Соғылды алғашқы қоңырау

Қыркүйектің 2-сі күні облыстың барлық мектептерінде жаңа оқу жылы басталды. Көкшетау қаласының білім ошақтарында да бұл күні алғашқы қоңырау сыңғыры естілді. №13 экологиялық мектеп-гимназиясының ұжымы салтанатты шараға ерекше дайындалды. Білім ошағының ауласы безендіріліп, іші-сыртына жөндеу жасалып, сынып бөлмелері жаңартылды. Оқушыларды жаңа оқу жылымен қала әкімі Ермек Маржықпаев арнайы құттықтай келді. Ұстаздарға тың ізденістер, жаңашылдықта табыстар тіледі. Ал, балаларға сабағын жақсы оқып, ата-анасының атына кір келтірмеу – басты міндет.

IMG_7131Алтын ұя мектебің – екінші үйің. Осында алғаш жүрексіне кірген балақан есейіп, ақыл толықтырып, ересек өмірге қадам басады. Өзіне айнымас достар тауып, балалық шағы мен есею кезеңдерін басынан бірге өткізеді. Бірнеше жыл бірге оқып, кейін қимай қоштасады. Ал, сыныптан сыныпқа көшкен сайын бір-біріне деген бауырмалдық қалыптасады. Міне, үш ай бойы тынығып, күш жинап, жаздың әр күнін қызықты өткізген балалар алғашқы қоңырау соғылатын күнді асыға күтті. Әсіресе, бірінші сыныпқа баратын балақай үшін бұл ерекше сәт. Бұған дейін балабақша тәрбиесін көрген олар енді партаға отырып, түрлі пәндер бойынша білімін тереңдетеді. Мектепте оқудың жауапкершілігін сезіне бастайды.

Биыл қаладағы 24 мектепте 22 мыңнан астам бала білім алатын болады. Оның 2800-і бірінші сынып табалдырығын аттады. Қоңырау үні сыңғыр-лап, жүрегі лүпіл қаққан оқушылар сыныптарына өтіп, алғашқы сабақ Отанына деген адалдық, сүйіспеншілік, Елбасының алға қойған міндеттері үдесінен шығу тақырыбына арналды.

Көкшетау қаласындағы №13 экологиялық мектеп-гимназиясының табалдырығын аттап, бірінші сынып партасына отыратын балдырғандар ертемен білім ошағына ата-анасымен асыға жетті. Ақ бантик тағынған қыздар, галстук салып, салмақтана түскен ұлдар алғашқы ұстазын көруге ынтық. Бірі әжесінің, бірі атасының еркесі. Мектеп деген алып кемеге мінуге жүрексінгендері ата-анасының құшағынан шыға алар емес. Ал, енді бірі жүгіріп барып, мұғаліміне гүл шоқтарын ұсынып та жатыр. №13 экологиялық мектеп-гимназиясының ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтаған қала әкімі Ермек Маржықпаев біздің ел білім алудың жаңа сатысына қадам басқанын, мектептердің материалдық базасы нығайғанын, білікті мұғалімдер қатары өсе түскенін атап өтті. Аталған білім ошағындағы өз ісінің шеберлерінің есімін ерекшеледі. Жаңа оқу жылында ұстаздар мен оқушыларға тек табыстар тіледі. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, төменгі сынып оқушыларына арналған қызықты ойын ойналды. Қоңырау үні сыңғырлап, оқушылар сағына қауышқан достарымен сыныптарына қадам басты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс