Рухы пейіште шалқығыр азамат

Көкше өңірінен шыққан арда азаматтың бірі, саналы ғұмырын өңірдің мәдениетін, ана тілін өркендетуге арнаған, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, облыстың бірінші басшысы Еркін Әуелбековтің сенімді шәкірттерінің бірі болған, достыққа адал, жолдастыққа жанын берген Амангелді Жақып-бековтың жарқын бейнесін жаңғыртуға арналған кітаптың атауы осындай. Құрастырып, шығарушы – Мұрат қажы Ыдырысұлы. Тіл жанашыры осыдан бір жыл бұрын ғана Көкше өңірінің өнерін өркендеткен Манарбек Бексейітовты еске алып, үлкен іс тындырып еді. Бұл жолы тағы да орасан шаруаны бітірді. Амангелді Бәйкенұлымен қызметтес болған әріптестерін іздестіріп, естелік жаздырып, туған ауылы Бурабай өңіріндегі Обалы ауылына дейін барып, туған іні-қарындастарына, балаларына қозғау салып, әдемі жинақ шығарды. Атын «Қазақ қазақты іздесе…» деп қоюында да бір мән бар. Көзі тірісінде қадіріне жете алмағасын, дүниеден озғасын сан соғудың қажеті жоқ дегенді меңзегені. Амангелді Жақыпбековтың тұрған үйіне естелік тақта орнатылып (демеушісі Зәмзәгүл Мырзахметова), жинақтың тұсаукесері өтіп, марқұмның рухына бағышталып ас берілді.IMG_8121

«Бұл кітапта Көкше өңірінің рухы пейіште шалқығыр көркем де көрнекті азаматтарының бірі, Кеңес заманында да, тәуелсіздіктің алғашқы белестерінде де туған өлкесінің мәдени-шаруашылық тұрғысынан өрлеуіне үлкен үлес қосқан, халқымыздың рухани құндылықтарын әлпештеп аялауда үлгі танытқан, лауазымды басшылық қызметтерде ел-жұрт үшін айта қаларлықтай өнегелі із қалдырған Амангелді Бәйкенұлы Жақыпбековтың жарқын бейнесі, адами бітім-болмысы жақсы кейіптелген. Жинаққа кейіпкердің туған-туыстарының, замандастарының, бұрынғы қызметтестерінің, дос-жарандарының естелік әңгімелері топтастырылған. Жоба авторы – Мұрат қажы Ыдырысұлы осының бәрін бір арқауөзекпен үйлестіріп, тақырыпты толымды ашып бере білген», – деген кітаптың қысқаша мазмұнының өзі көп жәйтті аңғартып тұр. Әкесі Бәйкен Жақыпбекұлы Отан соғысына қатысқан, ел басқарған азамат болса, анасы Назира өнерге жақын, отбасының ұйытқысы, елге сыйлы жан болғанын ауылдастары жақсы біледі. Сол шаңырақтан тәрбие алып шыққан Амангелді Бәйкенұлы да жақындарына жанашыр, туысшыл, бауырмал, қарапайым жан болған. Елгезектігі, ұқыптылығы, айтқан сөзін жерге тастамайтын жігіттігінің өзі бір бөлек әңгіме. Еске алу кешіне жиналған көпшілік есімі елге танылған жігіт ағасы жайлы жылы естеліктерін айтты.
Әдебиетшілер Ғалым Мұсатай мен Сәбит Жәмбек «Қазақ қазақты іздесе…» кітабының мазмұнына тоқталып, толымды пікірлерін ортаға салды. Жастықтың жалынды жылдарын комсомол қатарында бірге өткізген Марат Құлмағанбетов, Зура Шуатаева кейінге шегініс жасап, сол кездің жарқын істерін еске түсірді. «Ел бірлігі»
қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақыт Смағұл да қазақ азаматтары бір-бірін үнемі қолдап жүруі тиістігін еске салды. Жылы да жайлы ортада көптен бері бір-бірін көрмеген тұстастар бас қосып, қауқылдасып, шүйіркелесіп қалды. Еске алу кешін айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек жып-жинақы жүргізді. Жергілікті өнерпаздар ән-жырмен өрнектеді. Амангелді ағасымен кезінде сонау Венгрияға бірге сапарлап барған әнші Бисара Мәкенова жүректен шыққан сөздерін арнады. Ол кісінің сүйіп тыңдаған шығармалары да ұмыт қалмай, кеш барысында айтылды.

Кітаптың лентасын еңбек ардагерлері Болат Жанәділов пен Зура Шуатаева қиып, оның бірнеше данасы облыстық, бірнеше данасы қалалық кітапханаларға тарту етілді. Кеш барысында «Елімен бірге жасайды» атты бейнефильм көрсетіліп, Амангелді Жақыпбековтың көзі тірісіндегі бейнесі көпшіліктің көзіне жас үйіртті. Онымен қайта қауышқандай, мазмұнды да, мағыналы ғұмырының әр парағына куә болғандай әр адам іштей толқыды. Амангелді Бәйкенұлының туған інісі Әжібай мен қызы Сәуле осындай игі істі қолға алып, жұртшылыққа ой салған Мұрат қажы Ыдырысұлының иығына шапан жапты. Алдағы уақытта бір-бірін іздеп, көзі тірісінде қолдап, қолпаштап жүру қажеттігі жергілікті азаматтардың әрбірінің көкейінде айтылмай қалған сырындай сақталатын болды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс