«Сарыарқа» мөлтек ауданы қанатын жаюда

Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні қарсаңында қала әкімі Ермек Маржықпаев станция сыртындағы поселкедегі «Алтэко Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қайта өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Еркін Сұрағановтың айтуынша, астық сақтайтын қойманың ашылғанына жарты ай ғана болған. Осы уақыт мерзімінде 6 мың тонна қуаттылықты толық орындады.

«Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласындағы шаруа қожалықтарымен әріптестік байланыс орнаттық. Мен осы қалада тудым, сондықтан фермерлердің көпшілігін жақсы танимын, кезінде әкеммен бірге егіс даласын зерттеген едім. Бастапқыда-ақ несиемен жұмыс істемейміз деп шештік. Сүйікті ісіммен айналысу және нақты есеп жүргізудің арқасында осындай жетістікке жеттік. Бүгін кәсіпорынға 480 миллион теңге өз қаржымыз салынды, әрине, мемлекеттік қолдаудан бас тартпаймыз. Мысалы, «Казагро» акционерлік қоғамы  арқылы лизингке қондырғылар алдық. Техника сенімді, ресейлік, Воронежден әкелінген, әрі жөндеу мен қызмет көрсету жағынан мін жоқ», – деді кәсіпорын жетекшісі.  Кәсіпорында коммуникация жағынан да, теміржол инфрақұрылымы, электрлендіру, су желісі жүйесі реттелген. Қазір серіктестікте 20 адам жұмыс істейді, штатты 50 маманға дейін өсіру, өзіне тиесілі аумақты ары қарай игеру және өзіндік егіс алқабын жасау да жоспарда бар. Әзірше «Алтэко Агро» тек астықты сақтау, өңдеу, кептіру, тазалау және артумен айналысады. Зертхананы және таразыны аралау барысында әкім электронды жазба жасау жүйесімен танысты. Бастапқыда біраз қиындықтар туындапты, қазір бәрі қалпына келген. Әрі жеңіл, әрі тиімді.  Қала әкімі бұл күні, сондай-ақ, осы поселкеде құрылысы аяқталып қалған жаңа балабақшаға барды. 240 орындық бөбекжайды тапсыру мерзімі өтіп кеткен. Қосалқы мердігер «КЭР» ЖШС-не сын айтылды. Бұл нысан қала басшысының назарында.  Облыс орталығындағы тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды уақытша бейімдеу мекемесінің ішін аралап көрген қала әкімі ұжыммен сөйлесіп, оның тұрғындарымен де әңгімелесті. Асхана, кір жуатын жер, демалыс бөлмесі мен спорт залы да назардан тыс қалған жоқ. Орталықты мекен етушілер өздеріне жасалған жағдайға алғысын білдірді. Бұл мекемеде құжаттарды қалыпқа келтіру, жұмысқа орналастырумен қоса, алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Қаңғыбастардың үсікке шалынбауы да назарға алынады. Сәдуақасов көшесіндегі жаңа аллея жұмысы да аяқталып қалған. Ермек Боранбайұлы демалыс аймағын абаттандыру, учаскені тазарту жұмыстарына мән беруді тапсырды.  Қала әкімі жұмыс бабындағы сапар барысында «Сарыарқа» мөлтек ауданында салынып жатқан жаңа үйлерге де барды. Құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, келесі жылы бұл жерде 12 жаңа баспана салуға толық мүмкіндік бар.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс