Рухани қазынадан ажырмайық

Бүгін біздің кітапханаға 82 жастағы Мәдениет Иманжанов есімді қария келді. «Ата, сіз кітап алуға келдіңіз бе?», деп сұрадым. «Иә… Кітап алайын деп едім. Кітапхана үйіме жақын екен», – деді қария.

Кітап сөрелеріндегі әдеби шығармаларды бір қарап шығып, арасынан қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың таңдамалы шығармаларының 2 томын таңдады. Зейнеткер оқырманға формуляр бастап, кітапты тіркедім. Мәдениет ата, орта білімі ғана бар, еңбек жолын қарапайым электрик мамандығына арнаған жан екен. «Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Кітап оқуға ертеден құмармын. Мен Сәбит Мұқанов елінің тумасымын», – деді өзін таныстырған қария, кітабын алып жатып.

Сол сәтте, есіме «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген Ғабит Мүсіреповтың сөзі сап ете түсті. Қанша жаста болсаң да кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі емес пе?! Мәдениет атаның парасатты ойы, берген батасы күні бойы есімнен кетпеді.

Адамға жан азығы, рухани байлығы бола білген – кітаптың құдіреттілігін жас ұрпақ түсіне білсе ғой, шіркін!

Кітап әлеміндегі біз әлі білмейтін, естіп оқымаған қыр-сыры көп құпиялы ғажайыптар көп. Оның құпиясын тек кітаппен дос болған адам ғана ашып, ғажабын танып біле алады.

Қымбатты достар, «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге», – деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық.

Бақытжан Айдосова,

Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий