Сақтансаң сақтармын деген…

Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының басшысы Дәулет Шамиғанов күннің жылынуына байланысты көлдің мұзы жұқарып келе жатқанын, сондықтан сақтық шараларына баса көңіл бөлу керектігін айтып ескертеді. Құтқарушылар Көкшетаудағы Қопа көлін жіті бақылауға алып, балықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. «Көкшетау» газеті: Бүгінгі күнде Қопа көлі мұзының қалыңдығы қанша? Оның үстінде жүру қаншалықты қауіпті?

Дәулет Шамиғанов: Қазір Қопа көлінің қалыңдығы 65 сантиметр. Күннің жылынуына байланысты мұз жұқарып келеді. Көлдің шеткі жағы күндіз еріп жатыр. Сондықтан мұз әлі де қалың екен деп көлдің үстімен жүре беруге болмайды. Әсіресе, балаларды қадағалап отыру керек. Ақмола облысында барлығы 754 көл бар. Өткен жылы Астрахань ауданында үш бала мектептен шығып, көлдің үстінде ойнаймыз деп, мұздың жұқалығынан суға батып кетті. Құтқарушылар апатты жағдайлардың алдын алу үшін барлық шараларды жасап жатырмыз.

«Көкшетау» газеті: Бірақ балықшыларға тосқауыл қою мүмкін емес сияқты. Олар күнде келетін шығар?

Дәулет Шамиғанов: Иә, балықшылар қысы-жазы көлден шықпайды. Сондықтан оларға мұз жұқарған сайын жағадан алыстамау қажеттігін айтып ескертіп жатырмыз. Сондай-ақ, құтқарушылар жасағы суға батқан адамды құтқару жаттығуларын үнемі жүргізіп тұрады. Қопа көлін бақылауда ұстап отырмыз. Барлық білім ошақтарына суда сақ болу туралы жадынамаларды тараттық. Көкшетаудағы құтқару станциясында 20-дан астам адам ауысыммен жұмыс істейді.

«Көкше-ақпарат».

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий