Сахнада – өнерпаз ардагерлер

«Достар» мәдениет сарайының сахнасында ардагерлер ұйымдарының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Шараны өткізудегі мақсат – соғыс және еңбек ардагерлері хор ұжымдарының өнерін насихаттау, қарт адамдарды мемлекет пен қоғам өміріне белсенді қатысуға тарту, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, халық шығармашылығын жетілдіру болып табылады.
Жапырағын жайған бәйтеректей айналаға жүрек жылуын шашып жүрген ардагерлерден құралған хор ұжымдары зор қошеметпен сахна төріне шақырылды. Ардагерлер хорының репертуары да бай. Майдан даласындағы ерлік, Отан қорғау тақырыбындағы мазмұны терең туындылармен қатар, халық әндері де бар. Концерттік бағдарлама шымылдығы «Тарих беттерін ақтарғанда…» әдеби композициясымен басталды. Қазыналы қарттарымыз көркемсөз оқып, жанды дауыста ән шырқап, залды әдемі әуенмен әуелете түсті. Концерт барысында ардагерлер хоры көрермен алдында сұрапыл соғыс жылдарындағы халықтың, жауынгерлердің көңіл-күйін айқын суреттейтін бояуы қанық әндер мен халық шығармашылығынан алынған туындыларды орындады. Қазақ жүрегінің жырына айналған «Атамекен» әнін барша көрермен қосыла шырқады. «Туған жер» әнін орындаған теміржол бөлімшесінің ардагері Татьяна Кулигина, Мараш Бекалиева, Зүбайра Әлкеева, «Наука» зауытының ардагері Валентина Кутуковалардың айрықша әуезді үндері көпшілікті тәнті етті. Валентина Усенко, Рита Костенко, Галина Николаевалар «Жылдар өтіп барады» әдеби композициясын, Жанар Цой «Спасибо жизнь» әнін орындаған сәтте самайларын ақ қырау шалған ардагерлер шалқыған ән лебімен бірге тербеліп, жастық шақтарын еске алысты. «Көкшетау» мәдениет сарайының вокалды хор тобы, «Ақ бұлақ-Родник» клубы, «Русская песня» халықтық ансамбльдерінің өкілдері тамаша өнер көрсетті.
Қалалық ардагерлер ұйымы елдің бірлігі мен ынтымағына, экономика мен әлеуметтік дамуына, жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу жолында сүбелі үлестерін қосып келеді. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы қиын жылдарда қоғамдық ұйым мүшелері халықты алдағы жақсы өмірге үндеді. Өздері бас бола жүріп, жастарды тәуелсіздік рухында тәрбиелеуге көп еңбек сіңірді. Бұл іргелі ұйым бүгінде өңірдегі барлық іс-шараларға бастамашы болып, өз үлестерін қосып та жүр. 19 жылдан бері қалалық кеңес төрағасының орынбасары Валентина Соломина жетекшілік ететін «Ақбұлақ-Родник» клубының зейнеткер өнерпаздары «Ақмола жұлдыздары» және басқа да байқауларда жүлделі орындардан көрінуде. Ансамбльдің репертуарында бірнеше ұлттың әндері бар. Қала әкімдігінің қолдауымен жаңа костюмдер тігілді. 15 жылдан бері тұрақты жұмыс істейтін шахмат, дойбы клубына спорт шеберлігіне кандидат Тельман Мұқышев жетекшілік етеді. Ардагерлеріміз күн сайын осында келіп, демалыс сәттерін өткізеді. Қалалық және облыстық деңгейдегі жарыстарға да қатысады. Осы тақылеттес спорт клубтары Красный Яр селосы мен Станционный поселкесінде де ашылыпты. Ардагерлеріміз сонымен бірге, аға ұрпақ арасында қала әкімінің жүлдесі үшін асық атудан спорттық жарыстарға да белсене қатысуда. Ардагерлерге арналған емхананың бас дәрігері Бағила Закринаның бастамасымен құрылған «Алтын жас» денсаулық клубы да зейнеткерлердің көңілінен шығып келеді.
Фестивальға қатысушылардың әрқайсысы табиғатынан дарынды ғана емес, сонымен бірге қайсарлықтың да символына айналғандай. Шараға жиналған көрермен қауымның олардың өнеріне тәнті болғанын жанарларына ұялаған сүйіспеншіліктен айқын аңғаруға болады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, аталмыш шараға қатысушылардың қатары жыл санап ұлғайып келеді. Шығармашылықтары да шыңдала түсуде. Шараға қатысушылардың бірі, «Көкшетау» мәдениет сарайы ардагерлер хорының мүшесі Салтанат Омарова мемлекет тарапынан үнемі көңіл бөлініп, өздерінің өнерлерін көрсетуге осындай үлкен мүмкіндік беріліп отырғанына өз басы өте қуанышты екендігін жеткізді. Сонымен қатар, аталмыш хордың басқа да мүшелері егде жастағы адамдар болса да, сахнаға шығып, өнер көрсетуде алдарына жан салмайтынын тілге тиек етті. Түрлі ұлттық киімдер киген ардагерлер қауымы шат-шадыман күй кешіп, осындай шараға қатысуға мүмкіндік алғандары үшін ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий