Сағила ана ұлын 30 жыл күтті

1942 жылы Степняк қаласынан майданға аттанған қазақ жауынгерінің сүйегі биыл Калининград облысынан табылыпты. Ол 1937 жылы «халық жауы» деген күйе жағылып, ату жазасына кесілген, Еңбекшілдер ауданының тумасы Бекмұхамбет Қамысбаевтың ұлы Кәмәш болса керек. Әкесінің қасиетті есімін ақтап аламын деген ниетпен соғысқа аттанғанда Кәмәш 25 жаста болатын. Оның өлі-тірі екендігінен еш хабар болмағандықтан, 1945 жылы із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енген.

Көкшетау қаласында тұратын туған қарындасы 90 жасар Қайнижамал апаның айтуынша, Кәмәшті анасы көзі жұмылғанша күтіпті. Ұрыс даласында мерт болғандығы жөнінде қара қағаз алмағандықтан, өліміне сенгісі келмепті. «Менің анам Сағила Қамысбаева өте тұйық адам еді. Ішкі жан күйзелісін ешкімге сездірмейтін. Кейде көзіне жас алып отырғанын байқап қалатынмын. Анамыз үлкен отбасын асырау үшін көп еңбектенді. Әрі «халық жауы» деген қара күйе ізінен қалмай, өкшелеп жүретін. Мұның бәрі ол кісіге ауыр соққы болды. Тіпті, ұлын жоқтауға да жүрексінетін», – дейді Қайнимажал апа. Алайда, өкінішке орай, сүйікті ұлы жайлы мәлімет табылғанын ол кісі ести алмай кетті. Сағила Қамысбаева анамыз қайсар жауынгер ұлы Кәмәшті 30 жыл зарыға күтіп, 1975 жылы көз жұмыпты.
Россияның Калининград облысында іздеу жұмыстарымен айналысқандар «халық жауының» ұлы Кәмәштің Отанына адал қызмет еткенін қуаттады. Туысқандарына келген ресми хаттан білгеніміз қатардағы жауынгер К.Бекмұхамбетовтің «Қызыл Жұлдыз» ордені және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғандығы. Қазір сарбаздың мүрдесін Қазақстанға әкелу жөнінде Калининград облысының іздестіру қозғалысының мүшелерімен келіссөздер жүргізілуде. Кәмәштің туысқандары оны Ерейментауға жерленген анасының жанына қойғысы келеді. «Сонда ғана анамның жаны жай табатын шығар», – дейді Қайнижамал апа көзіне жас алып. Иә, туған жерін зұлым жаудан қасық қаны қалғанша қорғаған Көкшенің өршіл өрені Кәмәш Бекмұхамбетов ағамыз қандай құрметке болсын лайық.

Ғалия ӘШКЕНОВА,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс