Соғылды алғашқы қоңырау

1 қыркүйек күні еліміздегі барлық мектептерде қоңырау үні соғылды. Ақмолалық оқушылар да бүгін гүл шоқтарын алып, алтын ұя мектебіне асықты. Биылғы жылы облыс бойынша 15 мыңға жуық балдырған мектеп табалдырығын алғаш рет аттады.

Ал, Білім күні Көкшетауда алғашқы жекеменшік «AJ school» мектеп-гимназиясы өз оқушыларына есігін айқара ашты. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев: «Құрметті мектеп оқушылары, ата-аналар мен ұстаздар, баршаңызды Білім күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің 1-сынып оқушылары үшін бүгін айтулы күн. Қадамдары сәтті болсын», – деп жүрекжарды ақ тілегін арнай отырып, 1-сынып оқушыларына ең алғашқы оқулықтарын табыс етті. Advanced Junior мектебінде шет тілдерін, оның ішінде (ағылшын, испан және француз тілдерін) кеңінен оқытуды жоспарға алған. Мұндағы оқушылар сағат 8.30-дан кешкі 18.00-ге дейін білім алмақ. Балалар 4 мезгіл тамақтанады, оларға жоғары білікті педагогикалық құрам сабақ береді делінді ашылу салтанатында. Білім ошағында сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі, техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша пәндер тереңдетіп оқытылады. 240 орынға лайықталып салынған мектепте білім алу үшін 1 және 4 сынып оқушылары бір айға 120 мың көлемінде ақы төлесе, даярлық тобының балдырғандары үшін ата-ана 80 мың теңге төлейтін болады. Қосымша үйірмелер қатарында каратэ, хореография, шахмат бар. Осындай айтулы күні 16 оқушының арасынан Бейбіт Ералы мен Медина Әкімоваға алғашқы қоңырауды соғу құрметі бұйырды.

Айғаным АСЫҒАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий