Сақшылар еңбегі мақтауға лайық

Маусым айының алғашқы күні жұмыстан босап, балаларымды ойын-сауық орталығынан алып кетуге асыға шықтым. Абай көшесінің бойында орналасқан «Алатау» бизнес орталығының алдындағы  автотұраққа көлігімді қойдым. Ғимараттың сол жағында бірнеше бейнебақылау орнатылғандықтан, 17 жасар ұлым «Stern» маркалы спорттық велосипедін осы маңға қойды. Сырттан байқағанда ғимараттың алдында заңға қайшы әрекеттер жасау мүмкін емес сияқты көрінеді. Көп ұзамай ғимаратқа кіріп, балаларымды, немерелерімді шығаруға асықтым.  Бар-жоғы  бес  минут аралығында  ұлымның қойып кеткен велосипедін белгісіз біреулер ұрлап кеткен екен. Баламның көңілі түсіп қалғанын байқаған мен, оны жұбатып, тәртіп сақшылары жылдам тауып беретінін айтып жатырмын. Жедел басқару орталығына телефон шалып, мән-жайды түсіндірдім.  Көп кешікпей жергілікті полиция қызметіне қарайтын жол- патрульдік полицияның кіші сержанты  Бақдаулет Көкенбай басқарған 5510 әскери бөлімнің сарбаздары мен №4 учаскелік пункттің  инспекторлары полиция капитаны Ербол Есентаев, полиция лейтенанттары Өмірбек Әбіш, Елжас Башаров және Ербол Мырзабек  оқиға болған жерге келіп жетті. Бір қызығы, ғимараттың бірінші қабатында орналасқан күзет өкілдерінің бейнебақылаулары кіреберістегі ішкі көріністі ғана көрсетеді екен. Тәртіп сақшылары уақыттың өтіп бара жатқанын байқап, жан-жаққа телефонмен хабарласып жатты. Ұрыны іздестіру шарасы  барысында жедел басқару орталығы қызметкерлерінің қосқан үлестері мақтауға тұрарлық.  Қалада орналасқан бейнебақылау арқылы учаскелік инспекторлармен тікелей байланыс құрып, аталмыш қылмыскердің бағыт алған жолын жеткізіп отырды. Осылайша, тәртіп сақшыларынан тұратын іздестіру  құрамы үйлердің ауласындағы тұрғындардан сұрастыру арқылы қаланың А.Пушкин мен Е.Әуелбеков қиылысында қылмыскерді ұрланған велосипедпен қолға түсірді. Тәулікте  24 сағат болса, таңның атысынан күннің батысына дейін антына аса жауапкершілікпен қарайтын қоғамдық тәртіп сақшыларының екі сағаттық жұмысымен танысып, тек алғысымды  жеткізуге асықтым.

Соңғы уақыттары қоғамда полиция қызметкерлеріне деген сенімсіздік пайда болғаны жасырын емес. Әлеуметтік желі арқылы кез келген азамат  өз көзқарастарын білдіріп жатады. Бірақ еліміздің тыныштығын сақтауда, қылмыскерлермен бетпе-бет кездесуде қаншама сақшылар жанпида болғанын, заңға қайшы әрекеттерді анықтау барысында қандай батыл қадамға баратыны тек өз ісіне берілген сақшыларға ғана мәлім шығар. Биыл Қазақстан полициясы кезекті кәсіби мерекесін атап өтуде. Осы орайда, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет атқарған ардақты ардагерлермен қатар бүгінгі тәртіп сақшыларын шын жүректен мерекелерімен құттықтаймын. Еңбектеріне жеміс, отбастарына береке, амандық тілеймін.

Амантай ЫСҚАҚОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий