«Сабантуй» – достықтың мерекесі

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы ұлттық-мәдени орталықтармен бірлесіп, достық пен бірлікті насихаттауға бағытталған мәдени-көпшілік шараларды көбірек өткізуде. Көпшіліктің ықыласынан шыққан осындай тартымды шаралардың бірі – татар, башқұрт халқының ұлттық мерекесі «Сабантуй». 19 маусымда Бұқпа тауының баурайында өткен бұл шараға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының  меңгерушісі Марал Жақыпова, татар ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Рафаил Сулькарнаев қатысып, сөз сөйледі. 

DSC_1256

Көпұлтты Қазақстан халқының қатарындағы діні бір, тілі жақын жұрт ана тілдерінде көсіле сөйлеп, халық әндерінен, ұлттық билерінен көбірек ұсынып, концерттік бағдарламаларын алға тартты. Алыстағы Қазаннан, іргедегі Петропавл мен Астанадан арнайы әншілер келіп, той сәнін қыздыра түсті. Сондай-ақ, сахнаға орыс халқының ансамблі, қазақ әнші-бишілері шығып, достық ықыластарын өнер тілімен білдіріп жатты. Жан-жағын қарағай көмкерген, ән-жыр қалықтаған жасыл алаңқайдың бір жерінде бозкілем үстінде палуандар белдесіп жатса, бір бүйірде биік бағана басындағы бәйгеге өрмелеп шығушылар көрерменін қызыққа батырып жатты. Көтеріңкі көңіл-күйге кәуаптың мұрын жарған иісі, тәтті, дәмдінің түрі, қолөнер бұйымдарының жауһарлары қосылып, сән берген. Барлық спорттық сайыстар, концерттік бағдарламаларға тек той иелері емес, барлық ұлттар өкілдерінің белсене қатысуы «Сабантуйдың» шын мәнісінде достық мерекесі екенін паш етті.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс