«Санамыз ісімізден озып жүрсін»

(Қазақстан Респуб-ликасының Президенті Н.Назарбаевтың «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқығаннан кейінгі толғаныс)

Елбасының сәулелі-шуақты сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақ елінің көгінде жарқырап жаңа туған жарық жұлдыздай әсер етті. Туған еліне, ата жұртына, оның мәңгілік көшіне жол сілтеген Темірқазықтай көрінді. Әлемді аузына қаратқан, аталы сөзін айтып, дүние саясатын саралап, ізгі бастамалар көтерумен келе жатқан Президент өзі туын ұстаған мемлекетке жаңа бір межені көрсетті. Сыни көзқараспен кемшіліктерімізді көрсете келе кемелденудің кезекті белестерін атады. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек екенін түсіндірді.
Мақаланы оқыған сайын тың ойларға кезігіп, тұшынасың. Алдыңдағы міндеттерің бедерленіп, ойың жүйелене түседі. Елбасы жүктеген міндеттердің ішінен әр азамат өзіне тиесілі жүкті өзі таңдауға тиістей көрінеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, халқымыз. Ендеше, осы, аса қажет те қасиетті іске әр азамат белі қайысса да жігерлене кірісуге тиіс. Өйткені, ол – ел қамы, ел ертеңі, болашағы. Елбасы: «Еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін не істеу керек?» деген сұрақты көлденең қойып, ол үшін: «Санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп түйеді. Одан әрі мақаласында сананы қалай жаңғырту жолдарын нұсқайды: «Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. …өзгеру үшін заман ағымына қарай икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек».
Елбасы мақаласын зерттеп-зерделеп оқи келе бір сәт ойыңды да, асығыс заман адымына ілесем деп алға басқан қадамыңды қалт тоқтатып, айналаңа зер сала қараудың керектігін түсінесің. Расында да дәл бүгін кімге еліктеп, кімге ұқсап жүрміз, ұлттық дәстүр, көнеден келе жатқан қағида дейміз, оның ішінде озығы қайсы, тозығы қайсы? Жарамсызы, жаңғыртатыны жоқ па? Керісінше, шын мәнісіндегі інжу-маржан, игі қасиеттеріміз қағыс қалып жатқан жоқ па? Ата дәстүр, ұлттық болмысымызды жаңылыссыз ұстап келе жатырмыз ба? «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты сол – ұлттық кодыңды сақтай білу» деген Елбасы тұжырымын қалай жүзеге асырамыз? Үңіле түсейік: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңнен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз, жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай». Міне, ойланар сәт. Ештеңені бүлдірмей, жарасыммен жаңғыру. Ұлттың жаңа кейпі, жаңа ұстанымын айқындауымыз керек. Бұл ғаламат үлкен жауапкершілік. Әуелі бар-жоғымызды өзіміз айқындап алуымыз жөн. Күні бүгінге қандай сапада жетіп отырмыз? Бойымызда қандай құндылығымыз бар?
Демек, ұрпағымыздың бойына тал бесіктен бастап әуелі ұлттық кодымыздың дәнін егуіміз қажет қой. Ол қасиет ұрпақ жадына алдымен қасиетті ана тіліміздің қуатымен сіңер. Бесік жырымен жетіп, бойға дарып, береке табар. «Бала айтқанды емес, көргенін істейді» десек, өзіміз әрбір іс-әрекетіміз, айтқан сөзімізге есеппен қарауымыз керек шығар. Жастарға күн сайын қандай өнеге көрсетіп жүрміз? Үлкенді сыйлаймыз ба, кішіге қамқормыз ба, қысылғанға қайырымдымыз ба? Адал, шыншыл, уәдеге берікпіз бе? Отанның әр талына жанымыз ашып, қоғам ісіне белсене араласамыз ба? Жәдігөй, жарамсақ, жағымпаз емеспіз бе? Абай атаған он сан дерттен айықтық па? Ел-жұрт, Отан үшін істелер көпшілік істерді жеке шаруамызды ысырып қойып істейміз бе? Кейінгіге өткен тарихымызды, шешендердің кестелі сөзін, елін-жерін қорғаған батыр-бағландарымыз туралы келістіріп айтып отырамыз ба?.. Иә. Жауабы дүдәмал мәселелер көп. Кей тұста әлсіздік танытып, босаңсып бара жатқанымыз рас. Атаның немересімен орыс тілінде сөйлесуі нені білдіреді дер едіңіз?.. Елбасы айтқан ұлттық код санамызда сайрап тұрған болса, еш қиындығы жоқ… Ендеше, етек-жеңімізді тез жиып, тез есеюіміз керек. Мәңгілік ел болуға жұмылған, Елбасы бастаған ұлы көшке қазақы қалпымызбен, ырыс-құт, берекемізбен қадам басуға тиіспіз. Әйтпесе, Елбасы ескерткендей, адасуымыз қиын емес. Кейбір қандастарымыздың жат дін жетегінде жүргені соның нышаны емей немене? «Егер жаңғыру елдің ұлттық тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды». Түзер істің көптігіне дау жоқ, бірақ, түңілерлік те ештеңе жоқ. Елбасы осы мақаласында айтқандай, 2004 жылы «Мәдени мұра», 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» атты бағдарламалар бойынша жүйелі жұмыс жүрді. Сол бағдарламалар арқасында талай құндылығымыз қайтып оралды, өшкеніміз жанды, өркениетіміз толықты. Көкпарымыз бен бәйгеміз, адуынды күйлеріміз, жалынды жырларымыз, азу білескен айтыстарымыз қан қыздырып, Ұлы Даланың төрт құбыласынан табылған жәдігерлер ойға жетеледі. Енді, әлемнің ең үздік 100 жаңа оқулығы қазақ тіліне аударылып, игілігімізге ұсынылса, нұр үстіне нұр емес пе? Зерделі, зерек халқымызға жаңа бір тыныс болмас па ол? Өз болмысымызды түгендеп, оны бүгінгі білім-ғылым жетістіктерімен толықтырсақ, көкжиегіміз кеңейе түсер. Сонда, Елбасы алға қойған «…бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап келе жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс» деген талап үдесінен еркін шығармыз.
Мақалада кейін «Туған елге» жалғасар «Туған жер» бағдарламасын, жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі, замандастарымыздың жетістіктерін үлгі ететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын дайындау тапсырылған. Әлемде тосқауыл, тосын кедергі көп. Ең бастысы, Елбасы сол бөгеттерден қалай өтудің жолын көрсетіп, нұсқап отыр. Ал, бағыт белгілі болған соң, оған бет түзеу жеңіл. Тек соған белсене жұмылу, білек сыбана кірісу қажет. Міне, латын әліпбиіне көшуге дайындық басталды. Ол керек пе, не береді, неге өйтеміз деген көп сұрақтың жауабы айтылды, керектігі дәлелденді. Демек, дайындығымызды нықтай беруіміз ғана керек.
Елбасының осы мақаласындағы: «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымас-тай өзгеріп, аста-төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті» деген жолдарды оқығанда тың игеру жылдарындағы асыра сілтеу, өзен-көлдің өзегін қиып, көне қорымдарды таптаған шынжыр табан трактор мен сойқан соқаның әлегі көз алдыңа келіп, жүрек сыздатады. «Көкшетау сексен көлдің саясында» деп Сәкен жырлаған Көкшетаудың талай көлі суалды емес пе? Жердің жыра-жылғасы, сай-саласымен еріген қар, жаңбыр суы құйылар болса, көлдер сол желілері қиылып, бірте-бірте жойылып кеткен екен ғой. Ал, біз көлді суалтпақ түгілі, «Бұлақ көрсек көзін ашатын» қазақ емес пе едік. Киіз үйімізді көлден аулақ тігіп, қотанымызды әрірек қондырар ек қой. Әр тал шөпті танып-түстеп аялар ек қой. Сол түсінік, ұстаным қазір бар ма? Бүкіл қазақтың құрмет тұтып, қадірлер Бурабайы, Айнакөліне емінтіп үй салып, тауларды үңірейтіп үңгіп, шыршасын шауып жататындар да бар. Сондықтан, бұл бағыттағы тәрбие жұмыстары да ауқымды жүруі керектігі даусыз.
«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдалану, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу керек деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді». Елдің ертеңін ойлаған Елбасының бұл пікірі де еріксіз төмен қарататындай. Басқасын былай қойғанда, шама-шарқына қарамай аста-төк той жасау, орынсыз шашылу, әлдекіммен жарысып жанталасудың белең алғаны қашан?! Тіпті, тойды қойып дұға дастарханын да гүл жайнатып, асыра сілтеуге кірістік қой. Жақында ғана Көкшетау қаласының ардагерлер кеңесі, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі, Науан Хазірет атындағы орталық мешіт бірлесіп ортақ шешім шығарып, тұрғындарға жария етті. Онда дұға дастарханы ас-мәзірін жеңілдеп, ықшамдау мәселесі көтерілді. Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының әр абзацында өмір-тіршілігімізге, болашақ дамуымызға қатысты маңызды пікірлер мен тапсырмалар бар. Оны тұшынып оқып, ақыл-санамыз сүзгісінен өткізіп, жүзеге асырудың жолдарын табу сіз бен бізге міндет. Мақала Мәңгілік Елге апарар жолды нұсқаған көгіміздегі көркем бір жұлдыздай жарқырайды. Өміршең ойлардың бір түйіні «Өмір сүрем десең – өзгере біл!». Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз ұлтына осындай бір темірқазық ойын ұсынды. Ол айтқан ойлар – өмірдің өзіндей бұлтартпасыз шындық. Ендеше, өзгере білейік!

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий