Сатира

Біз бүгін «Күміс күлкі» бетінің кезекті санында өңірге танымал сазгер, әнші, ақын Иран сал Тасқара ағамыздан сарқыт ұсынып отырмыз.

Иран сал Тасқара талай жолды артқа тастап, біраз төбенің биігін шалса да қолынан домбырасы түспей, өлең-жырының қазанын ортайтпай, әзіл-қалжыңын  қалдырмай, орайы келгенді қағытып, қызық өлеңдерін қыз-қырқынға арнап, сал-серілік дәуренін сүріп жүрген ақын. Шабыты шырқағанда әнін, көңілі соққанда жырын шығарып, шығармашылық үрдістен таймайтын талантты адамның әр жерде «Иран сал айтты» деген сөз қалдырып, оларын қулықшылардың айтып жүретіні де рас. Қайда жүрсе орта толтырып, айналасын әңгімеге, өлең-жырға қарқ қылатын сал ағамыз енді әлем шарлайтын әлеуметтік желінің де әккісі болып алған. Алыс-жақын ағайынмен компьютер арқылы да әзілдесіп-қалжыңдаса береді.

Көз туралы

Сонымен көз маманы Алла Леонидовна Маркова басқаратын бөлімшеге түстім. Алла қызымның айтқаны:
– Сол көзіңізге Россияда жасалған хрус-талик бар, ауыстырамыз, оң көзіңіз толық жабылу керек, содан кейін оған да операция жасаймыз кейінірек.
Сал Ираннан соқыр Иранға айналып кетем бе деген қорқыныш бар, бәріне көне кеттім. Бір көзіме операция жасап ауруханадан шығарды, сол көзім жақсы көретін болды. Оң көзімнің жабылуын қалай тексерем деген сұрағыма:
– Сау көзіңізді қысып, байқайсыз, – деді. Сол ауру, яғни оң көзімнің жабылуы жылдан аса созылып кетті. Көз қысу деген маған жаман әдет боп жабысты және емдеген көзіме күш түсіп қызара беретінді шығарды. Бір күні бір тойда ресторанда отырып, бір көзімді қысып, алыстау отырғандарға қарамасым бар ма. О, тоба! Бір сұлу келіншек те маған көзін қысады. Қайта көзімді қысып, қараймын, ол да көзін қысады. Сасқанымнан жанымда отырғандарға: – Менің фокусымды көріңдер, – деппін ғой. Ақыры оң көзім де жабылып, қайтадан операцияға келдім. Мені танып, бәрі қарсы алып жатыр. Алланың Мария атты көмекшісінің ілтипатына риза болып, ойымды өлең қылып жазып бердім.

«Фейсбуктағы» сұлуларға

Фб-дағы, сұлуларым!
Бұл ағаңа сұлу бәрің!
Көздеріңнен көргендеймін
Наурыз көктем жылуларын!

Фб-дағы, аруларым,
Жүрегіме – дәру жаным!
Иран Сал боп атанған соң
Махаббатқа – зәру жаным!

ФБ-дағы, аналарым!
Отбасында паналарым!
Қызметте ермен бірге,
Мәпелеген балаларын!

Құтты болсын Көктем үні,
Әлемдегі Әйел күні!
Сұлулықпен жарқылдасын
Қырлы, сырлы әйел сыны!
***
Уа, сұлулық «селфилетіп» тұрасың,
Оған арнап сен де жырды құрасың.
Ақ көңілмен, ақ сезіммен төгілген
Осындайда қазағымның жыры асыл!

Марияға

Мария айтты: – ардақты, ағажаным,
Жарқырайды жанарың атып таңың.
Бізге көздің, әзірше керегі жоқ,
Бізге керек сипайтын алақаның.

Айтқанына болдым мәз, қайран қалып,
Кез келгендей шырқайтын әнді салып.
Өкінгенмен келмейтін, қайран, жастық
Қол бұлғайды осылай артта қалып.

Мен әзілге ризамын, қарындасым,
Алдан шығып жақсылық жарылқасын.
Көңіліңді көтеріп жаратқаным,
Бақ пен дәулет басыңнан арылмасын.
***
Екінші көзіме америкалық хрусталик қойып, бір көзім ресейлік көзқарас, екінші көзім америкалық көзқарас болып, заманға сай келе қалдым!

Емші қыздарға

…Айнала қыз-келіншек қолы жұмсақ,
Ем жасап, зыр жүгіріп тұрмас бір сәт.
Көтеріп алақанға бұл қыздарды,
Ер болып, артық болмас тағзым қылсақ.

Бұл жүрек не көрмеді, неге көніп,
Ел-жұрттың қайғысына ортақ болып?!
Тозды ма, қайран, жүрек жас ұлғайып,
Мені де атандырып «гипертоник».

Бұл атақ маған бірақ тағылмайды,
Сал жүрек мойын ұсынып, бағынбайды.
Бір Алла қуат беріп, қолдау берсе,
Әлі де сүюінен жаңылмайды.

Шолпан мен Алма қыздар, ару қыздар,
Ағаның ақ батасын алыңыздар.
Тезірек жүрек емін бір қайырып,
Көзіме енді күшті салыңыздар.

Бар екен Алла атты асыл қызым,
Оған да жеткізіңдер аға жырын.
Алланы алла қолдап, сәті түсіп,
Көзімнің тұманданған жақсын нұрын.

Шығайын жаңа жылға жаңа болып,
Құшайын аруларды көңіл толып.
Жалтылдап өнерімнің сан қырлары,
Алтын құс сайрағандай баққа қонып.

Асыл қазына

Иран сал жиын-тойда асыл баба-ларымыздың көненің көзіндей киелі сөздерін насихаттап, жиі айтып жүреді.
Атақты Қарауыл Етекбай бидің сөзі

Етекбай би сегіз ата Қарауылдың бас биі атанып, руы Қанжығалы Желкілдек бимен бірге үзеңгілес билік жүргізеді. Етекбай тоқсанға келіп, алжыды деген лақап тарайды. Мұны Желкілдек би естіп, сонау Ерейментаудан атпен жол жүріп, Етекбайдың қалін білейін деп Үлкен Қарой, Кіші Қарой жеріне келеді. Етекбайдың үйін сұрастырып, тауып, кірсе, Етекең сақал-шашы аппақ, үстінде ақ көйлек, ақ дамбал, ақ төсекте отыр екен. Баяғы әдетімен қағытып, Желкілдек би:
– Ассалаумағалейкум төрт атаның ағасы, – деп әдейі сегіз атаны атамайды. Қырағы Етекбай сәлемін іліп алып:
– Уағалейкумассалам, аз атаның баласы, – деп Қанжығалының аздығын бетіне басып жібереді.
Желкілдек, құшақтап тұрып:
– Сөзің бәрі бұрынғыдай, алжыды деген не пәле? – депті.
Етекбай би құшағын ашпай, себебін тақпақтап жөнеліпті:
Онға келген жасым-ай,
Ойынмен өткен басым-ай!
Жиырмадағы жасым-ай,
Толықсыған басым-ай!
Отыздағы жасым-ай,
Қатарға қосқан басым-ай!
Қырықтағы жасым-ай,
Қыран бүркіттей басым-ай!
Елудегі жасым ай,
Ел билеген басым-ай!
Алпыстағы жасым-ай,
Атандай болған басым-ай!
Жетпістегі жасым-ай,
Жетіп бір келдің басым-ай!
Сексендегі жасым-ай,
Селкілдетті басымды-ай!
Тоқсандағы жасым-ай,
Ашуы қатты жас тоқал
Жолатпайды қасына-ай!

Босқа кеткен жиырма жыл

Баяғыда бір өнерпаз жігіт он қадам жерден жіп лақтырып, иненің көзінен өткізеді екен. Патша сол жігітті алдырып:
– Осы өнерді үйренуге қанша жылың кетті? – деп сұрайды. Қошемет дәметіп тұрған жігіт:
– Жиырма жылым кетті, – дейді масайрап.
– Мынаған жиырма алтын беріңдер. Сонан соң жиырма дүре соғыңдар! – депті патша нөкерлеріне.
– Жазығым не? – дейді өнерпаз жігіт үрейленіп.
– Алла тағаланың өлшеп берген өмірінің бақандай жиырма жылын пайдасыз іске жұмсағаның үшін! – депті ашулы патша.

Бірқақпайлар

Ұлы Отан соғысы кезінде бір сарбаз хат жазыпты. «Ауылға сәлем, аман-есенсіңдер ме?.. Бізде бәрі шүкір, немістер қуып келеді, біз қашып келеміз, қуып келеді, біз қашып келеміз, қуып келеді, біз қашып келеміз. Құдай қаласа ауылға да жетіп қалармыз…».

                                                                                                    ***
Бір күні күйеуі мен әйелі қорқынышты кино қарап отырғанда теледидардан жалмауыз кемпір атып шыққанда әйелі: – Ой, мама, – десе. Күйеуі: – Таныдың ба?, – депті.
***
Күйеуі жұмысқа кетіп бара жатып әйеліне: – Сен менің пиджагімді тазалап койдың ба? – Әрине тазаладым. – Ал, шалбарымды ше? – Иә тазаладым. – Ал, аяқ киімімді ше? Әйелі: – Не онда да қалта бар ма? – депті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс