Сапаға назар аударды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапары барысында Көкшетауда жаңартылып жатқан жеңілатлетикалық манежге, Алтынсарин көшесіне барып, сондай-ақ, Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынған ауылшаруашылығы техникасын жөндеу мен қызмет көрсету инновациялық сервистік орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қала әкімі Амангелді Смайылов өңір басшысына басты назар сапаға аударылып жатқанын айтты.
Маусым айының басында жеңілатлетикалық манежді жөндеу жұмыстары қолға алынды. 1989 жылы қабырғасы қаланған нысан 1990 жылға дейін жекеменшіктің қолында болды. Өткен жылы манеж коммуналдық меншікке өтіп, жоғары спорттық шеберлік мектебінің балансына берілді. Ғимараттың шатыры, сырты, жылу, су, желдеткіш желілері жаңартылады. Сондай-ақ, спортшыларға арналған арнайы жабынды – регаеден төселеді. Нысанды жөндеуге бюджеттен 236 млн теңге бөлінді. Мердігерлер жұмыстарын қыркүйек айында тапсырамыз деп отыр.
Алтынсарин мен Абай көшесінен Уәлихан көшесіне дейінгі аралықтың жолын жөндеуге қатысты жұмыстар екі жылға жоспарланған. Жоба бо-йынша инженерлік желілер ауыстырылып, көлік жолы бұрынғыдан кеңейтіліп жатыр. Көшенің қос қапталы да жарықтандырылады. Бүгінгі таңда учаскедегі инженерлік желілер толық ауыстырылып қалды, Абай мен Әшімов көшелеріне дейінгі аралықтағы жұмыстар да аяқталды. Уәлихан көшесіне дейінгі аралық биылғы жылдың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарланған.
«Евразия Групп Казахстан» компаниясы ауылшаруашылығы техникасын жөндеп, қызмет көрсететін орталықтың құрылысын да жыл соңында аяқтаймыз дейді. Жалпы аумағы 100 мың шаршы метрді құрайтын нысанда әкімшілік кеңсе, қосалқы бөлшектер қоймасы, оқу класы мен агрегаттар шеберханасы, техника мен тест-драйвқа арналған жабық және ашық алаң, бұрын қолданыста болған техника аумағы, ашық кеден қоймасы, техниканы жинайтын және калибрлейтін алаңшасы болады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 134 адам жұмыспен қамтылады.
Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан өңір басшысы басты назарды сапаға және мерзімінде тапсырылуына аударуды қадап айтты.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий