Соғысқа қатысқан ақмолалық дивизиялар

Əлем тарихында 1939 жылы 1 қыркүйекте гитлершіл Германия Польшаға тұтқиылдан шабуыл жасап, Екінші дүниежүзілік соғыстың өртін тұтатты. Содан бері 80 жылға таяу уақыт өтсе де, адамзат өз тарихындағы осынау қасіретті жылдарға қайта-қайта үңіліп, соғыстың қарсаңындағы жағдайға, оның басталуы мен аяқталуына, халықаралық қатынастардың соғыстан кейінгі дамуына байланысты көптеген жайттарды субъективті түрде қабылдаудан, шындықты қасақана бүр-кемелеуден туындаған талас-тартыстар әлі де толастар емес.
Батырлар шыққан
өлке еді….
Ал, дәл осы қырғи-қабақ соғыстың басталуына себепші болған 1939 жылы Ақмола облысы қайта құрылып, Ақмола қаласы облыстық əкімшілік орталық болып белгіленген болатын. Соғыс басталғанда Ақмола қаласында əскери құрамалардан – 310, 387, 29-атқыштар жəне 106-атты əскер дивизиялары құрылды. Олар Ақмола, Қарағанды жəне Қостанай облыстарынан алынған адамдардан жасақталды. Ақмола қаласынан шақырылған 14723 сарбаз аталмыш жəне басқа да құрамалар сапында Отанымыздың бостандығы мен бейбіт ғұмыры үшін жан аямай кескекті күреске қатысты. Олардың жартысы, яғни 7 414 майдангер ерлікпен қаза тапты. Майданда көрсеткен ерліктері үшін көптеген ақмолалық майдангер ордендермен жəне медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, 41 адамға ең жоғарғы награда – Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, жетеуі «Даңқ» орденінің толық иегері болды. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры атағына екі мəрте ие болған ұшқыш,
генерал-майор Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, Ақан Құрманов, Əлмұхан Сембинов, Виктор Малышев, Юрий Малахов, Алексей Петров, Михайл Сальников, «Халық Қаһарманы», Рейхстагқа жеңіс туын тіккендердің бірі Рақымжан Қошқарбаев жəне басқалар бар.
2019-05-03_15-57-50Соғыс басталған 1941 жылдың 25 шілдесінде Ақмолада жасақталған 310-атқыштар дивизиясы сол жылдың қыркүйегінде Ленинград майданында фашистерге қарсы ұрысқа кіріседі. Аталмыш дивизияның жауынгерлері əйгілі «Өмір жолын» құруды қамтамасыз етті. Сондағы Ладога көлінің мұзы арқылы Ленинградқа азық-түлік пен жүк тасыған жауынгер-жүргізушілердің жартысы біздің жерлестеріміз еді. Дивизия Новгород, Ленинград жəне Псков облыстарын, Польшаны басқыншылардан азат етті, жаудың Шығыс Померан, Берлин əскери тобын талқандауға қатысты, Эльбаға дейін барды. Соғыс жылдарында дивизияның қаһармандығы құрметіне Мəскеуде алты рет салют атылды. Даңқты генерал Сағадат Нұрмағамбетов осы дивизия құрамында шайқасқан.
Ақмолада жасақталған 387-атқыштар дивизиясы 1941 жылдың қараша айында Батыс майдан құрамында ұрысқа қатысты. 1942 жылдың желтоқсанында Сталинград түбінде кескілескен майданда болды. 1944 жылы Қырым үшін шайқаста Прекоп қаласын азат еткені үшін ақмолалық құрамға «Прекоп дивизиясы» деген құрметті атақ берілді. Ал, ақмолалық 29-атқыштар дивизиясы Сталинград үшін шайқастағы ерлігі үшін 72-гвардиялық дивизия болып аталды. Оның 31 жауынгері мен командиріне ең жоғарғы марапат – Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ақмола жерінде, сондай-ақ, 106-атты əскерлер дивизиясы, 54-марштық автомобиль батальоны жасақталды. Осы облыстан майданға алынған жауынгерлер басқа да əскери құрамалар мен бөлімшелер құрамында болып, барлық жерде де табандылықпен қорғай алатын нағыз, ержүрек жа-уынгерлер ретінде таныла білді. Жоғарыда аталған ақмолалық əскери дивизиялардың соғысқа қатысуы жəне ерліктері туралы нақты деректер Мəскеу қаласының жанындағы Подольскіде Ұлы Отан соғысының тарихына қатысты мұрағат құжаттарында жинақталған. Ол мұрағат қорларының ішінен Астана қалалық мұрағатына бірқатар құжаттардың көшірмелері жеткізілді.
Жорық жолдары мен ерліктері
Енді, осы ақмолалық əскери құрамалардың соғыстағы жорық жолдары мен ерліктеріне қатысты мұрағат деректерінен аз-кем хабардар еткіміз келіп отыр: Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 29-шы атқыштар дивизиясы 1941 жылы Ақмолада жасақталғаны туралы мəліметті нақтылай түсетін мұрағат деректері бар екен. Тіпті, бұл əскери дивизия 1941 жылы И.В.Сталиннің бұйрығымен құрылып, 1942 жылдың сəуір айында 1-ші резервтік армия деп саналыпты. Дивизия құрамына кіргендер: 106, 128, 299-атқыштар полкі, 77-ші артиллериялық полк, арнайы танкке қарсы атқыштар дивизиясы жəне жеке саперлер батальоны. Əскери дивизияның жеке құрамасы Ақмола, Қарағанды жəне Солтүстік Қазақстан облыстарынан əскерге шақырылған азаматтардан құралып аттанған, кейінірек оларға Украина жəне Белоруссия жерлерінен жауынгерлер қосылған. Олар əскери ұрыс өнерін меңгеруге талпынып, майданға аттануға дайын тұрған, жалындаған жігерлі жастар еді. Яғни, жауынгерлердің əскери жаттығулары да қыстың қақаған суығында өткенге ұқсайды. Олардың əрқайсысы тактика жаттығуы, ұзаққа созылған сапардағы сап түзеп жүру сияқты дайындықтар жасаудан бастады. Қиын жəне ауыр жолға, жан қинарлық жаттығуларға ешкім шағымданбаған. Өйткені, соғыс бұдан да қиын түсетіні белгілі еді. Сондықтан, əркім оны жақсы түсінді. Дивизия майдан даласына келіп кіріскен 1942 жылы 3 тамызда Дон өзенінен неміс-фашист басқыншылары шайқаса отырып, көптеген шығындармен Котельниково қаласын алып, солтүстік-шығысқа қарай жылжыған еді. Дəл осы тұста əскери дивизия командирінің бұйрығымен Ақсай өзенінде қорғаныс амалдары ұйымдастырылып, 6 тамызда қарсылас жаққа ұрыс салды. Бұл жерде ұрысқа қатысқандар 128-атқыштар полкі мен 106-атқыштар полкі болды. Шайқаста жау жағынан жүздеген танктер мен ұшақтар аттандырылған. Соңынан шеру тартқан неміс солдаттары бірінен кейін бірі шайқасуға бетпе-бет келген. Бірақ кеңестік əскер өзінің табандылығымен қарсы тұрды. Екі жақтың шайқасы кезінде немістер жағынан 1200 солдат жəне офицерінің көзі жойылып, көптеген танктері талқандалды. Шайқас болған 7-10 тамыз күндері неміс əскерінің жекелеген құрамаларынан бір жарым батальон жаяу əскері жер жастандырылған. Ал, тұтқынға түскен фашист әскерінің саны шамамен 960-тай болған.Осы шайқас әрі қарай басқа əскери құрамалар арасында жалғасып, 29 тамызда немістер өз əскери топтарының күшін біріктіріп, танк жəне ұшақтармен қоршауды бұзып шығуға ұмтылды. Котельниково қаласының маңындағы шегіншектеп салған ұрыстың нəтижесінде, неміс əскері қоршауды бұзып, 29-шы атқыштар дивизиясының өзін шеңбер тəрізді қоршауға алады. Бұл жерден кеңестік əскери дивизия 31 тамызда құтылып шыққан. Ал, неміс əскері Сталинградқа келіп жеткен. Дəл осы сəтте 29-шы əскери дивизия жауынгерлері 1942 жылдың 2 қыркүйегінде Сталинградтың оңтүстік жағын қорғаныс жасауға бекінген. Осы жерде ентелеп келген жау əскері тоқтатылды. Осы 72-ші атқыштар дивизиясының Сталинградты қорғауға қатысуы 1942 жылдың 1 қыркүйегінде Сталинград майданын ашу туралы бұйрықпен тұспа-тұс келді. Онда армияға жау əскерін Еділ (Волга) өзенінен өткізбеу, қаланы қорғау тапсырылған еді. Бүкіл халықтың талабы солай. Ал, əскери кеңес барлық жауынгерлерден, командирлерден, саяси басқарма адамдары мен басқа да қорғаушылардан табандылықпен қорғауды сұраған. Дəл осы жерде немістер Сталинградты жаулап алып, Мəскеуге өтуді мақсат еткен. Шайқас басталардың алдында неміс əскері кеңес əскерлеріне психологиялық жағынан үрей туғызу үшін бастарындағы каскаларын шешіп, тұс-тұстан андағайлап шабуылға шығады. Бірақ олардан Кеңес əскері қорыққан жоқ, керісінше табандылықпен қарсы тұрып, лейтенант Каляданың ротасы немістердің үш мəрте шабуылына қарсы тұрды. Қақтығыста немістер жағынан 300 солдат пен офицер қаза тапқан. Сондай ерлік көрсеткендердің қатарында политрук Рязановтың автомат асынған 10 жауынгері де болды. Олар немістердің тегеурінді шабуылына қарсы тұрып, бір батальон жау əскерімен шайқаса отырып, қоршауды бұзып шыққан. Шайқасқа қатысқандардың арасында мергендер құрамалары да болған. Мəселен, 99-шы атқыштар полкінен кіші политрук Савченко көптеген немістердің көзін жойды. Ол кейбір күндері 12 жау солдатының көзін жойған. Ал, мерген кіші лейтенант Иванов 71, мерген Мишин 20 немісті атып түсірген. Осылар сияқты, т.б. мергендер баспалап келген жау әскерін жайратуға өз үлестерін қосты. Сөйтіп, барлығы өздерінің Отан алдындағы борыштарын адал атқаруға тырысты.
Жалпы, қорытындылай келгенде, Ақмола жерінде құрылып, майданға аттанған əскери дивизиялар түрлі жерлерде шайқастарға қатысып, Кеңес Одағының əр республикасынан келген жауынгерлермен бірге ерлік көрсетті. Жараланып аман оралғандары көп, тіпті тең жартысы соғыстан қайтпай қалды. Осы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, өмірлерін қиған жандардың бар алға қойған мақсаты – келешек жас ұрпақтың бақытты да бейбіт өмір сүруіне жағдай жасау болатын. Сондықтан, қазіргі жас ұрпақ соғыс жылдарында жанын қиып, Отан қорғау жолында шаһид болған аға буынның рухына тағзым етіп, əрқашан естерінде сақтауы тиіс.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
Мемлекет тарихы
институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылым-дарының кандидаты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий