Сал-серілер салтанаты

Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өз көрерменіне «Сал-серілер» атты жаңа бір қойылымын ұсынды. Ізденіс, батыл эксперименттен тартынбайтын өнер ұжымы бұл жолы тағы бір қырынан көрінді. Өнерқұмар көрермен бір сағат отыз минут жүретін спектакльде Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты ардақтылары өмірінің балдай тәтті, аяулы сәттерін тамашалап, тамылжыған әндеріне құлақ түрді. Қоюшы режиссері Мұратбек Оспанов, Шахмет Құсайынов, Дулат Исабеков, Баянғали Әлімжанов сынды драматургтер шығармалары бойынша инсценировкасын жасаған Манарбек Қыдырбай, бас суретші Ибрагим Исенов.

«Көкшетау» десек алдымен еске Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтардың түсері, осынау асылдар есімдерінің тілге орала кетері анық. Өйткені, ән мен жырдың мекені атанған киелі өлкеде ғұмыр кеше жүріп, олар қазаққа өшпес әндер тудырды, асқақ өнерлерімен қазаққа күн нұрындай шуақ шашты. Олардың есімдері ел тарихына алтын әріптермен жазылған, өшпестей қып таңбаланған. Оларды білмейтін жан жоқ та шығар… Әлде… әлде құлақтарын тығындап, шетелдің музыкасына еліткен жастарымыз сол ардақтыларымыздың өр мінездері, асыл сезімдері, ғажайып әндерінен толық хабардар емес пе екен? Өкінішке орай, хабардар болмауы да мүмкін-ау… Ендеше, оларды қалай елең еткізіп, әлгі аталған ұлтымыздың біртуар дарынды ұлдарына мойын бұрғызамыз? «Сал-серілер» атты драманы сахналаушылар алдына осындай мақсат қойған. Бүгінгідей, түгел күнде тізе бүгерге мігірі жоқ жастар театрға бір соққанда сұңғыла сал-серілердің бірнешеуімен таныса кетуін де жіті ойластырған.

– Бұл драма негізінен жастарға арналған. Сондықтан, сал-серілердің өмірлеріндегі махаббат оты алаулаған сәттерді көрсеттік. Керемет сұлу әндердің сол махаббат әсерінен туғаны белгілі. Сөйтіп, біз әндердің шығу тарихын, әндерді, олардың авторлары – сал-серілердің өмірі мен шығармашылығын таныстыруды жөн көрдік. Қыбын тауып, бір спектакльде бірнеше сал-серіні көрсетіп, уақыт ұтуды көкседік. Бұл – біздің театр ұжымының «Рухани жаңғыруға» қосқан үлесі, – дейді драманың қоюшы режиссері, ҚР Мәдениет қайраткері Мұратбек Оспанов.

Ал, қойылым қалай шыққан, ұжым идеясы қалай жүзеге асқан дегенге келсек, сал-серілер өмірінің ең бір жұмбақ, тартымды, қызықты кезеңдері «ойылып» алынған соң ба, өте сәтті шыққан. Режиссер де, сценарист те, актерлер де өздеріне берілген бөлек-бөлек, шағын уақытты, шағын сахнаны ширықтырып, шебер шығаруға ынта-шынталарымен кіріскені көрініп тұр. Олпы-солпылық, жайбарақаттық жоқ. Жалындаған жастық, ынтық сезім, алғаусыз әсерлер алға тартылған. Сондай тұнық та мөлдір сезім, мейірім төккен махаббаттан ғаламат ән тумай қоймайтындай. Қойылымды қарап отырып, шынында да Ақан, Біржандар да бозбала жігіт, аласұрған сезімді әрең ауыздықтар жас болды ғой, бір кезде деп тебірендік. Біз ылғи да олардың ересек кезін көрсете береді екенбіз-ау, деген ой келді. Бұл да бір авторлардың ұтқан тұсы, тың табысы болса керек. Және жас актерлерді көбірек тартып, шынайылық шырайлана түскен.

Елдің еркелері – сал-серілердің  егде шағын сомдаушылар көкшелік театрдың көркіне айналған сахнаның шын шеберлері Біржан сал – Құмарбек Қалқатаев, Ақан сері – Қайрат Мырзаболатов, Балуан Шолақ – Төлеубек Көңбай. Әрқайсысының өрнекті ойынына ерекше тоқталып, ұзақ-ұзақ ой толғауға тұрарлық. Шеберлік иірімдері тәнті етеді. Әрқайсысы басқасынан бөлектеу мына қойылымдағы бейнелеріне үлкен дайындықпен келіпті. Ізденіс іздері көрініп-ақ тұр. Құмарбек Біржанының Айдың ақ нұрындай ақ махаббатты аялауы, сезінуі, кеудесінде ұялаған өшпес бір сәулелі әсерді жүрек сүзгісінен қайта өткізуі тек түр келбеті емес, сыртқы бітім-болмысынан аңғарылады. Бүтін сыртқы болмысын сөйлету талайларға алдырмайтын биіктік екені даусыз. Қайрат – Ақанның өрекпіген ішкі дауыл-күйі, психологиялық шиеленісі оның жалт еткен жанары мен дауыс ырғағында, салған әнінде атойлады. Өмірі қайшылыққа толы қайсар әншінің ерік-жігері қартайса да қайтпасына, жасындай жарқылдай береріне сенесің. Рухы биік талант иесінің болмысына сүйсінесің.

Төлеубек – Балуан Шолақта жаңаша. Қазақтың «Батыр-аңғал» деген ұғымы «ә» дегеннен ойыңа орала кетеді. Ештеңеден тайсалмас, жалтақтамас жанның жүрегі таза, ниеті адал болатыны белгілі. Балуан алып күш иесі бола тұра сұлулықты, нәзік сезімді аялаған адам. Актер ізденісі де сол соқпақпен өрбіген. Образы жылы да шуақты.

Әдеттегідей Айна Жүнісова жүктің бір жағын көтеріп, жарқын ойынмен қосылған. Спектакльді одан әрі «тірілтіп», көрерменді оқиға желісіне жүгінтіп, ынтықтыра түседі. Жас актерлер де алдыңғы толқыннан қалыспай, образдарына білек түре кірісіпті. Жүздері алаулап, жүректері дүрсілдеп, дауыстары дірілдеп, осы оқиға өз бастарынан өтіп жатқандай әсер берді. Жастарға сол заманға сай, керемет көңіл-күйге лайық костюмдер тігіліпті.

Осындай, әр қырынан жарқыраған алмастай адам бойындағы асыл қасиеттерді жариялай отырып өнерпаздар жас көрерменін жақсылық жолына жалындай шақырады, қазақтың қайталанбас тұлғаларын жақындата түседі. Бұл қойылым стилі жөнінен театрдың «Музыкалық-драма театры» деген атына сай, ән-әуені мол, әрі тарих тереңіне сүңгіп, сал-серілермен жете танысуға жетелеп, әрі әлеуетті ән тыңдауға мүмкіндік беріп, жан жадыратып, көңілді кірден арылтар бір туынды болып шығыпты.

Ендеше, театр ұжымының еңбегі жанып, көрермені көп болсын делік. Алда қайталап көрген сайын тың ойлардың туындай берері сөзсіз. Театр қойылымдарын қайта-қайта көріп, тамашалаудың да ерекшелігі сонда. Актерлар әр жолы әртүрлі ойнауы мүмкін, көрермен әртүрлі көңіл-күйде келуі мүмкін дегендей. Сондықтан, бұл алғаш көргеніміздегі шағын әсеріміз деп ұғарсыз, оқырман. Барып көріңіз, пікір қосыңыз. Дегенмен, көкшелік сал-серлердің алдыңғы легін бір алаңда тоғыстырған драманың ұтқан тұсы көп екенін баса айту ләзім.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий