Рухы биік жандар

Биыл еліміздегі ардагерлер ұйымдарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Өмірдің талай белесінен өтіп, қиындықтарға мойымай, ерік пен жігердің нағыз үлгісі бола білген жандар жас буынды отансүйгіштікке, отбасылық құндылықтарды сақтауға, үлкенге ізетпен қарауға үйретіп келеді. Ол кісілердің қажыр-қайраты кім-кімге де болса үлгі. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевпен әңгіме барысында биылғы атқарылатын шаруалар ортаға салынды.

«Көкшетау» газеті: Шияп Шарапұлы, биыл ардагерлер қозғалысының мерейтойы біздің қалада қалай атап өтілмек?
Шияп Әлиев: Жұмыс жоспары ауқымды. Мерекелік бағдарлама жасалды. Концерттер, салтанатты жиналыстар ұйымдастырылмақ. Әр еңбек ұжымы өз шаңырағында кездесулер өткізетін болады. Біздің кеңесте қазір 24 мыңнан астам зейнеткер бар. 134 бастауыш ұйым жұмыс істейді. Бұрынғы сауда, ауылшаруашылығы, құрылыс саласында жұмыс істеп, ешбір мекемеге бекітілмеген зейнеткерлерді өз қанатымыз-
дың астына алдық. Оларды тұрғылықты жеріндегі кәсіпорын, мекемелердің басшыларымен келісіп, қамқорлыққа алуды тапсырдық. Бұл ретте мұғалімдер мен дәрігерлер өздері қызмет еткен мекеменің қарамағында болғандықтан, олар үшін алаңдамаймыз. Еңбек ұжымдарындағы ардагерлердің бастауыш ұйымдарын тәжірибесі мол, елге сыйлы, беделді тұлғалар басқарып отыр. Сол себепті қарияларды толғандырып отырған кез келген мәселе оңай шешім табуда.
«Көкшетау» газеті: Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың, қоғамдық ұйымдардың қолдауымен мемлекеттік деңгейдегі ресми мерекелер біздің қаламызда да ұйымшылдықпен өтуде. Бұл орайда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 72 жылдығын мерекелеу шараларына арнайы тоқталсаңыз.
Шияп Әлиев: Дұрыс айтасыз. Бірлесе шешкен іс әрқашанда оң нәтиже береді. Жеңіс мерекесі және қарттар айлығы кезінде біз еңбек ұжымдарының, әсіресе, кәсіпкерлердің қолдау-көмегін қатты сезінеміз. Мәселен, биылғы Жеңіс мерекесін өткізуге орай жоғарыда аталған құрылымдар қаржылай көп көмек көрсетті. Жергілікті бюджеттен де қомақты қаражат бөлінді. Осыған орай көкшетаулық 38 майдангер 200 мың теңгеден ақшалай көмек алды. Ал, 2062 тыл еңбеккері 10 мың теңгеден, олардың ішінде үкімет наградасымен марапатталған 123 адам 20 мың теңгеден сыйлық алды. Осындай әлеуметтік көмекке қаламызда тұратын Ленинград блокадасына қатысушы үш адам мен фашистік концлагерлердің кәмелеттік жасқа толмаған тұтқындары, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жесірлері де алды.
«Көкшетау» газеті: Қариялардың бос уақыты қалай өтеді?
Шияп Әлиев: Ардагерлер кеңесі жанында екі клуб жұмыс істейді. Мәселен, «Ақбұлақ-Родник» клубының мүшелері – шетінен өнерлі жандар. Мұндай бірлестіктер сондай-ақ, бірқатар ірі ұйымдарда, емханаларда, мәдениет үйлерінде де бар. Ардагерлерге арналған емханадағы «Алтын жас» клубында қариялар денесін шынықтырып, сауықтыру шараларын жүргізеді. Зейнеткерлер өзара әңгімелесіп, туған күндерін атап өтіп, бір-бірімен пікірлеседі. Әсіресе, жалғызбасты қарияларға аталған клубтар көп демеу. Сондықтан кез келген адам жанына жақын нәрсемен шұғылдана алады. Дойбы-шахмат клубының мүшелері қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр.
«Көкшетау» газеті: Қазір әлемде қария-
ларды үздіксіз білімге тарту жұмыстары жолға қойылған. Осы мәселе бізде қалай шешімін табуда?
Шияп Әлиев: Бұл – үлкен тәжірибе. Біз «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының «Парасат» клубының үлгісінде бірлескен жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазір шетелде қолданылып жүрген қарияларды оқыту тәжірибесін жан-жақты енгізу керек, ол ардагерлер ұйымының жанына жақын жерде ұйымдастырылса құба-құп. Көптеген зейнеткерлер компьютердің тілін, заманауи гаджеттерді меңгергісі келеді. «Ақбұлақ-Родник» клубында жеке тұлғаны дамыту бойынша семинар-тренингтер ұйымдастырылуда. Емхана ішіндегі клубта денсаулықты нығайту, білімді жетілдіру, потенциалды қалыптастыру, шығармашылықпен айналысуға және тәжірибе бөлісуге мүмкіндік бар. Мен өзім де белсенді жанмын. Көп оқимын, үйімде өте жақсы кітапханам бар, мерзімді басылымдарды үнемі бақылаймын, ғаламтор арқылы әлем жаңалықтарына көңіл бөлемін. Бос уақытымда жаяу жүргенді дұрыс көремін. Бұдан бұрын велосипедпен көп серуендейтінмін, сондықтан таза ауа мен үшін өте маңызды. Біздің ауладағы қариялар маған қызығады, бірақ өздері қосылғысы келмейді. Көпшілігі ерінеді. Дегенмен, өздігінен жұмыс істеп, өзіне қарап, көбірек көңіл бөлсе, кез келген қамалды алуға болады.
«Көкшетау» газеті: Ардагерлер туралы заңның қажеттілігі, «Еңбек ардагері» атағын қалай алуға болатындығы жайлы өтініштер жиі айтылады.
Шияп Әлиев: Біз жұмыс істейтін жарғы бар, алайда ардагерлер туралы заң қабылданған жоқ. Мәжілісмендер мен сенаторларға осы мәселе жайлы айтудан кенде емеспін. Зейнет жасына жеткен кез келген адамның «Еңбек ардагері» атағын алуға қақысы бар. Өйткені, мұндай атағы бар зейнеткерлер шипажайда тегін емделе алады. Алайда, бұл атаққа ие болудың министрліктер бекіткен өз ережесі бар. Еңбек өтіліне қатыс-
ты белгілі бір талаптар белгіленген.
«Көкшетау» газеті: Аға буынға, жастар-ға қандай тілек айтар едіңіз?
Шияп Әлиев: Ардагерлер кеңесінің негізгі аспектілері – жастарға рухани-тәрбие беру, оларды отансүйгіштікке баулу, өзінің тарихын құрметтеу, дәстүрі мен әдет-ғұрпын сыйлау. Сондықтан да аға ұрпақ өкілдері жастарға әрдайым осындай тәлім-тәрбие беруі тиіс. Ал, майдангерлерді, тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңістің 72 жылдығымен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбастарына амандық тілеймін. Қашанда қажыр-қайраттың нағыз үлгісі бола беріңіздер. Зейнет жасына жеттім деп үйде отырып қалмай думанды тіршіліктің бел ортасынан табылыңыздар.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс