Рухани жаңғыру – көне тарихты тірілту

Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жария-ланғанына екі жыл толуына орай ашық аспан астында этноауыл жасақталып, көрме ұйымдастырылды.

Этноауылда қазақтың салт-дәстүрі насихатталды. Осы аумақта театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Мәдениет саласының мамандары көрпе тігу, киіз басу, жүн иіру, қыз жасауының  үлгілерін көрсетті. Еліміздің өткен тарихы, осы өңірден шыққан арғы-бергі танымал тұлғалар, қызық дерек, көне суреттер ұсынған көрмелер, музей мұрағаттары көптің көңілінен шықты. Жергілікті өнерпаздар ән-күйден шашу шашты.  Красный Яр селосының Ұлттық спорт мектебі бастаған әкелер қауымы аңшылық, саятшылық, «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық ұйымы асық ату өнерін паш етті.

«Басты мақсат – қала тұрғындарына, әсіресе, жастарға салт-тұрмысымызды таныстыру, қолма-қол, көз алдында көрсету болатын. Этноауылда ұлттық салт-дәстүрлеріміздің керемет үлгілерін көрсетуге тырыстық. Қала жастарының көбі мұның бәрін біле бермейді. Рухани жаңғыру өзіміздің озық ұлттық дәстүрлерімізге бет бұрып, төл арнамызға – қазақтың өзіндік ұлттық даму жолына түсу. Облыс орталығында мәдени ошақтардың жөнделуін айтпағанда, көрнекті ұлт көсемдерін, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қатысты жобалар жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары мұражайлар, клубтар мен кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Атқарылған жемісті істер өңір өрендерінің шығармашылық қабілетін ұштап, түрлі жарыстарда топ жаруына септігін тигізуде», – деп атап өтті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова.

Арнайы тігілген ақ шаңқан киіз үйлердегі текемет-кілемдер, тоқыма үлгілері, тақия мен қамзол-кәжекейлер, жүннен жасалған небір кәдесый заттары халқымыздың қолөнер шеберлігінің шыңын паш етіп тұрғандай. Жайылған ақ дастарханда ұлттық тағамдар дәмділігімен елді тамсандырды. Әсіресе, Көкшенің қымызы, құрты мен майы, женті және балқаймағынан дәм татқан қонақтар таңдайларын қағып, риза болды.

«Кезінде Ақмолада Қоянды жәрмеңкесі өткізілгендігін тарихтан білеміз. Алаңда мұндай шараның ұйымдастырылуы қала қазақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Этноауыл өзіндік ерекшелігімен айшықталды, көрмелерден көп нәрсені ойға түюге болады. Этноауылда шырқалған Көкшенің сал-серілерінің әндері көпшілікке керемет тарту болды»,–дейді қала тұрғыны Айғаным Бекішева.

Шара барысында қаладағы мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары жұртшылық назарына ұсынылды. «Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Біз тарихты тек суреттер, оқулықтар, кітаптар, фильмдер бойынша ғана оқуға дағдыланып кеттік. Бірақ көзбен көрмеген, қолмен ұстап сезінбеген дүниені қалай зердеден өткізуге болады. Бұл тұрғыда әр мектептің өз жоспары бар. «Өлкетану» бағыты бо-
йынша №11 орта мектеп оқушылары Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Солтүстік Қазақстандағы Сарытомар ауылына саяхат жасап қайтты. Сондай-ақ, 40-тан  аса оқушы Түркістанда болды. Бұл шаралар өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, балалардың шығармашылық деңгейін арттыру, адами құндылықтарды насихаттауға арналды», – дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.

Этноауыл аясында мәдени және тарихи ескерткіштер мен тұлғалар, өлке тарихына қатысты зерттеу материалдары ұсынылды. Білім беру мекемелері қолданбалы өнер көрмесін ұсынды. Оған мектеп оқушыларының үздік жұмыстары қойылды. Жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесінде зергерлердің қолынан шыққан асыл дүниелер, ұлттық бұйымдар көптің назарына ұсынылды. Келушілер киіз басу, көрпе тігу, жүн иіру, ағаштан ыдыс ою өнерін тамашалады. Қолөнершілер арнайы келіп, өз жұмысымен таныстырды. Ал, ісмерлер қызығушылық танытқан әрбір тұрғынға шеберлік сағатын өткізді. «Қазіргі жастарымыз ою-өрнектің түрлерін біле ме?  Сырмақ сыру, тері илеу, одан бас киімдер тігу, аяқ-киім тігу, бәрі атажұртымыздан кәсіпке айналған дүниелер. Өз халқының баға жетпес асыл мұрасына шын жаны ашитын адам өзінің ізін басатын кейінгі ізбасарларының көп болуына да сүбелі үлес қосқанын жөн санаймын»,–дейді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова.

Ұлттық өнерді ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеуге атсалысқан халықтың қарасы қалың болды.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий