Сенбілікте көкшетаулықтар ұйымшылдық танытты

15 қазанда көкшетаулықтар бір кісідей жұмылып, жалпықалалық сенбілікке шықты. Олар қала көшелерін, аулалар мен көпшілік көп жүретін орындарды, өзен, су арналарын, бақтар мен демалыс орындарын мұнтаздай етіп тазартты. 

Жалпықалалық сенбіліктердің негізгі мақсаты – қоғам назарын қала көшелерінде тазалық сақтауға аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, өскелең ұрпаққа тәрбие беру болып табылады. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, барлық мемлекеттік қызметкерлер 92 ұйым және 300-ге жуық студенттер қатысты. Мақсат – қыс алдында тазалық мәселесін реттеп алу. Қала аумағында орналасқан барлық мекемелерге арнайы хабарлама таратылып, келісім бойынша көше аумақтарының тазалық жұмыстары бекітілді. Облыс орталығында бір ай бойы көшет отырғызу мен абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізілді. Жаңа нысандар бой көтерген аймақтар мен басқа да гүлзарлардың айналасына қайың, қарағай, емен сияқты ағаштардың 5500 түп көшеті отырғызылды.
Күннің салқындығына қарамастан, жиналғандар ширақ қимылдап жүрді. Сенбілікте қаладағы мекеме-ұйымдар Красный Яр маңындағы саяжай маңы, Абай көшесіндені сквер, орталық саябақ, Даңқ Аллеясына дейінгі аумақты қоқыстан тазартып, арнайы техникаларға тиеп, қала полигонына жөнелтті. Красный Яр күрежолынан саяжай массивіне дейінгі учаскеде «Алтынтау Көкшетау» ЖШС-мен 7 стихиялық қоқыс орындары жойылды. Қаланың коммуналдық қызметтері қоқыстарды шығарып қана қоймай, жұмыстың ойдағыдай ұйымдастырылуы үшін сенбілікке қатысушыларды жұмыс құралдарымен қамтамасыз етті. Одан бөлек қажетті техникалар да жұмылдырылды. Қала тұрғындары мен коммуналдық қызметтердің ортақ күш-жігерімен қаладан 495 текше метр қоқыс шығарылды, 1792 түп ағаш әктелді.
Сенбілік барысында қала аумағындағы барлық орталық көшелер ретке келтірілді. Қаланың әр аумағы орамдарға бөлініп, әр мекеме өзіне тиесілі аумақты күл-қоқыстан тазартты. Сенбілік аясында көшелер, тротуарлар мен аулаішілік аумақтар мұнтаздай жарқырап қана қоймай, инженерлік желілер, су, арық құбырлары тазаланды. Саябақтарда маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізіліп, заңсыз қоқыс орындары мен ластанған учаскелер жойылды. Бүгінде үйреншікті үрдіске айналған сенбілік қала халқының бірлігін, көрікті қалаға деген айрықша сезімін білдіретін шараға айналды. Көше мен айналаң таза болса, көңілің де көтеріңкі жүреді. Сенбілік қаланың сән-салтанатын аша түсетінін қазір әр тұрғын жақсы түсінеді.
5540 адам қатысқан жалпықалалық сенбілік тұтастай алғанда жоғары дәрежеде өткізілді. Әрбір азамат айтулы шараға жауапкершілікпен қарап, қала тазалығына бейжай қарамайтындықтарын дәлелдеді. Расында, қаладағы тазалық жайы – тұрақты назардағы мәселенің бірі. Қала – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтырмай, таза ұстауға атсалысуы қажет.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс