Сенбілік ұйымшылдықпен өтті

Көкшетауда көктем мезгілінде ұйымдастырылатын дәстүрлі санитарлық тазалық айлығы аясында сенбілік өтті. Оған 9 мыңнан аса қала тұрғындары қатысты.

Қала аумағы 215 учаскеге бөлінді. Сенбілікке қаладағы 215 мекеме мен кәсіпорын ұжымдары бір кісідей атсалысып, өз аумақтарына тазарту жұмыстарын жүргізді. Өзге де еңбек ұжымдары көшелер мен айналма жол бойында жұмыс істеді. Бұл жұмыстардың бәрі қыстан шыққан қаланы абаттандыруға бағытталды. Оған барлық коммуналдық сала, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, еріктілер тартылды. Жалпықалалық сенбілік барысында тек қоқыс жиналып қоймай, ағаштар әктелді, газондар қураған жапырақтардан тазартылды. Красный Яр бағытындағы жолайырығынан бастап, саяжай бойындағы жол жиегі, Абай көшесіндегі Досмағанбетов атындағы сквер, Орталық саябақ, Даңқ Аллеясы, Бұқпа тауының бөктері мен алаңқайлары, Красный Яр, Станционный селолық округтері тазартылды. Атап айтқанда, «Алтынтау Көкшетау» кәсіпорнымен Красный Яр бағытындағы саяжайлар маңындағы 13 қоқыс алаңы жойылды. «Тыныс» АҚ, Набережная көшесі бойындағы учаскені, «Asia waters» АҚ, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері Қопа көлінің жағалауын қоқыстан тазартты. Қаладағы бекітілген ұйымдар мен кәсіпорын қызметкерлері 5607 ағаш, 29124 метр жиектасты әктеп, 8767 қап қоқыс жинады. 25 қоқыс алаңы жойылды. «Көкшетау Жылу», облыстық аурухана, төтенше жағдайлар басқармасы ғимараттарының қасбеттері жөнделді. Жеке кәсіпорындар тарапынан қосымша 17 бірлік самосвалдар мен 4 жүк тиегіштер, тракторлар мен тротуарларды тазартатын жаңа техникалар – шағын тракторлар іске қосылды. Сенбілікте қатты қалдықтар полигонына 2370 текше метрге жуық күл-қоқыс шығарылды. Соның арқасында Көкшетау қаласы тазарып, жаңарып қалды. Оған қатысқан жандардың бірі де қалмай белсенділік танытты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий