Сервистік полиция моделіне көшеді

Көкшетаулық полицейлер елімізде алғашқылардың бірі болып сервистік полиция моделіне көшеді. Осыған орай өңірдің барлық аудандарында фронт-кеңселер ашылып жатыр. Бұл туралы Ақмола облысының орталығында өткен арнайы жиында айтылды. Шараға Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтан бастап, Қазақстанның барлық аймақтарындағы жергілікті полиция қызметі басқармаларының басшылары жиналды.  Қатысушылардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Коллин Маккалау да бар. Бұл ұйым елімізде сервистік полиция моделін енгізу және жергілікті полиция қызметін жаңғыртуға қатысты әлемдік тәжірибелермен бөліспек.

DSC_8196Жаңа бағыт ішкі істер органдары мен қарапайым халық арасындағы байланысты күшейтіп, қылмыстың салдарымен күресуді емес, алдын алуды көздейді. «Ертеңгі күні арнайы бір ұсыныстар енгіземіз деп ойлаймыз. Ол ұсыныстар қолдау тапса, Үкімет басшысына баяндалып, біздің жаңғырту бағдарламаларының ішіне қосылады деген сеніммен осындай іс-шара өткізіп жатырмыз», – деді журналистермен өткен баспасөз конференциясында ҚР ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев. Погон таққан адамға қашанда халықтың айтар өкпе-назы көп. Олар өз ортамыздан шыққан өз балаларымыз екенін біз көбінесе ескере бермейміз. Погон таққан жігіттер осы өңірдің мектебінде оқып, институтын бітірген жастар. Сондықтан олардың мәдениеті, тәрбиесі өскен ортасына байланысты. Тәртіп сақшылары тек қылмыскерді іздеуші ғана емес, ол адамдардың қауіпсіздігіне жауапты тұлға. Алайда қазір әлеуметтік желілерде заң білмейтін полиция қызметкері деген айып видеолар қаптап жүр. Ал шындығына келгенде, жол тәртібін қадағалаушы адамның барлық заңды жатқа білуі талап етілмейді. Ол тек жолдағы қозғалысты реттеуші болып табылады. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов полицияның сапасы қоғамның сапасына сай келеді деді. Сондықтан қоғамға қойылатын талаптар соған сәйкес болуы тиіс.
Екі күнге жалғасқан шара барысында тәртіп сақшыларының жұмысын жетілдіру бойынша дөңгелек үстел, жұмыс мәжілісі өтті. Оның барысында ішкі істер органдарына қызметке тұру тәртібі, құқық бұзушылық пен қылмыс жасаушыларға қатысты әрекеттер, алдын алу шаралары алгоритмі, жұмыс уақытын оңтайландыру, қызметкерлерді оқыту мәселелері сөз болды.

Г. БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий