Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ

Кешегі күні Ұлы Отан соғысының қырғын соғыстарын бастан кешіріп, қаһармандылықтың, табандылықтың, өжеттіктің үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыздың жауынгерлік, ерлік және еңбек дәстүрлерін бүгінгі өскелең ұрпақ шынайы өмірде, қарулы күштер қатарында азаматтық борышын өтеу жолында өнегелі істерімен сеніммен жалғастырып келеді.

1945 жылдың сәуір айы Ұлы Отан соғысының ең шешуші, ең қиын жауапты кезеңі еді. Сол себепті де кеңес жауынгерлерінің назары фашизмнің соңғы қамалы – Рейхстагқа ауған. «Гиммлер үйі» мен Рейхстаг арасын үлкен жасыл алаң бөліп тұр. Небәрі 300 метр! Мыңдаған шақырым жерді кескілескен ұрыспен жүріп өткен кеңес жауынгерлері құзғындардың ең соңғы ұясы – Рейхстагты алғанға дейін әлі де едәуір шығындар болатынын жақсы түсінді. Герман фашизмінің күлі көкке ұшатын тарихи кезең жақындап қалғанымен қансыраған жаралы жаумен соңғы айқас асқан ерлік пен батылдықты қажет етті.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Астана түбіндегі Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келді. Ол ата-анасынан ерте айырылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Өмірі және ФЗУ туралы Қошқарбаев өзі жазған «Штурм» деген кітабында жан-жақты баяндайды. Оның балалық шағы туысқансыз және жанашырлық білдіретін адамдарсыз өтті. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. Отан-ананың тәрбиесі бойына сіңген бала-жігіт Ұлы Отан соғысы басталған соң-ақ, елін жау қолынан азат етуге бел буады. Ол осы ізгі мақсатпен 1942 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Осы жерде Рақымжан алыстағы арманы болған күтпеген жағдайға тап болады: жігерлі жас жігітті баяғыда НКВД құрсауына түскен әкесі іздеп тауып, әке мен бала Фрунзеде сағынысып жолығысады. Ардақты әке осылайша сүйікті ұлының сапар жолына ақ батасын береді. Ә дегеннен-ақ, атқыштар дивизиясына түскен Р.Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап 1-Беларусь майданында взвод басқарады, Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасады. Ержүрек жас жауынгер сүйікті елін жау қолынан босатуға жан аямай соғысады.
1945 жылдың 30 сәуiрiнде, Қостанайда жасақталған 150-шi атқыштар дивизиясы Рейхстагқа шабуыл жасайды. Жаңбырдай жауған оқтан жасқанбаған лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов, фашистер тiрегiнiң кеңсесiне бәрiнен бұрын жетiп, Жеңiс туын Рейхстагтың бiрiншi қабатына тiгедi. Жүрек тебірентерлік осы оқиға жайлы Рақымжан Қошқарбаев естелігінде былай деді:
«Сәуірдің 30-ы күнгі сағат 18 бен 19-дың аралығындағы біздің көңіл күйімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өзіміздің тірі екенімізге, фашизмнің ордасы – Рейхстагтың дәл өзінде тұрғанымызға сенер-сенбесімізді білмедік. Қуанғанымыздан көзімізден жас шыққанын да аңғармай қалдық. Біз сол кезде әлі жас едік. Вяткалық Григорий Булатов болса он тоғызда, ал мен жиырмадан жаңа асқан едім. Сол күні жеті сағат ішінде (сағат 11-ден 18-ге дейін) тақтайдай жазық, еш бұдырсыз асфальт үстімен, жаңбырша жауған оқ астында бар-жоғы 300 метр ғана жер жылжыппыз… Шынында да, біз туралы талай кітаптар да, естеліктер де жазылды. Рейхстагты алуға қатысқаным үшін үкімет мені «Қызыл Ту» орденімен наградтады. Ұлы Отан соғысының тарихы жөніндегі кітаптарда менің есімім Рейхстагқа бірінші ту тігуші кеңес жауынгерлерінің қатарында аталады». («Қазақстан коммунисі», 1970, №5).
Осы ерлiгi үшiн 150-шi дивизия басшылығы қазақ жауынгерiне Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы ұсыныс жасайды. Алайда, сол кездегi КСРО басшылары әдiлетсiз шешiм қабылдап, Қошқарбаевқа ең жоғарғы награданың орнына «Қызыл Ту» орденiн береді. Арада жарты ғасыр өткен соң, ресми Мәскеу тарихи қателiктi түзетiп, қазақ батырының ерлiгiн мойындауға мәжбүр болады. Тарихи деректерге сәйкес, сол күнi Рейхстагтың төбесiнде 40 жалау желбiреген екен. Алайда, олардың тек тоғызы ғана Жеңiс туы, қалғандары шабуылға қатысқан әскери бөлiмшелердiң байрақтары көрiнедi. Қазақ батырының нағыз Жеңiс туын бәрiнен бұрын тiккенi бүгінде әбден дәлелденді. Ұлы Жеңістің 62 жылдығы қарсаңында қазақстандықтар үшін үлкен қуанышты жаңалық болды. Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккені расталды. Ресей осы ерлікті айқындайтын құжаттарды еліміздің мемлекеттік мұражайының қорына табыс етті.
150-ші дивизияның «Воин Родины» атты газеті 3 мамыр күні естен кетпес фактілер деп хабар берді. Сол хабарда: «Рейхстагқа алғаш жеткен және оған жалау тіккендер – лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Булатов. Жеңіс туын тіккендер – Егоров пен Кантария. Рейхстагқа алғаш өз әскерлерімен Сьянов, Гриченков, Неустроев, Давыдов, Логвиненко басып кірді», – деп жазды. Қазақстандық майдангеріміз Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстаг баспалдақтарына бірінші боп жетіп, бірінші болып ту тіккендігі, Жеңіс туын қадағандары үшін Кеңес Одағының Батыры атағын М.Кантария мен М.Егоровқа берілгендігі «Знамя Победы» («Молодая гвардия», 1975) кітабында зор ілтипатпен жазылған. Қазақ офицерінің айтулы ерлігіне осы операцияда ерекше көзге түскен дивизия командирі В.Шатиловтың «Знамя над Рейхстагом», полк командирі Ф.Зинченконың «Герой штурма Рейхстага», батальон командирі С.Неустроевтің «Путь к Рейхстагу» кітаптарында да лайықты орын берілген. Рақымжан аға жайлы өзіміздің қазақ жазушылары да қалам тербеді. Кәкімжан Қазыбаевтың, Мұзафар Әлімбаевтың шығармалары жұртшылықтың көңілінен шығып, жоғары бағасын алды. Өмірден ертерек озса да, артына өшпес із қалдырды. Жаңа астанамыздың үлкен көшелерінің біріне батырдың есімі, Елбасының Жарлығымен Халық Қаһарманы құрметті атағы беріліп, халқымыздың сүйіспеншілігіне бөленді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс