Сал-серілердің ізбасарлары астаналықтарды тәнті етті

«ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Ақмола облысының мәдениет күндері бес күнге жалғасты. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына Ақмола облыстық филармониясы, көркемөнерпаздар ұжымдары концерттік бағдарламасын ұсынды. Сондай-ақ, келушілер көркем суреттердің көрме-сатуларын, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарын, этноауылдағы қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сыр шертетін театрландырылған мәдени сауық-сайран шаралары мен ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Жәрмеңкеге өңірдің тауар өндірушілері басқа облыстарға қарағанда 1,5 есе көп өнім ұсынған. Нәтижесінде 884 миллион теңгенің тауары сатылды.

24062017-2Көкшелік делегацияның қатарында қолөнершілер мен суретшілер де болды. Жұртшылық ұлттық бұйымдар мен қылқалам шеберлерінің туындыларын көрмеден тамашалады. Қалың көпшілікке арналған шаралардың бірқатары елорданың мәдени ошақтарында және этноауылда өтті. «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауыл ұлттың ұлылығын насихаттайтын шараларға толы болды. Соның бірі – қолөнер шеберлері туындыларының көрмесі. Онда өңірдің зергерлері мен тігіншілері ұлттық оюмен безендірілген бұйымдар, әдемі өрнектермен әрленген әшекейлерді көпшілік назарына ұсынды. Көкшетау қаласы мен Қорғалжын, Бурабай, Шортанды аудандарының шеберлері табиғи материалдардан жасалған бұйымдарын сатылымға қоюмен бірге шеберлік сыныптарын өткізді. Бұдан бөлек, этноауылда ұлттық спорт түрлері де ұйымдастырылды. Спорттық шаралардың алғашқы легі қазақ күресінен басталды. Ұлттық спорт түрлерін ұйымдастырудағы бірінші мақсат шетелден келген қонақтарға насихаттау болса, екіншіден қыркүйек айында өтетін республикалық чемпионатқа іріктеу. Сондай-ақ, осы жерде «Дала сыры» концерті өтті. Ақмола облысының мәдени күндері аясында көпшілікке «этноауылдың» амфитеатрында облыстық орыс драма театры «Шыңғыс хан» рок-операсын, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры «Көкше әуендері» концерттік бағдарламасын ұсынды.
Этноауыл көз алдымызға өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ өмірінің тарихын елестетті. Ақшаңқан киіз үйлер, ұлттық нақыштағы киімдер, ән салған өнерпаздар, алтыбақан маңындағы қыз-жігіттер. Мұндай образға енген өнерлі жандардың барлығы да ақмолалықтар. Қазақы көріністен бөлек, көрікті көрмелер көздің жа-уын алады. Аймақтың айтулы қолөнер шеберлері дәл осы ортада ұлттық бұйымдарымызды көпшілікке паш етті. Жергілікті қолөнерші Ұлболсын Асқарқызы қолөнер туындыларымен айналысуды бала кезінен бастаған. Бүгінде шебердің туындылары көпшілікке жете таныс. Жалпы, этноауыл арқылы қала қонақтары мен тұрғындарына қазақтың салт-дәстүрлерін, мәдени құндылықтарын насихаттау көзделген. Осы орайда келушілер де өнерпаздардың еңбегіне жоғары баға берді.
Ал, Ақмола облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы бүгінге дейін әлеуметтік желілерде түрлі марапат сөздерге ие болуда. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те әртістердің ұлттық киімдерінің сапасы мен әдемілігін атап өтіп, жалпы іс-шараны ұйымдастырудың деңгейін жоғары бағалады.
Ақмолалықтар ұсынған бағдарламаны алғашқы болып Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатысушылар да тамашалады. Қонақтар назарына облыстың ең үздік шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы, көркем суреттердің сату-көрмесі, қолданбалы халық шығармашылығы шеберлерінің туындылары, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін бейнелейтін театрландырылған қойылым ұсынылды. Құдалық, беташар рәсімі мысал ретінде көрсетілді. Этноауыл аумағында қойылған киіз үйлер тақырыптар бойынша бөлінді.
«Қазанат» ипподромында Астана тұрғындары мен қонақтарын Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры актерлерінің орындауындағы «Алтыбақан» және «Құсың құтты болсын!» атты қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін бейнелейтін театрландырылған тарихи қойылым көрсетілді. Сал-сері, суырыпсалма ақындардың керуенін бастаған әртістердің, қолөнер шеберлерінің, облыстың фольклорлық ансамбльдерінің қатысуымен өткен театрландырылған қойылым жұртшылықтың көңілінен шықты. Халықаралық байқаулардың лауреаттары «Айнакөл» фольклорлық ансамблі мен «Гәкку» би ансамбльдерінің мың бұралған биші қыздарының өнері көпшілікті тамсантты. Әсіресе, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп Құтпанұлы тәрізді сал-серілер ән-жырымен тербеткен сайын Сарыарқа даласында ғажап тойдың дүркіреп өтіп жатқаны сезіліп тұрды.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында этноауылда қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде қолөнер бұйымдарының жасалу сәтін бастан-аяқ көруге болады. Қыз қуу, асық ату, саятшылық, ұлттық қолөнерді дәріптеген шеберлер – мұның барлығы көшпенділер өркениетін көз алдыңызға елестетеді.
Жамбы ату, теңге алу, аударыспақ, басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Этноауылдың басты мақсаты – қазіргі заманғы Қазақстанның мәдени әртүрлілігін көрсету. Тағылымы мол тарихы мен салт-дәстүрлерінен қол үзбегендігін, керісінше, тамыры терең ұлттық құндылық өркендеудің берік діңгегіне айналғандығы астаналықтар мен көрме қонақтарына паш етілді. Бұл жағынан алғанда ақмолалықтарды діттеген мақсаттарына жетті деуге болады.

Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова:

Елорда тұрғындары мен қонақтары мәдениет күндері аясында тамаша шара ұсынып отырған ақмолалық әртістерге алғыстарын жаудырды. Сал-серілердің бүгінгі ізбасарлары астаналықтарды өнерлерімен тағы да таңғалдырды.

Ақмола облыстық шығармашылық орталығының
редакторы, ақын Мерген Тоқсанбай:

«Облысымыздан мәдениет күндеріне 1500 өнерпаз қатысты. Ішінде әншісі бар, бишісі бар. Этноауылда «Дала сыры» деп аталатын концерт үлкен аншлагпен өтті».

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс