынған алғашқы тоғыз қабатты тұрғын үй «Юбилейный» мөлтек ауданында жақында пайдалануға берілмекші.

Бүгінде комбинат қабырға панелі, түрлі құрылымдар мен төбені жабуға арналған плиталар және қоршаулар шығарады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірде тұрғын үй құрылысын кеңінен өрістету үшін құрылыстық бұл материалдарға сұраныс арта түсуде. Сол себепті еліміздің басқа өңірлерімен де байланысты нығайтқан жөн. «Алғашқы уақытта құрылыс материалдарының үш түрін ғана шығардық. Комбинат толық қуаттылығына көшкеннен бастап баспалдақтар, түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдар шығаруды қолға алды. Біздің бұл өнімдеріміз облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысына кеңінен пайдаланылуда. Өнімнің негізгі бөлігі елорданың құрылыс нысандарына жөнелтілуде», – дейді серіктестік директоры Александр Дворцевой.
Тұрғын үй комбинатында 100-ге жуық адам жұмыс істеуде. Олар тағы да екі панельді үйдің құрылысын қалауды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуына қарағанда, қазіргі панельдер бұрынғы керамзиттен әлдеқайда сапалы әрі сәнді. 18 сантиметрлік жылу қорғағыш жамылғысы бар. Қазір кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен қиыршық тасты пайдаланып отыр. Құрылысқа қолданылатын материалдар қатаң бақылаудан өтеді. Өйткені, олар сапа стандарттарына сай келуі тиіс. Мамандар тұрғын үй құрылысында жергілікті бетон бұйымдарын пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түсетіндігін айтып отыр. Кеңес заманынан бері құрылыс материалдарының ішінде панель «мықтылығын» дәлелдеді.  Ол кезде құрылысқа қазіргідей жылытылған панель емес, қарапайым панель, кейін керамзит панель пайдаланылған. Бертін келе сэндвич панель шықты. Оның басты ерекшелігі көпқабатты тұрғын үйлерді әрлеу ісінде де онша көп жұмыстың қажеті жоқ. Себебі, қабырға панельдері сыланбайды, сосын әдеттегідей құрылысқа қажетті өрмек тор салынбайды. Панельді қабырғалардың бойынан пластик құбырлар, электр сымдарын өткізу үшін зауытта арнайы орындар қалдырылады. Көкшетау қаласында пилоттық жоба ретінде алғашқы қолға алынған нысан «Юбилейный» мөлтек ауданында былтыр құрылысы басталған тоғыз қабатты тұрғын үй. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 90 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй жақында пайдалануға берілмек. Жоба құны 750 миллион теңгені құрайтын бұл үйдің 18 үш бөлмелі, 36 екі бөлмелі және осыншалықты бір бөлмелі пәтерлері бар. Ішкі бөлмелердің аумағы кең. Қабырға панельдері үшқабатты, ортасына пенопласт плиталары салынған. Құрылыс нысаны фин технологиясымен салынуда. Бұрын 90 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй монтажына екі аптадан артық уақыт жұмсалса, қазір құрылысшылар бұл жұмысты тоғыз күнде аяқтайды. Сонымен бірге энергия үнемдеу технологиясы да тиімді пайдаланылуда. Келешекте «Регион Строй» серіктестігінің озық тәжірибесі кеңінен насихатталып, панельді тұрғын үйлерді көптеп салуға даңғыл жол ашары сөзсіз.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс