Сап түзеген сарбаздар

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуы мен Жеңістің 72 жылдығына арналған қалалық байқауға Көкшетаудағы барлық дерлік орта мектептер мен колледж студенттерінен құралған взводтар қатысты. Сап түзеп жүре білу, сымдай тартылып, бойыңды тік ұстау, бірдей адымдау және әнді ырғаққа сай айту – байқаудың басты шарттары. Айта кету керек, қыздардан құралған взводтар да әскери тәртіпке шыңдала алатын арулар барын көрсетті. Тіпті, кей ұлдар взводына қарағанда қыздардың взводы жинақы болды. Нәтижесінде колледждер арасында Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледж 1-ші орын және кубокты жеңіп алды. Ал, мектеп оқушылары арасында Гран-при жүлдесі мен қала әкімінің 150 мың теңге сыйлығын №21 орта мектептің взводы еншіледі. Сап түзеу байқауында Красный Ярдағы аграрлық-техникалық колледж, жоғарғы колледж, №6 және №14 орта мектептер ерекше көзге түсіп, жеңімпаз деп танылды.

DSC_4010

Тәуелсіздік алаңында сап түзеген барлық взводтарды қала әкімі Ермек Маржықпаев құттықтады. Шаһар басшысы жыл сайын Отан қорғаушылардың айбыны асқақтап, мерейі өсіп келе жатқандығын сүйсіне айтты. Олар теңізде де, құрлықта да, әуеде де қырағы күзетте. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылы құрылған өзіміздің әскеріміздің қуаты күшті, тегеуріні темірдей, материалдық-техникалық базасы мықты. Отанды қорғауға елін сүйетін әр азамат дайын болуы тиіс. Дәл осындай байқаулар оларды жігерлендіреді, ерлікке жетелейді. Тіпті, әскери әндердің өзі қарапайым адамды селт еткізбей қоймайды. Взводтарға қазылық еткендер де әскерилер. Олардың қатарында 5510 әскери бөлімнің, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептің, Көкшетау техникалық институтының, оқу орындарындағы әскери кафедраның қызметкерлері, курсанттары бар. Сондай-ақ, тәжік-ауған соғысына қатысушылар мен интернационалист-жауынгерлер де төрелігін айтты.
Алдымен №19 орта мектептің взводы және 7 колледждің взводы сап түзеп жүріп өтті. Қазылар алқасы олардың әскери тәртіпке қаншалықты дайын екенін саралады. Одан кейін взводтар әскери әндерді шырқай жүріп, сап түзеп өтуге тиіс болды. Айта кету керек, барлық взвод құрамасы таза қазақ тілінде патриоттық әндерді шырқады.
Бірі: «Қазағым, қазағым, тартқан өмір азабын, ата-баба салтына берік болған-ау» – десе, енді бірі: «Туған жер, алтын таң, кең далам, таулы орман, ұл мен қыз қорғаймыз, бақытты сені, Отан, сені Отан!» – деп әуелетті.
Нәтижесінде сап түзеген сарбаздардың қалпы, жүрісі, әннің мазмұнына мән берген қазылар алқасы колледждер арасында 3-ші орынды Красный Ярдағы агротехникалық колледжге, 2-ші орынды жоғарғы колледжге және 1-ші орын мен кубокты Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжге берді. Ал, мектептер арасында 3-ші орын және қала әкімінің атынан әскери дайындық кабинетінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған 70 мың теңге №6 орта мектептің взводына бұйырды. 2-ші орын және 80 мың теңге сертификат №14 орта мектепке табыс етілді. Гран-при кубогы мен 150 мың теңгенің сертификатын №21 орта мектептің взводы жеңіп алды. Қуанышында шек жоқ оқушылар тыңғылықты дайындықтың жемісін осылай татты.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай Қорғаныс министрінің мерекелік медалімен келешек ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеп келе жатқан №13 «Экос» мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сергей Коростиль, №14 орта мектептің мұғалімі Мереке Сүлейменов және №8 орта мектептің мұғалімі Сейітжан Жүсіпов марапатталды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс