Сексен жылдығы аталып, ескерткіш тақта орнатылды

Қазақстанның Құрметті журналисі, «Торғай таңы», «Көкшетау», «Бұқпа!» газеттерінің бас редакторы болған қарымды қаламгер, марқұм Мәтен Бижановтың туғанына сексен жыл толуына орай оның ұзақ жылдар тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, кітапханада еске алу кеші болып өтті.

Елемесов көшесіндегі 58 үй М.Бижановтың ұзақ жылдар тұрған мекені. Осы үйдегі кабинетінде отырып талай-талай жұрт таласа оқыған мақалаларын жазды, «Қасқатау» атты поэмасын шығарды, «Қыпшақтарды» қазақ тіліне аударды. Осы үйден өзінің соңғы, сүйікті газеті «Бұқпасына» қарай аяңдады. Бала-шағасының ортасында мәре-сәре күй кешті. Өмірдің қызығын да, қайғысын да кешті. Мынау: «Бұл үйде 1996-2013 жылдар аралығында Қазақстанның Құрметті журналисі, көрнекті қаламгер Мәтен Өтешұлы Бижанов тұрды» деген тақтаға қарап тұрып әркім-ақ осындай ой кешкен шығар. Тақтаны ашуға жиылған жұрт алдында қаламгердің көп жылғы әріптес-інісі жазушы-драматург, ақын Төлеген Қажыбай, Мәкеңнің алғашқы редакторы Айдархан Темірбаев, қоғам қайраткері Болат Жанәділов, «Көкше-Media» ЖШС-ның директоры Жалғасбек Сүлейменовтер сөз сөйлеп, оның жарқын бейнесін еске алып, белгі-тақтаның ашылуына қуанышты екендіктерін жеткізді.
Одан әрі М.Жұмабаев атындағы АОӘҒК-ның оқу залында «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығының М.Бижановқа арналған шарасы өтті. Мұнда да  М.Бижановтың адамгершілік қасиеті, шығармашылығы жөнінде Т.Қажыбай, А.Темірбаев, А.Әбу-тәліпов, Қ.Әкімбеков, Ғ.Төлеғұл, С.Жетпісқалиев, кітапхана директоры міндетін атқарушы Г.Савенкова, кітапхана директорының орынбасары
М.Тоқсанбаев, тағы басқалар ой айтты. Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж студенттері Мәтен аға өлеңдерін жатқа оқыды. Көпшілікке кітапханашылар дайындаған «Елім деп соққан жүрегі» атты кітап көрмесі мен дәл осылай аталған электрондық басылым ұсынылды. М.Бижановтың сексен жылдығына орай өткізілген шараларға қатысып, еске алған, мақалалар жазып, сөз сөйлеген, оның артында қалған шығармаларын жинастырған жандарға қаламгердің жұбайы Жаңылдық Мейрамова, баласы Мейрам, келіні Раушан Бижановтар әулеті атынан алғыс айтты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий