Сатирик-жазушы, журналистика ардагері Сайлау Көшкенұлы 70 жаста!

Құрметті Сайлау! Сексен жеті жылдық тарихы бар ежелгі басылым – «Көкшетау» газетінің ыстық-суығын бірдей бөлісіп, күш-қуатыңызды, шығармашылық ізденісіңізді оқырман қауымға қалтқысыз қызмет етуге арнадыңыз. Қоғамда болып жатқан өзгерістерді шынайы жазып, сатирик-жазушы, кәсіби журналист ретінде құрметке бөлендіңіз. Бүгінгі 70 жылдық мерейтойыңыз ұзағынан сүйіндіріп, асыл жеңгеміз Мәуен екеуіңіз ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, баянды ғұмыр сүріңіз. Жазарыңыз да, оқырманыңыз да көп болсын.
Құрметпен: өзіңнің «Көкшетауың».

ӨМІРДЕРЕК: Сайлау Көшкенұлы 1947 жылғы 3 ақпанда Көкшетау облысы, Чкалов ауданындағы Қарағаш ауылында туған. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітіріп, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясында аудармашы, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып істеді. Кейін қалалық «Көкшетау» газетінде редактордың орынбасары, әдеби редактор лауазымында қызмет атқарды. Сайлау Көшкенұлы «Өмірдің ащы шындығы» және «Кәуіктің өкініші» атты сықақ кітабынан бастап жиырма шақты жинақ шығарды. Ол – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі.

Елеп, ескерер болсақ…

Өзінің саналы ғұмырын мерзімдік басылым – газет қызметіне арнап келе жатқан Сайлау Көшкенұлы бұл күнде қарымды қалам қуатын танытқан әрі қалыптасқан әріптес ретінде қай құрметке де лайық деп есептейміз. Өкініші сол, өз елінде пайғамбар жоқ дегенге имандай ұйып болған биліктегілер ой-сана жемісін терімдеген қаламгерлерге құрмет көрсетуді артық санайтын тәрізді. Шахтер шыңыраудан кен шығарғандығы үшін еңбекақы талап етсе жөн де, ой қорытпасынан қотарылған сезім сәулесін қағаз бетіне түсірген қаламгер өз еңбегінің өтеуін сұраса жөнсіз болып па?! Бұлай деуіміз қырық жылдан астам ғұмырын журналистік салада адал, еш халтурасыз өткеріп келген Сайлау Көшкенұлының көшелі еңбектерінің елене бермейтіндігін тағы бір еске салу. Міне, алдымызда Сайлаудың «Тамырын жайған тереңге» атты кітабы жатыр. Соңғы жылдарда әріптесіміз өмірдің сан арналы тақырыптарына қалам қадап, өз ойын оқырмандарына азырқанбай ұсынып келеді. Бұл кітабынан да алуан тақырыпқа бара білген дәстүрінен Сайлау табан аудармағандай екен. Астанадағы Президент мұражайын тәптіштей әңгімелеген автор енді бірде туған өлке табиғаты, ондағы көңіл алаңдатар ауқымды мәселелерге ой бойлатады. Табиғат қорғау прокуроры Күнсая Балғожинамен сұхбатта осынау өткір де өзекті мәселе толғамды ойға желі болып тартылады. Жерге орналастыру жөніндегі Ақмола мемлекеттік институтының директоры Кәрібай Шалабаевпен әңгімеде де экология, жерді оңтайлы пайдалану мәселелері пайымдалады. Кітаптағы тағы бір пара әңгіме білім, ғылымға, оның жетекші тұлғаларына қарай ойысады. Ғылым докторы Жолмырза Сағын, Самай Хакімұлымен әңгіме барысында оқу орындарының хал-ахуалы, ғылым, білім беру бағытындағы табыстары сөзге тиек етілген.
Ал, «Тегіне тартып туған ұл», «Ғылым жолын қуған ғалым», «Алтыннан алқа таққан» деген танымдық сипаттары терең мақалалары Көкшетау өңіріне есімдері мәлім Талғат Жүнісов, Жанат Қасым, Хайролла Байшағыров сияқты ғалымдардың ізденістерін, ғылым жолындағы табыстарын, ұстаздары мен шәкірттерін тарата сөз еткен, ғалымдар өмірін, ортасын білмекке ықыластырар бұл мақалалардың танымдық қызметі аз болмаса керек. Сайлаудың «Он тоғызда от кешкен» атты деректі дүниесін тебіренбей оқу мүмкін емес. Онда автор Тәжікстан жеріндегі жосықсыз шайқаста шаҺит кешкен жерлесіміз Бекебаев Ербол Тасболатұлының тағдырын сөз етеді. Есімі неге ескерусіз қалып отыр деген сауал тастайды. Он тоғызында оталып кеткен Ербол бауырын еске алған апасы Аягөздің жан тебіренісін жоқтау жыры арқылы берген Сайлау бір қиырда ел аман, жұрт тынышта солақай саясаттың құрбаны болған азамат есімін ескергеніміз жөн-ау деген уәж айтады. Орынды-ақ! Авторды адам саудасы, ғасыр індеті СПИД мәселесі, түнгі көбелектер тағдыры да бейтарап қалдырмайды. З.Мағафираұлы, А.Байтышқанов тәрізді зиялы, қолы жеңіл, емі дауа дәрігерлерге де өз сөзін арнайды. Жалпы, журналист ретіндегі Сайлаудың қалам тартпаған, батып барып сөз етпеген тақырыбы, дүниеауи мәселесі жоқ десе де болады. Онысын сөз етіп отырған еңбегінен де аңғарғандаймыз. Тек елеп, ескерер есті оқырманы болсын дейік.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры

Алпыс жыл жұп жазбастан

Кіндік қан тамған Жаңатілек ауылында бастауыш мектепті тәмамдап, 1957 жылдың күзінде колхоз орталығы Қарағаштағы жетіжылдық мектепте оқуды жалғастырдым.  Сол уақыттан бастап мен Сайлау Көкшкенұлын білем десем қателеспеспін. Оған да, міне, алпыс жылдай уақыт болып қалыпты…

Бір класта болмасақ та, бір мектепте бірге оқыдық. Жылдар жылжып, сол кездегі аудан орталығы Чкаловта орта мектепті бітіріп, арман қанатында әрқайсымыз әр жаққа кете бердік… Таумен тау ғана кездеспейді, адаммен адам кездеспеймін десе де сан мәрте кездеседі ғой, оның үстіне бір ауылдың тумасы болсаң. 1975 жылы Жаңатілек ауылынан соңғы үй осы Қарағаш ауылына көшіп, бұл ел өз ата жұртымыздай болып кеткен-ді. Еңбек жолымды да Қарағаш ауылында бастаған болатынмын… Замандас, құрдас екеніміз өз алдына, бізді алдымен жақындастырған жазуға құштарлығымыз ғой деп ойлаймын. Екеуміз де мектепте оқып жүрген кезден «Қазақстан пионері», «Көкшетау правдасы» газеттеріне өз әлімізше жарыса жазып жүрдік. Сайлау қолынан қаламын түсірмеген күйі еңбек жолын газетте жалғастырды, мен болсам ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін бітіріп, әр деңгейде экономист қызметін атқардым. Бірақ, менің де қолымнан қаламым түскен жоқ. Бірде Сайлау: «Совет, сенің жазып жүргеніңе де әжептәуір болды. Журналистер одағына неге өтіп алмайсың», – деді. Досымның осы сөзі түрткі болды ма, қажетті құжаттарды тапсырып, 1994 жылы Журналистер одағына мүшелікке өттім. Енді бірде Сайлау: «Сенің жазғандарың кем дегенде екі кітап болатын шығар, жұрт қатарлы неге кітап шығармайсың», – деді. Шынында да, біраз материалдар жинақталған болатын. Сөйтіп, оның айтуымен кітап шығаруды қол-ға алдым. Құдайға шүкір, бағасын оқығандар бере жатар, үш кітабым жарық көрді. Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын демей ме, Сайлаудың жолдастық қамқорлығының арқасында мамандығым бойынша жұмыс істей жүріп, жазушы-журналистік қабілетімді де көрсете білдім. Бүгін, міне, замандас, құрдас, сырлас, қаламдас Сайлау Көшкенұлы да жеті асу асып отыр. Денің сау болып, адал жарың Мәуен екеуің балаларыңның, немерелеріңнің қызығын қызықтап, қаламың мұқалмай, жазар көбейіп, жасай беріңдер, Алла жазып сексеннің сеңгі-рінен көрінейік демекпін.

Совет ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс