Саяжайдың бірлесіп шешетін мәселесі көп

Депутат Рүстем Қалышевтің төрағалығымен 27 наурызда өткен Көкшетау қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясының кезекті отырысында саяжай кооперативтері мен серіктестіктерінің жұмысы қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Иван Юрченко, қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса қатысты.

Саяжай кооперативтерінің төрағаларымен 2015 жылы өткен жиында қараусыз қалған учаскелер тіркеуге алынған болатын. Мысалы, 2016 жылы олардың саны 413 болса, биыл тағы 167 иесіз учаске бары анықталған. Көкшетау қаласы аумағында 1764 гектар жерге 23665 саяжай учаскелері орналасқан. Оның 14543-і – Зеренді, 2379-ы

– Красный Яр, 233-і Еленовка бағытында. Қолданыстағы учаскелер саны – 9795, қолданылмайтыны – 7360, иесіз тұрғандары – 6510. Бүгінде Зеренді бағытындағы 19 кооператив үш құбыр желісі арқылы жинақтама котлованнан сумен жабдықталған, 14 кооператив суды 12 ұңғымадан алады. Жұмыс істеп тұрған кооперативтердің бәрі дерлік электр энергиясымен қамтылған. Еленовка бағытындағы саяжайлар тіршілік көзі – суды Шағалалы өзенінен алады.
Қалалық әкімдіктің 2011 жылғы қаулысына сәйкес саяжай учаскелерін дамытудың кешенді бағдарламасы жасалған. Бұл мақсатқа бөлінген 31,4 миллион теңге жолдарды, электр желілерін және қондырғыларды жөндеуге жұмсалды. Қаржыландыру көзі болып қалалық бюджет, бау-бақша кооперативтері мүшелерінің жарналары және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саналады. Осы жоспарға сәйкес, сайжай аумағындағы жолдарға ағымдық жөндеу жүргізіліп келеді. Алайда, коооператив мүшелерінің айтуынша, оның сапасы өте нашар. Өткен жылы ғана тегістелген жолдар шұрық тесік болып жатыр. Сондықтан биылдан бастап жөнделген жолдарды қабылдайтын комиссия құрамына бау-бақша қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алексей Шумейконы енгізу ұсынылды. Қалалық ауыл- шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Еркеш Әленов 2011 жылдан бері атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Красный Яр бағытындағы саяжай копперативтері мүшелерінің айтуынша, соңғы жылдары ұрлық-қарлық көбейген. Сондықтан атты патрульдік кавалерия осы аумақты да күзетсе жақсы болар еді. Ол үшін полиция қызметкерлеріне арналған бекет пен аттарды қоятын арнайы аула қажет. Оны кооператив басшылығы қарастыруға уәде етті. Атты патрульдік тәртіп сақшылары саяжайларды мамырдың 1-нен қазанның 1-не дейін бақылауға алады. Соның арқасында талай қылмыстардың беті ашылып жатыр.
Саяжайдағы жұмыс маусым басталғанда барлық автобустар өз кестесі бойынша тұрғындарды тасымалдайтын болады, әрі биыл 37-ші бағытқа қосымша қоғамдық көлік бөлінбекші. Отырыста сөз алған қала әкімінің орынбасары Иван Юрченко ең алдымен саяжай аумағында тазалықты сақтау қажеттігін айтты. Қоқыстан тазартылып, қоршаулар жөнге келтірілуі тиіс. Содан кейін ғана басқа талаптар алға тартылады. Саяжайлар мен бау-бақша шаруашылығына қатысты жер қатынастары, тұрғын-үй шаруашылығы, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің жетекшілері мен мамандары заң бойынша атқарылуға тиісті шаралар жайлы түсініктеме берді. Олардың ішкі жұмыстары өздерінің қабылдаған жарғысына сәйкес атқарылуы тиіс.
Ағымдағы жылдың 22 ақпанында Көкшетау қалалық прокуратурасы қалалық әкімдік, жер қатынастары бөлімі, әділет басқармасы, сәулет және қалақұрылысы бөлімі, жер кадастры мен жылжымайтын мүлікті техникалық зерттеу департаменті қызметкерлерінен құралған жұмыс тобын құрды. Олар биыл саяжай учаскелерін тізімдеп, барлық бау-бақша серіктестіктерін заңды тұлға ретінде тіркеп, су мен электр энергиясын үнемді жұмсауға бюджеттен қаржы бөліп, саяжай проблемаларын реттеудің нормативті-құқықтық актілерін шығару мәселесін қолға алмақ. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясы алдағы уақытта саяжайларды жарықтандыруға қатысты мәселе талқылайтын болады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс