Руханият кеші өтті

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің ұжымы жазушы Төлеген Қажыбайдың 75 жасқа толуына орай руханият кешін ұйымдастырды. Білім ордасына кіргеннен-ақ жерлес қаламгерге деген құрметті байқадық. Жазушыға арналған баннер, фотосуреттер, көрме алдын ала ойластырылған дүниелер екені көрініп тұр.

Студенттер қаламгердің балалық шағынан қазыналы қария жасына дейінгі өмірін баян етіп, өлеңдерін оқып, драмалық шығармаларынан сахналық көріністер дайындады. Әсіресе, прозалық шығармаларынан оқылған үзінділер жүректі тербеді. Кештің өн бойында жазушының әндері шырқалды. Студенттер қаламгер ағасына төл туындыларын да арнады. «Төлеген ғұмыр» деп аталған руханият кешіне облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, қаламгерге облыс әкімінің алғыс хатын оқып, тарту-таралғысын жасады. Облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов пен Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат та ақ тілегін жеткізді. Руханият кеші прологтан бастау алды. Онда қаламгердің балалық шағы, студенттік кезі, отбасылық өмірі, шығармашылығы, кемелденген шағын жастар бейнеге салып баяндады. Жазушының сол кезеңдерде түскен суреттері тақырыпқа орай бейнекөрініс түрінде ұсынылды.
Студенттер Төлеген Қажыбайдың «Ұмытпа мені, Гәккуім!» атты драмасынан үзінді көрсетіп, Үкілі Ыбырайдың жазықсыз жапа шегіп, үштікпен айып тағылған ащы шындықты тартымды ойнап шықты. Ал, Қуаныш Қайырова «Аран» повесіндегі Кенжештің ауыр тағдырын ой саларлықтай оқып берсе, «Әупілдек» әңгімесінен үзінді оқыған Фариза Еншілес жүректерді толқытты. Сондай-ақ, қаламгердің «Пайғамбарға мінәжат», «Тектілік пен тексіздіктің арасы» атты өлеңдері жатқа оқылып, халыққа кең танымал «Әгугәй, домбыра», патриоттық бағыттағы «Ұландар маршы», «Отан-ана» әндері шырқалды. Руханият кешінің ой саларлық тұстары көп болды. Ұзын-сонар баяндаулар емес, әдеби-мәдени жыр мен ән кешінен жастар да көңіліне көп нәрсені түйіп тарқады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий