Санаға сілкініс керек

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың қатысуымен «Адал жол» марафоны аясында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында қала активімен кездесу өтті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жетекшісінің орынбасары Ерлаз Жайықпаев өз баяндамасында халық пен мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мен ағарту жүргізуде әртүрлі нысаналы топтарды қамту, оның ішінде мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқитындарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы білім беру мен ағарту бойынша жұмыс адамдардың кең тобын қамтуды көздейді. Қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің жетекшісі Бауыржан Ерназаровтың пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымына, адалдық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, берік иммунитет, оған деген жұртшылықтың мінеуі болмай қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Барлық мекемелерге арыз-шағым жәшігі орнатылып, сенім телефондары болғаны жөн. Қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Гүлім Бегалина сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және білім беру саласында жастардың бастамаларын қолдап, азаматтарды өздерінің белсенді ұстанымдарын көрсетуге шақырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының форматы өзгеріп, флэшмобтар мен концерттерді мағыналы кездесулер алмастыруда. Жыл басынан бері жемқорлықпен күрес тақырыбында үш бейнеролик дайындалды. Жақында 1 сынып оқушылары арасында әлеуметтік сұрау жүргізу кезінде балалар жемқорлық туралы өз ойларын жеткізуге тырысқан.
Кездесуді қорытындылаған А.Әміренова мемлекеттік органдардың жұмысы ашық, жария болуы тиістігін атап көрсетті. Бұл дертпен күресуді балабақша мен мектептен бастау қажеттігіне назар аударды.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс